Бәкір Нұрмағанбетов. Түйсікпен шыңдалған талант

Oinet.kz 14-11-2013 933

Зағиптықтан қос жанарын қараңғылық жапқан адамдардың өмірі айналаға жұмбақ көрінетіні рас. Көшеде қолына таяқ ұстап, аяқтарын аңдап басып бара жатқан пендені көрсек көкейде «осылар жарық дүнеиені, қоршаған ортаны көрмей  қалай өмір сүреді екен, қалай білім алып, немен айналысады екен?» деген сияқты сұрақтар  туындап жатады. Мен жиын-тойларда  үнемі көзілдірік киіп, домбырада ән айтатын бір кісіні жиі көретін едім. Жақында сол кісімен ашық сөйлесудің сәті түсті.                  

Screenshot_4.jpg

Ол ержеткенге дейін ауылда қатарластарымен бірге күліп-ойнап, көзі көретін, он екі мүшесі сау жігіт болыпты. Оңтүстіктің шұрайлы жері Түлкібас ауданының Жаскешу ауылының көк шалғынына аунап өскен ол орта мектепті тәмамдаған соң   Қарағанды қаласына оқуға түсуге аттанады. Бірақ сәті түспей студент атана алмағандықтан Теміртау қаласына металлургия зауытына қарапайым жұмысқа орналасады. Бір жылдан кейін Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырту алады. Сонау Ауғанстан жеріне жіберілген қатардағы сарбаз 1980 жылы ауыр жарақат алып, небәрі жиырмаға енді толғанда  тағдыр оны қос  жанарынан мәңгілікке айырды. Кеңес әскерінің бірінші топтағы көз мүгедегі болып ауылына оралған Бәкір Нұрмағанбетов осында қалған сүйген қызына үйленіп, екі қыз, бір ұлды болады.  Кезінде оқуға түсе алмағаннан кейін Шымкент қаласына келіп, білімін жетілдіруге бел байлайды. Шаһардағы Әл-Фараби атындағы мәдениет-педагогикалық институтына келіп ұйымдастырушы-әдіскер мамандығын таңдаған кезде оқу орнының басшылығы «сіз оқуға түсу үшін алдымен жұртпен бірге диктант жазуыңыз керек. Ол үшін зағиптардың оқу-жазуына арналған Брайль жүйесін (бедерлі нүктелі шрифт) меңгергеніңіз абзал» деп кеңес береді. Содан облыстық соқырлар  мен нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханаға келіп бір жылдай осы жүйені меңгеріп шығып, көздеген мақсатына қол жеткізеді. Жастайынан өз бетінше еңбек етіп, біреуге тәуелді болуды ұнатпайтын ол оқи жүріп «Қазақ зағиптар қоғамында» өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Өзі секілді талай зағиптардың тағдырына куә болып, олардың өмірден өз орындарын табуға барын салады. Бірнеше жыл қызмет ете жүріп, сол қоғамның директоры қызметіне тағайындалады. Өкінішке қарай «Қазақ зағиптар қоғамы» әкімдік тарапынан қаржылай қолдау көрсетілмегендіктен жабылып қалады.  Кейіннен бос уақытының көбісін өткізетін  облыстық соқырлар мен нашар көретін азаматтарға  арналған кітапхананың дыбыс жазу студиясына меңгеруші болып жұмысқа орналасады. Жұмысына жан-тәнімен берілген Бәкір Нұрмағанбетов қазір сол кітапхананың директорының орынбасары қызметін атқаруда.    

- Әр түрлі жағдайларға байланысты соқырға айналғандардың көбісі қоршаған ортадан алыстап, көшеге шығуға ұялады, ортамен араласуды қояды. Сондай жандардың көбісі осы кітапханаға келу арқылы елмен араласып, өмірлік көзқарастары өзгеруде. Бүгінде зағип жандарға оқып-жазудан бөлек заманға сай компьютерді білмесе жұмысқа орналасуы қиын. Сол себепті кітапханада тифло педагогтар осы құрылғыға оқырмандарды үйретеді. Осы жерден компьютерді үйреніп талай адамдар сертификат алуда.  Қамкөңіл жандардың арасында түрлі байқаулар, жарыстар ұйымдастырып, олардың мүмкіндіктерін ашуға тырысамыз. Сол байқаулардың арқасында қаншама зағиптар өнерлерін өрістетті.    Кітапхананың әр аудандарда 14 филиалы жұмыс істейді. Қорымызда 185 мың дыбысталған, 158 мың Брайль жүйесімен басылған кітаптарымыз бар. Облыста 5 мыңға жуық оқырмандарымыз болса, оның екі мыңға жуығы  Шымқалада тұрады. Сол азаматтардың барлығы көп уақыттарын осы жерде өткізеді. Білесіз бе, зағиптардың бос уақыттары көп болғандықтан өте белсенді оқырмандардың қатарына жатады. Шынын айтсақ қазір олардың сұраныстарының барлығын қанағаттандыра алмай жатырмыз. Мекемедегі кітаптардың көбісі кеңес үкіметінен қалған орыс тілді кітаптар болғандықтан, қазіргі зағиптар  қазақ тілді кітаптарға көп сұраныс білдіріп жатыр. Сол себепті өзіміздің кішігірім дыбыс жазу студиямызда орыс тілді кітаптарды қазақ тіліне дыбыстаудамыз. 1991 жылдан кейін Брайль жүйесімен басылатын кітаптар бізге берілмеді. Себебі олардың барлығы Ресейдің баспаханаларынан шығатын. Ал Республикамызда мұндай кітаптарды басатын баспахана әзірге жоқ. Осы кітапхананың ішінде 5 қызметкерден құралған баспаханамыз бар. Өндірістік қуаты аз болса да оқырмандарымызға қажетті бедерлі нүктелі шрифтпен басылған кітаптарды басып шығарудамыз. Кітап басу қиын шаруа. Кітапқа қажетті қағазды Ресейден қымбат ақшаға алдырамыз. Алдағы уақытта қаражат табылса баспахананы үлкейту жоспарымызда бар.  Өзім бала күнімнен кітапқа жаным құмар болды. Әсіресе тарихи кітаптарды оқығанды ұнатамын. Ілия Есенберлиннің шығармаларын жаныма жақын тұтамын. Теледидардан шетелде, елімізде орын алып жатқан жаңалықтарды қалт жіберген емеспін,--деді ол ағына жарыла әңгімелесіп.   

Жоғарыда айтқанымдай зағип жан қолынан гитара мен домбырасын тастаған емес. Бала кезінен меңгерген аспаптары әркез оның жанына жалау болған. Қалаға келгеннен кейін жанарынан айырылған досы екеуі сау жігіттердің басып жинап «Көңілашар» ансамблін құрады. «Жұрттың көңілінен бірдей шығу мүмкін емес. Ән айтып тұрғанда халықтың бізді қалай қабылдап тұрғанын біз көре алмаймыз. Ансамбльдің атауын бұлай атаған себебіміз өзіміздің жабырқаған көңілімізді ашар деген ниетпен қойдық. Себебі біздің де өзгелер секілді өмірдің қызығын көруге, бақытты болуға, сүйікті ісімізбен айналысуға құқығымыз бар. Демалыс күндері осылай ән шырқап, домбыра шертіп жұрттың да, өзіміздің де көңілімізді көтеріп жүреміз. Қарттар, балалар, ардагерлер үйіне, түрлі мекемелерге барып қайырымдылық концерттер де беріп тұрамыз»,- дейді ол.      Зағип жандар үшін түйсіктің бірінші орында тұратынын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Бәкір Нұрмағанбетов те «көзім көрмесе де сөйлесіп отырған адамның дауысына қарап қандай көңіл-күйде отырғанын ажырата  аламын. Адамда көру, иіс сезу, есту қабілеттері болады ғой. Көзі көрмейтін жандардың  он екі мүшесі сау адамдарға қарағанда есту, сезу  қабілеті әлдеқайда жоғары болады» деген оның сөзіне қарап түйсіктің олар үшін қаншалықты маңызды екеніне көз жеткіздім.  Балаларының түр-әлпетін көре алмаса да солардың амандығын тілеп отыр. Одан әрі жалғасқан  жұбанышы ұл-қыздарынан тараған немерелері.  «Бұл жалғанда мені құдай қосқан қосағымнан артық ешкім түсінбейді» деген ол бар сырын жарымен ғана бөлісетінін айтты. 

Соңғы «Халық әртісін» соңғы сапарға шығарып салуға шымкенттік шенеуніктер уақыт таппады
Осы жұрт Иманжүсіпті біле ме екен?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу