Соңғы «Халық әртісін» соңғы сапарға шығарып салуға шымкенттік шенеуніктер уақыт таппады

Oinet.kz 19-09-2013 1045

«Кейінгі кездері көңіл-күйім де жоқ. Үйдегі апаңның халі нашарлап барады. Инсулт алғалы көптен бері төсек тартып жатыр. Өзімнің де денсаулығым мәз емес. Жетпісінші жылдары ғой деймін, театрда «Ажар мен ажал» деген қойылымға дайындық жүргізіп жатқан болатынбыз. Оқиға желісі 1916 жылғы дүрбелең кезі. Мен болыстың рөлін ойнаймын. Қойылымда болыстың үйдің үстіне шығып, халыққа қарап күшеніп сөз сөйлейтін жері бар. Сөзді айтып біткен соң шабарманым болып ойнаған кісінің демеуімен жерге түсуім керек еді. Бірақ ана кісі кібіртіктеп түсе алмады. Содан өзім түсе берейін деп сатыны басып кеп қалғанмын. Техникалық қызметкерлердің қателігі ғой, сатының шегесі шығып кетті. Көрейін деп тұрған азабым шығар, төрт метр биіктіктен оңбай құладым. Театрға дереу жедел-жәрдем шақырылып, екі ай аурханада жаттым. Жұлыныма зақым келген екен. Мұны айтып отырған себебім, жұлын мен жүйке бір-бірімен тығыз байланысты ғой. Қартайған сайын сол ауруларым маза бермей келеді». 

Screenshot_11.jpg

Қазақстанның «Халық әртісі», «Парасат» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысындағы қазақ өнерінің ең тарихы терең қарашаңырағы  атанған Жұмат Шанин атындағы драма театрдың актері Ақсақал Қалмырзаев екеуміз  біршама уақыт бұрын сыр бөлісе сөйлескенімізде осылай деп еді. Өнердің өресі биік ақсақалы ретінде қалың ел ерекше қадірлейтін Ақсақал Қалмырзаев туралы енді «еді» деп, тек өткен шақпен сөйлейтініміз өкінішті-ақ. Осынау қайталанбас өнер тарланы өткен айда, тамыздың тамылжыған күнінде  дүние салды. Сексенге қараған шағында. Ол өмірін, өнерін арнаған Шанин театры биыл 80-шы маусымын бастады. Сәтін салса, келер жылы сексен жылдығын тойламақ.   Оған осы мерейтойды көру, әртістердің ең жасы үлкен ақсақалы ретінде төрде отыру жазбаған екен. 

Ақсақал Қалмырзаев өмірінің соңғы жылдарында біраз қиындықты бастан кешірді. Өзін соншалықты аялап ұстаған зайыбынан айрылды. Ғылым жолын қуған жалғыз ұлы Алтай шетелде. Қыздары өз алдарына отбасылы болып кеткен. Жалғыздықтың жасы келген адамға оңай соқпасы белгілі ғой. Бірақ қандай қиындық көрсе де өмірінің соңына дейін өнерге деген шынайы сүйіспеншілігінен, адалдығынан танбады. Денсаулығының сыр бермегеніне қарамастан өзінің алпыс жылдық ғұмырын арнаған Шанин театрынан қол үзген жоқ. Әріптестері оның сахнаға шыққан кезде бар ауруын ұмытып, тек өзіне тән қимыл-қозғалысымен, дауыс мәнерімен қайта табысатынына таңданатын. Қайтыс боларының алдында  театрдың директоры Бастарбек Пірімбетовке  телефон шалып, «Театрға баруға денсаулығым  көтермей жүр. Егер жұмыстан кетіңіз десеңіз, қоя салайын» депті. Директор «Жо-жоқ, қайдағы айтпаңыз, Сіз театрға керексіз. Жастарға Сіздің тәлім-тәрбиеңіз қажет. Денсаулығыңызды түзеп болған соң, жұмысқа қайта шығыңыз» деген екен.  

Ақсақал Қалмырзаевтың еңбек кітапшасында Шанин театрына «жұмысқа қабылданды» деген бір ғана сөз бар. Елуінші жылдары Ташкенттегi Ортаазиялық А.Н.Островский (қазiргi Абрар Хидоятов) атындағы ГИТИС-тiң актер факультетiн бітіріп келгеннен бері ол тек осы қарашаңырақта қызмет етті. Атақ-даңқ іздеп, Алматыға кеткен жоқ. Атақ-даңқ оны Шымкенттен өзі іздеп тапты.  

Ақсақалды Ақсақал еткен Б.Майлиннің «Шұғаның белгісіндегі» Әбіш рөлі еді дейді әріптестері. «Талай тарлан, талантты актерлер бұл бейненi сомдады. Алайда, Әбiштi Ақсақал Қалмырзаевтай шырқау биiгiне жеткiзiп, әсем даусымен аққудың арылуындай шырқырата алып шыққан ешкiм жоқ»--дейді Ақаңның үзеңгілес серігі Мәжит Илясқар. Ал, Қ. Бекқожиннің «Ұлан асуындағы» Абылай хан Ақсақал Қалмырзаевтың шоқтығы биіктігі, оның актерлік шеберлігінің шыңы деуге болады. Бұған уақтысында театр сыншысы Б.Құндақбаев “Актер А.Қалмырзаевтың сомдаған Абылай ханы жалғыз Шымкент театрының ғана емес, бүкiл қазақ өнерiнiң қол жеткен табысы” деген баға беріпті. Ал белгілі театр сыншысы Ә.Сығай  “Сахна саңлақтары” кiтабында “Ақсақалдың сөз сабақтауы, тайға таңба басқандай астарлы тiлi, айқын дикциясы, дауыс ырғағындағы, салған әнiндегi шынайылық, тыныс ұстар тұстағы мөлшерлi есебi, ар жақтан лүпiлдей, кемерiне сыймай шиыршықтана шығып жатқан жан дiрiлiн жүзiне лық еткiзiп жайып жiбере салмай, бет құбылысындағы өзгерiстердi, жалпы iшкi эмоциялық сезiмге сайма-сай бере бiлуi актерлiк мәдениетiнiң салауаттылығына байланысты. Ол қалыптасқан бiрыңғай позалардан, қайталама қимыл-қозғалыстардан ада” деп жазды.

«Халық әртісінің»  құр атағынан басқа қызығы қалмады. Бір айлықтың бетіне қарап отырамыз. Менің той-томалақ жағалауға намысым да, жасым да сәйкес келмейді. Біреуге жалынышты болу о бастан табиғатымда жоқ» деген еді бір сырласқан сәтімізде ол. Мұны неге айтып отырмыз? Айтып отырған себебіміз, көзі тірісінде «Халық әртісінің»  қадірін біле алдық па, бағасын түсіне алдық па? Әй, қайдам? Бағалай білмеген сияқтымыз. Қадірлей алмаған сияқтымыз. Театрда өткен марқұммен қоштасу рәсіміне облыс әкімдігінен бірде бір лауазымды басшының келмеуі осы ащы шындықтың бетін ашып тұр емес пе?! Мұндай қаралы жиынды өткізуді  тек мәдениет саласы мен осы саланың жұмысын үйлестіруге жауапты адамдарға ғана жүктей салумен шектелу ақылға қонбайтын, ақталуға жатпайтын-ақ тірлік. 

aa1a93d36030fe77061df0d0077e1274.jpg

- Егер облыс басшылары  естімей қалса, түсінуге болады. Естіп тұрып келмей қалғандары ұят тірлік болды. Ал Астанадағы Мәдениет және ақпарат министрлігі арнайы  өкіл жібермесе де көңіл айту жеделхатын жолдаса жарасар еді. Атқарушы биліктегі басшылар өнер үшін қуанып, өнер үшін қайғыра алмаған соң не дейміз? Есесіне Ақсақал ағаны қарапайым халық қатты қадірлейді  екен. Театрда өткен қоштасу рәсіміне 200-300-дей қаралы кісі жиналды.  Әйтеуір, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен белгілі жазушы Мархабат Байғұтттың елдің ортасында жүруі көңілге ептеп демеу болды,--дейді Ақсақал ағасының елу жыл өмірде де, сахнада бірге жүрген серігі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ошат Рахимов.

«Халық әртісі»  қайтыс болар күні «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Мәжіт Илясқардың Ақсақал Қалмырзаевтың шығармашылығына арналған  «Ата театрдың ақсақалы» деген тақырыппен көлемді мақаласы дайындалып жатқан екен. Суық хабар мақала газетке беттеліп жатқан кезде жеткен. Мақаланың астында Ақсақал Қалмырзаевтың қайтыс болғаны туралы қаралы хабар да қоса жарияланады. Өнердегі, өмірдегі серігі Ошат Рахимовтың «облыс   басшыларының естіп тұрып қаралы жиынға келмей қалғандары ұят тірлік болды» деуі осыдан. Әлде облыстың басшылары, әсіресе идеология саласына жауапты шенеуніктері  газет оқымай ма? Қанша жерден ақталса да Оңтүстік Қазақстан облысындағы соңғы «Халық әртісін»  соңғы сапарға шығарып салуға уақыт таппаған атқарушы биліктегі басшылардың мұнысы расында да ұят тірлік болды. Жергілікті шенеуніктер осынау орны бөлек ауыр қазаға шекеден қарағаны аздай  Астана жақ, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігі  арнайы өкіл жіберу былай тұрсын тым болмаса көңіл айту жеделхатын жолдамағаны  қынжылтады. Жайшылықта той-томалақта, мерейтой өткізер кезде Алматы, Астана жақтан ағылып келіп Шымкенттен шықпай шыр айналып жүріп алатын атақ-даңқы дардай зиялы азаматтар Ақсақал Қалмырзаевтың жаназасы күні көпшіліктің көзіне көрінбегені де көңілге қаяу салады екен. 

76a194c407aad13cf2298e6971566385.jpg

Жалпы, Қазақстанда «Халық әртісі» атағы отызыншы жылдардан бастап берілді. 1999 жылдан бастап бұл атақты беру тоқтатылды. «Халық әртісі» атанған алғашқылардың бірі қазақ кәсіби театрының негізін қалаған Жұмат Шанин екен. Ал оның есімімен аталатын театрда бұл атақты алған актерлер  бар-жоғы екеу ғана. Екеудің бірі, былтыр осы театрда «Халық әртісі» Айша Абдуллина өзінің 96 жылдық мерейтойын атап өтті.Сұрастырып білгеніміз, жалғыздықтан жабырқаған Айша апамыз осыдан кейін Шымкенттегі пәтерін сатып, Қырғызстандағы қызының қолына көшіп кетіпті. Ал, екінші «Халық әртісі» Ақсақал Қалмырзаевты күні кеше қайтпас сапарға шығарып салдық. Енді Шымкентте театр актерлерінің арасында «Халық әртісі» атағы бар ешкім қалған жоқ.  

Қай стақан ұнайды? (психологиялық тест)
Бәкір Нұрмағанбетов. Түйсікпен шыңдалған талант
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу