Бибігүл Иманғазина. Ғасырдан да ұзақ жас
Бибігүл Иманғазина, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «БИБІ-АНА» қайырымдылық қорының президенті
«Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ІІ топтағы мүгедек ана, жазушы Бибігүл Иманғазина оқырманға «Тауқымет» атты романымен өте жақсы таныс. Жазушы 1995 жылы «Оқырманы көп автор» деген арнайы дипломға ие болған. Бұл жазушы шығармашылығының қалың оқырманға қаншалықты жақын екендігінің бір мысалы ғана.
Өз өмірінен жазылған «Тауқымет» атты роман шынайылығымен оқырмандарды баурап алады. Небары он жеті жасында бір қаныпезердің кесірінен мүгедектікке душар болған өрімдей жас қыз өзіне-өзі: «Осыдан аман-есен сауығып, ел қатарына қосылып, екі аяғымнан тұрар болсам, барлық мүгедектерге, жетімдерге қолымнан келген көмегімді жасауға тырысамын», –деп серт береді. Қайсар қыз сөзінде тұрып, бүгінде ел аузында Бибі-ана деген атпен белгілі. «Бибі-ана» қайырымдылық қорының президенті ретінде еліміздегі мүгедек әйелдердің жоғын жоқтап жүрген жан. Ең әуелі Алматы қаласында мүгедек аналардың қоғамын құрып, бүгінде еліміздің әр өңірінде осындай қоғамдар құруға ұйытқы болды.
Бүгінде жетпіс бес жастың төріне көтеріліп келе жатқан Бибі-анамен әдемі қартая білу үшін не істеу керек және қартаяғанда да саламатты өмір салтын ұстану үшін адамның бойында қандай мінез-құлық қалыптасу керек деген тақырып төңірегінде әңгімелескен едік. Бибі-ананың сөзін қаз-қалпында оқырманға ұсынғанды дұрыс деп шештік…
Ілгеріде Роза Бағланова менен: «Осы саған қандай әйелдер ұнамайды?», – деп сұрағаны бар. «Күн жаумай су болып жүретін әйелдер ұнамайды», – деп едім сонда. Роза Бағланова өзінің әсем күлкісімен бір сыңғырлап күліп алды да: «Осы сөзіңді тарқатып айтып берші, кәне», – деді. «Ол, әуелі қолында барын ұқсата алмайтын, екінші, өмір бойы әлденеге көңілі толмайтын, үшінші, үйіне келген қонағына бір шәугім шәйін дұрыстап бере алмайтын әйелдер», – деген едім мен сонда.
Шынында да, осы күні қазақтың әйелдері болсын, ер-азаматтары болсын, жасым келді екен деп, бірден еңкіш тартып, есігін қағып келген кәрілікке мойынсұна салады. Қарттық деген ақылы, ойы толысқан, өмірден көрген, түйгеніңді кейінгі буынға үлгі-өнеге қылып берер жас емес пе еді? Баяғының қарттары қандай еді? Өзіміз көзін көрген қариялар ақылы мен көрген-білгенін біздің санамызға құйып отыратын. Онысынан бөлек, қыс қыстауда, жаз жайлауда аттан түспейтін, алыстағыны шолған көздері де қырағы еді, жарықтықтардың.
Өзің білесің, қазақта ұзақ жасаған адам туралы әңгіме өте көп. Басқаны айтпағанның өзінде Желмаясына мініп алып, Жерұйығын іздеген Асан қайғы үш жүз жыл жасаған деседі.
Ескінің сөзін қозғап отырған себебім, бүгінгі күні деұзақ өмір сүру мәселесі өзекті. Тағы бір өзекті мәселе – дүниежүзі халқының тұтас қартайып бара жатқан тағдыры. Сарапшы мамандар АҚШ-тағы қарт адамдардың үлесі – 19,7%, Германияда– 23,2%, Ұлыбританияда – 28%, Жапон елінде– 32,3%-ға жеткенін айтып дабыл қаққалы да бірнеше жылдың жүзі болды. Өзге елдің жағдайын айтқанда, өзіміздікін жасырып қала алмаймыз, Қазақстан халқының да орташа жасын анықтағанда – ел тұрғындарының қартайып бара жатқанын байқауға болады. Ғалымдар, дәрігерлер 2050 жылдарға қарай еліміздің әрбір төртінші тұрғынының жасы алпыстан асады деп болжап отыр.
Қартын қадірлеген елміз ғой, қарияларымыз көбейсе, елге құт келер деп бір жағынан шүкіршілік етсек, бұл мәселенің екінші ұшы бары да еске түседі. Еліміздің көп бөлігі қарттарға айналса, Қазақстан экономикасында, руханиятында, қоғамында кімдер еңбектенбек?
Еуропа жұрты бұл мәселені өз білгендерімен шешіп қойды: жан-жақтан еңбек мигранттарын шақыра бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының 2030 жылдарға дейінгі Әлеуметтік даму жалпыхалықтықтұжырымдамасында: «Кез келген жастағы адамдар қоғамның әлеуметтік-экономикалық өміріне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Егде жастағы адамдардың өзін-өзі көрсетуі олар жинақтаған бағасыз өмірлік және кәсіби тәжірибені сақтауға және пайдалануға, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – дейді. Рас сөз. Елімізде қарттардың үлес салмағы артса, олар үйлерінде бос қарап отырады дегенді білдірмесе керек.
Осы жерде тағы бір мәселенің бір ұшығы шығады. Еліміздегі қарттар саны артса, оларды емдеу, сауықтыру мәселелері де қоса көбеймеуі үшін не істеу керек? Біздің көкейімізге келген бұл сұрақтың жауабын табуға деген талпыныс осы күннен басталып кеткендей. Қарттыққа мойынсұнбай, белсенді өмір жасын ұзарту мәселесі, яғни қартаюды тежеу мүмкіндігін зерттеулермен айналысып жүрген дәрігерлер де бар екен.
Сол дәрігерлер өмір ұзақтығы мен өмір сапасы тұқым қуалайды (19,2%); мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатына тәуелді (12,5%); экологиялық жағдайлармен де тығыз байланысты(8,1%); географиялық және өзге де жағдаяттардан да тыс қала алмайды (6,5%), ең бастысы өмір салтымен тікелей байланысты (53,7%)деген қорытындыға келген екен. Ендеше, алдыңғы үш фактор бізге жанама қатысты дегенімізбен, төртінші мысал дәл өзімізге байланысты жағдай ғой. Сондықтан да әдемі қартаю үшін, қарттық жеткенде сергек те сырбаз жүре алу үшін осы қазірден бастап саламатты өмір салтын ұстануға көшкен дұрыс. Сол дәрігерлеріңіз тағы да былай дейді: Үздіксіз емдеу-сауықтыру шаралары, әлеуметтік-маңызды аурулар түрін ертерек анықтау, тұрақты бақылау мен сауықтыру, саламатты өмір салтының ең қарқынды технологияларын қолдану арқылы ғана қартаю процесін шектеп қана қоймай, қарт адамдардың белсенді өмір жасын ұзартуға болады дейді.
Ендеше, саламатты өмір салты дегеніміз не?
1. Саламатты өмір салты: жаман әдеттерден арылу – темекі шекпеу, кальян тартпау, күніне үш мезгіл тамақтану, дене салмағын қадағалау;
2. Қоғам өміріне белсене араласу;
3. Көптеген жылдар бойы қалыпты физикалық күш жұмсау (емдік денешынықтыру, жаяу жүру, жүзу, йога);
4. Профилактика мақсатында үздіксіз медициналық бақылаудан өту;
5. Жалпы холестерин мөлшерін бақылап қана қою жеткіліксіз. Сонымен бірге «жақсы» холестерин атымен белгілі өмір ұзақтығы көрсеткіші – липопротенидтердің қалыпты деңгейі және тығыздығы жоғары болуын да қадағалап отыру керек.
Бұған өз тарапымнан қосарым, ұзақ әрі тың өмір сүру үшін адам қайырымдылық шараларын көп жасауы, жаман ойлардан аулақ болуы, әркез жақсылыққа ұмтылуы керек екен. Жаны жақсы адамның өмірі де, айналасы да жақсылыққа толы. Демек, жақсы адам деген сөз: жақсы өмір деген сөзбен бірдей. Жақсы өмірңіз сізді жақсы қарттыққа бастап апарады.
Ұзақ өмір сүруге мүмкіндік беретін әлеуметтік факторлардың ішінде ең маңыздысы интеллектуалды еңбек, тәртіп, дене салмағын қадағалау, қимыл-қозғалыс және құнарлы тағам тұтыну екенін баса айту керек.
Жыл сайын, әр туған күнінде келетін жас бүгінгі ғылыми тілмен айтқанда, адам ағзасының нақты қанша жаста екенін анықтап бере алмайды. Оның себептері өте көп. Түйдей құрдастардың біреуінің әлдеқайда жас, екіншісінің әлдеқайда қартаң көрінуінің себебі не екенін де осы маман дәрігерлер егжей-тегжейлі түсіндіріп бере алады. Біз білген деректе биологиялық жас – адам денсаулығының көрсеткіші екен. Себебі, «биологиялық жас – адамның биологиялық мүмкіндіктеріне сәйкес, ағзаның өмір сүруге құштарлығы» дейді орталық дәрігерлері. Ал адам ағзасының биологиялық мүмкіндіктері әртүрлі. Қарттарды былай қойғанда, осы күні жас адамның да ағзасында әртүрлі ауытқулар бар: біреуінің жүйкесі бұзылған, біреуінің жүрегі ауырады, біреуінің өті толған…
Адам шау тартқанда қимыл-қозғалыс азаятыны белгілі. Біздің елде қарт адамдардың көпшілігі денсаулыққа пайдалы, құнарлы аспен ауқаттана бермейтінін, дұрыс тамақтанбайтынын (яғни диета ұстай қоймайтынын) ескерсек,қозғалысы азайған жанның дене қуатының әлсірей бастағанына қоса, жүйкесі де сыр беретіні түсінікті жайт. Әрине, бұл адамның жеке мінез құлқы-мен өмір сүру дағдысына да байланысты. Кейбір адам қарттық жеткенде тағдырына мойынсұнып жата бермей, бірден өзін қолына алып, денсаулық жағдайына алаңдап, дәрігердің айтқанын істеп, белсенді өмірін жалғастыра береді.
Ал кейбір адамдар, керісінше, бойында күш-қуаты таси тұра, қарттық келген осы деп, күнделікті жүріс-тұрысты кеміткен үстіне кеміте береді.Сөйтіп, адам ағзасының қызмет ету мүмкіндігін кемітеді. Бұл жағдайда адамды ауру айналдырып, төсек тартып жатып қалуы да ғажап емес.
Адам ағзасының түрлі өзгерістерге тез бейімделе алмауы қарттық келгенінің бірден бір көрсеткіші. Сондықтан, қартаймау үшін көп қимылдау керегін дәрігерлер де айтады, оларға қосылмасқа амалың жоқ.
Саламатты өмір салты қарттарға пайдалы. Адам қартайған шағында да дене қозғалысы мен шығармашылық қуатын кемітпесе, ауру да одан айнала қашып, ұзақ уақыт бойы белсенді өмір салтын ұстана алады. Ал біздің қоғамға жай ғана қарт адам емес, көргені мен түйгенін келешек ұрпаққа жеткізуге күш-қуаты толық жететін, тәжірибелі адам көбірек қажет.
Қарттар да еңбекке жарамды бола алады. Олардың бай тәжірибесі мен белсенді өмір салты ел экономикасына өлшеусіз пайда әкеледі. Сондықтан замандастарыма кәрілік жетті екен деп бірден төсекке таңылмай, қоғамға пайда әкелер игі істермен көбірек айналысыңыздар дегім келеді.
Жазып алған Қ.Қойбағарова