Ағзадағы қоқыстан қалай арылуға болады?
Жеген асымыз ішек арқылы екі күндей уақыттан өтетінін мектеп оқулықтарынан білеміз. Ендеше, бір күн тамақ ішпеуді ашырқау деуге де болмас. Егер ішек-қарын жолының ешқандай ауруы болмаса, дұрыс жоспарланған ашырқау ағзаға оң әсерін бермесе, еш зиян тигізбесі анық.
Бір күндік ашығу, яғни ағзаны «демалдыру» нәтижесін көп күттірмейді. Келесі күні-ақ теріңіздің жұмсарып, әрі жылтырай түскенін байқайсыз. Сондай-ақ беттің ісігі азайып, көздің асты да көлкілдеуін қояды. Ішек жолдары тағам қалдықтарынан арылып, асқорыту жүйесінің жұмысы жақсарады.
Десе де, келесі күні ашыққан күннің есесін қайтаруға, яғни тағамға қомағайлана ауыз салуға болмайды. Ағзаны демалдырудың нәтижесі айтарлықтай болсын десеңіз, мұндай ем-шараны тұрақты қайталаңыз.
Осылайша ағзадағы зат алмасу процесін жөнге келтіруге болады. Ал сыртқы түр-әлпетіміздің іш құрылысындағы «жағдайға» тікелей байланысты екенін ескерсек, онда ағзамыздың жұмысын жақсарта отырып, сыртқы сұлулығымызға да көп әсер ететініміз анық.
Ағзаны демалдыра отырып, ми жұмысының белсенділігін арттыруға болады. Сондай-ақ ағзаның түрлі ауруларға қарсы тұру қабілеті де артады. Ашығу жүрек-қан тамырларының ауруын азайтады, иммундық жүйенің жұмысын жақсартады.
Бір күндік ашығу айтарлықтай қиындық туғызбайды. Есесіне, мейлінше жеңілдеп, еңсені басып тұратын «ауырлықтан» да, түрлі ауру мен қомағайлықтан да арылтады.
Дереккөз : anabol.kz