Мұхит Отаршиев: «Масылдық психологиядан арылту – басты назарда»

Oinet.kz 29-11-2017 959

Screenshot_12.jpg

Мұхит Отаршиев, Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы

Келесі жылдан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 296,5 мың адамға, оның ішінде 25 пайызы шартсыз ақшалай көмек және 75 пайызы шартты ақшалай көмек түрінде көрсетілетіні жоспарланды. Еңбекке жарамды 44 мыңнан астам адам жұмыспен қамту бойынша белсенді шаралармен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев сейсенбі күні өткен брифингте хабарлады. 

Әрине, көпшілік жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жайында толыққанды біле бермейді. Осыған орай, басқарма басшысы аталған атаулы көмек жөнінде кеңірек баяндай кетті. Оның айтуынша, Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы әлеуметтік көмектің атаулылығын күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесінде оңтайландыру және жаңғырту жұмыстары өткізілді. Енді екі айдан соң енгізілетін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің қазіргі әлеуметтік төлем түрлерінен өзгешілігі – аз қамтамасыз етілген азаматтарға немесе отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек кешенді болып, өз ішіне үш түрлі мемлекеттік қолдауды алып отыр: 

1. Атаулы әлеуметтік көмек төлемі; 2. Жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, яғни а) жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына жолдау; ә) тұруына, жол жүрісіне, біржолғы ыстық тамағына (техникалық және кәсіптік оқу орындарында білім алған жағдайда) шығыстарды өтей отырып, оқуға жіберу және мемлекет есебінен шәкіртақы төлеу; б) мемлекет есебінен еңбекақысын субсидиялай отырып, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жіберу; в) жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беру; 3. Әлеуметтік қызметке мұқтаж жандарға мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету. Қызметтерді үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қызметкерлер және мемлекеттік медициналық-әлеуметтік ұйымдар көрсете алады. 

Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға қолдау көрсете отырып, кедейшілік шегінен шығару үшін кешенді қарастыруды көздейді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады. 

Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептерге байланысты жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі балалары бар жалғызбасты ана) көрсетілетін болады. Мұндай отбасыларға жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес. 

Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті кем дегенде бір мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға ұсынылады. Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара міндеттер алады: әлеуметтік қызметтер – жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге күш салуға және төлемдерді төлеуге, ал отбасының еңбекке қабілетті мүшелері – отбасын аз қамтылған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына адал қатысуға міндеттеледі. 

- Аз қамтылған отбасының 18 жасқа толған еңбекке қабілетті мүшелері өздеріне әлеуметтік келісімшартта жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда жәрдемақы мөлшерін қысқарту тетігі қарастырылған: бірінші рет – отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің атаулы әлеуметтік көмегі 50 пайызға, ал қайталанған жағдайда 100 пайызға қысқартылады. Бұл ретте әлеуметтік көмек кәмелет жасқа толмаған балаларға және бала күтімімен отырған аналарға толық мөлшерде сақталады, - деп басқарма басшысы Мұхит Отаршиев бұл формат халықты масылдық психологиядан арылтуға зор септігі тиетінін айтты. Енді азаматтар «мемлекет бізді асырау керек» деп қол қусырып отырмайтын болады. 

Сонымен қатар, бұл көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға қазіргі уақытта беріліп отырған келесі үш әлеуметтік төлемді біріктіретін Бірыңғай жәрдемақы болып табылады: а) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан төмен болған жағдайда жанұяның әр мүшесіне берілетін атаулы әлеуметтік көмек; б) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын балалар жәрдемақысы, оның мөлшері биыл 1,05 АЕК немесе 2383 теңгені құрайды; в) кәмелеттік жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы. 

Ең бастысы, бұл формат бойынша адамға жай ақшалай көмек беріліп қана қоймай, оның жұмысқа тұруы үшін көмек көрсетіледі, түрлі қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына жібереді және шағын несие береді. Осылайша, отбасының кедейшілік шегінен шығуға әлеуеті ынталандырылады.  

Латын әліпбиіне көшудің құны қанша тұрады?
Періштелер ұйықтап жатқанда. «Арман» фильмі өз миссиясын орындай алды ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу