«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Шыны керек, әнші Қайрат Нұртас кезінде дүрілдеп тұрған шағында өз командасымен түсірген «Өкініш» фильмі көрермен көңілінен мүлдем шықпай, қатаң сынға ұшырап еді. Жұтаң сценарий, жасанды актерлық ойын, ең соңы айтар ойы нақтыланбаған бұл фильм не мақсатпен түсірілгені белгісіз күйде қалды. Көпшілік әнші жиған-терген дүние-мүлкімен мақтанғысы келген болар деп топшылады. «Халық айтса, қалт айтпайды» емес пе? Фильмнен негізінен Қайрат тізгіндеген сансыз темір тұлпарды, оның түздегі сән-салтанаты жарасқан өміріне, ақшаны бетіне қарамай шаша алатын мүмкіндігі барына куә болдық. Бірақ, ең бастысы айызың қанатындай сәтті драма көре алмадық. Салдарынан «Өкініштен» соң, кинотеатрдан өкініп шыққанымызды қалай жасырайық?!. «Өкініш» оның күлді көмеш дүниесі ғой» деп Қайратты өзімізше ақтап алуға тырыстық. Бірақ, әйтсе де көңіл қоңылтақсып, іште бір қыжыл тырналап тұрды.
Жақында ғана отандық кинопрокатқа әншінің «Арман. Періштелер ұйқыда жатқанда» (қазақша аударғандағы нұсқасы) деген тағы бір дүниесі жол тартты. Бәлкім, бұл фильм қоғамда соншалықты дүмпу тудырмас па еді? Егер фильмге Жұлдыз Абдукаримова түспегенде һәм басты рөлді сомдамағанда. Жұлдыз – әйгілі әншінің талай уақыттан бері халықтан жасырып келген зайыбы. Міне, жұртқа жұмбақ болған Жұлдыз фильмде жарқ ете қалды.
Фильм неге «Арман» деп аталды?
Қалай сүйдім сені,
Құлай сүйдім сені...
Бұл ән жолдары есіңізде ме? Есіңізге түсіре алмасаңыз айтайық, бұл Қайратты бүкіл елге танытқан «Арман» әнінің сөздері. Тұп-тура 10 жыл бұрын аталған әнмен жұлдызы жарқырап, артынша клипін жарыққа шығарды. Бұл клипке оның жұбайы Жұлдыз түсті. Бір қызығы, сол кезде жұрт клиптегі Жұлдызды қатардағы актриса деп қабылдаған болуы керек, ешкім ештеңе демеді. Тек, Қайрат сол актрисаға үйленіп кеткенде ғана халық шу ете қалды. Әрине, оның отбасылы болғаны өте құпия ұсталды. Қайрат гастрольдік сапарлардан екінші жартысын іздеп жүргендей әсер қалдыруға мейлінше тырысты. Әйтсе де, интернетке оның отбасымен түскен фотолары кең тарап кеткесін, Қайратқа ешкім сене қоймады. Сонда да болса әншінің продюсері әрі анасы Гүлзира Айдарбекова ұлын бойдақ ретінде көрсетуге барын салды десе болады. Неге?
Шоу-бизнес қағидасына сүйенсек, үйлі-баранды адамға жұлдыз болу зор машақат екен. Сондықтан да, олар зайыптарын һәм ерлерін елден жасырып ұстайды. Себебі, табынушыларын жоғалтып алғысы келмейді. Осыған байланысты, жұлдыз болуға ұмтылғандар жеке өмірі жайлы айта бермейді. Қайрат 10 жыл айтпай келді. Бір сұхбатында Гүлзира: «реті келгенде бәрін білесіздер» деген болатын. Реті осы «Арман» фильмі болса керек.
«Өкініштен» соңғы өкініш
«Өкініштен» соң көрермендер ғана емес Қайрат та өкінген секілді. Бұлай деуімізге себеп, біз «Арманды» да сол деңгейдегі фильм бе деп ойлап едік. Сөйтсек, қателескен екенбіз. Бұл фильм «Өкініштен» әлдеқайда озық тұр. Алғашқы фильмдегі қателіктерден сабақ алып, тәжірибе жинақтаған Қайрат келесі фильмде олқылықтарға барынша жол бермеуге тырысқаны айқын аңғарылады.
Осыған дейін фильмде Қайрат пен Жұлдыз екеуінің отбасын құрғанға дейінгі өмірі көрсетіледі деп хабарланған болатын. Сонда жұрт Қайрат пен Жұлдыз қалай танысты, жігіт-қыз болып жүрген кездерінде бастарынан қандай қызықтарды өткерді, осы сарындағы мазмұнды тамашалайтын болдық деп ойлады. Дегенмен, мұнда ешқандай да қызық жоқ екен. Керісінше, қазіргі қоғамдағы шыжық пен быжықты шырқыратып көрсеткен «Арман» шып-шымыр фильм болып шыққан. Мұндай сюрпризді ешкім күтпеген еді.
Фильм желісі бойынша қос ғашық екі жарты, бір бүтін болуға шешім қабылдайды. Арман (Жұлдыз) – мектеп мұғалімі болса, Құрман (Қайрат) – футболшы. Жай футболшы емес, сұрмерген. Жұлдыз да осал емес. Екеуі де өз саласының үздіктері.
Қос үздікке үйленуге қос тарап қуана-қуана келісімдерін береді. Содан олар той қамына кірісіп кетеді. Сол мезет Құрман мен Арманға өмір күлімсіреп қарап тұрды. Әрі бұл күлім қаққан қабақ қос ғашыққа мәңгілікке созылатындай көрінген еді. Дегенмен, бұл жалғанда мәңгілік ештеңе жоқ екен.
«Тамағы тоқтық, көйлегі көктік, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» демекші, әбден азып-тозған нашақор, аста-төк дүниеге мастанған бай балалары Арманды алып қашып, оған зорлық көрсетеді. Қалыңдығын құтқарам деп жанталасып жүрген Құрман жазықты болып қалып, темір торға тоғытылады. Міне, бір түнде болған осы жайттардан соң оқиға желісі күрт шиеленіседі. Мына қызықты қараңыз, қызға күш көрсеткен жігіттер емес, керісінше, жәбір шеккен Арман кінәлі болып шыға келеді. Мақалдатсақ, «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді». Сондықтан да, Арман бәле іздеп әркімге бір соқтыға бермей, жайымен жүргені жөн.
«Бұл не мазақ?» деп Арман өзін жәбірлегендер туралы мәліметтер іздейді. Сөйтсе, әлгілер Арманға дейін бірнеше қызды жылатқан екен. Бірақ, оларға заң жоқ. Қылмыстары үшін мүлдем жазаланбаған. Себебі, ата-аналары шіріген байлар. Яғни, олигархтар. Фильмде адам құқығын қорғайды деген тәртіп сақшыларының жеме-жемге келгенде қалталыларға қызмет істеп, сөзін сөйлейтінін бүкпесіз көрсетеді. Және еліміздегі жүйедегі кей салаларды жемқорлық жайлап кеткенін жақаурата жеткізеді.
Тіпті, тәрбие ошағы – мектепте де адамдарды алалайды екен. «Бір топ азғындар Арманды жәбірлеп кетті» деген гу-гу мектепке жетеді. Содан мектеп директоры жанына бір шабарманды ертіп алып, Арманға бірнеше айлығын жинап беріп: «енді мектепке келме. Бұл мектеп абыройына нұқсан келтіреді» деп жұмыстан шығарып жібереді. «Жұт жеті ағайынды» демекші, онсыз да тағдыр теперішін тартып жүрген қызға бұл қосымша соққы болып тиеді. Кеше ғана ортасында мойны ұзық болып жүрген мұғалім бір күнде керексіз болып қалды. Бұл көрініс арқылы режиссер бар сөлінен айрылған адамды қоғамнан шеттету мәселесін қылтитады.
Ақша жүрген жер – лас болады емес пе? Әлгі зорлықшы жігіттер Арманға «үніңді шығарма» деп 40 мың доллар жинап береді. Бұл ақшаны намысқой Арман алмағанымен, оның дүниеқоңыз тәтесі қуана-қуана алады. «Болары болды, бояуы сіңді. Енді сен мұндай көкіректігіңді қой. Ақшаны ал. Емделуің керек» деп Арманды көндірмек болады. Тәтесі ақшаны бірінші орынға шығарып, ары тапталған сіңлісінің тағдырын кері ысырып тастайды. Қоғамда көк қағаз үшін бәрін сатып кететін тоғышар жандар бар екені рас емес пе?
Жасанды ойын жоқ, жасанды көрініс көңілді құлазытты
Әділдікке заң арқылы жете алмайтынын түсінген қыз кек алуға шығады. Міне, дәл осы тұста режиссер яки сценарий авторлары асыра сілтеп жіберген секілді. Голливудік әріптестеріне еліктеген режиссер Рашид Сүлеймен кей жерде қазақы ділді ұмытып кеткендей әсер қалдырды.
Фильмде жасанды актерлық ойын жоқ. Қанша тырысса да жасандылығы білініп қала берген Қайратты 30-минутқа қарай «алып тастайды». Бұл режиссерлік шеберлік шығар. Ал, Жұлдыз дебюттік рөлін тамаша сомдап шықты. Тіпті, өзін «актрисамын» деп есептейтін кей жұлдыздардан әлдеқайда озық тұратындай. Жұлдыз ауыр рөлді қиналмай сомдап, көрермендерін сендіре білді.
Дегенмен, фильмді жасанды көріністер құртып тұрғандай. Және фильмді шынайылыққа жақындату үшін актерларға балағат сөздерді көп айтқызады. Маңдай терін төккен режиссер осы жағына аздап мән бермеген секілді. Мысалы, Жұлдыз Алматының көшесінде капоты қан-жоса болып қираған көлікпен жүреді. Бұны ешкім байқамайды. Және ол жігіттерден кек алу үшін түнгі клубқа мылтық ұстап кіреді. Мейлі, бұған көз жұма қарайық. Бірақ, клубта жауларына жарты сағаттай мылтық кезеп отырған оны мұнда да ешкім байқамайды.
Және Жұлдыз жігіттерді атып өлтіргесін, оқиға орнынан полицейлерден еш қиындықсыз қашып кетеді. Қылмыскер Арман туралы жаңалық бүкіл Қазақстанға тарайды. Тіпті, бұл жаңалықты тал түсте сабақ үстінде отырған оқушылар тақта алдында қаққан қазықтай қатып тұрған мұғалімімен бірге теледидардан тамашалайды. Сабақ үстінде! Дәл осы көрініске залда отырған көрермендер ду күліп жіберді. Расында бұл көрініс өте сәтсіз шықты.
Ең соңында іздеуде жүрген Жұлдыз пойызбен Ресейге қарай қашады. Әрине, оны жолда ұстап ала ма, алмай ма, ол жағына бас ауыртпалық. Әділдікке қылмыс жасау арқылы жеткен Жұлдыз жазасыз қалады. Бұл Голливудтық фильмдегерге тән діл. Тек, қазақ фильмдеріне емес. Режиссер осы арқылы көрермендерді қылмысқа баулып жатқанын аңғармай қалса керек. Әділдікке қылмыс жасау арқылы жетуді жарнамаламаған абзал. Және көбіне айтуға болмайтын шындық – зорлық оқиғасы. Бұл қоғамға ой салады дегенімен, кері тұстары да аз емес. Психилог мамандарының пікірінше, бұл ой-өрісі дамымаған баланың психиканы бұзады. Бәлкім, осы себепті фильмге «18 жастан жоғары көрермендерге көруге арналған» деген категория таңылған шығар.
«Арманды» түсіргендегі мақсат не?
Әрине, көзі қарақты көрермендер «Арманды» плагиат деп сынап жатыр. Оқиға желілері «Фатима және Зухра», «Мен сіздің молаңызға түкірдім», «Биллді өлтіру» және ресейлік «Ворошиловский стрелок» сынды фильмдерден алынған деп өз дәлелдерін келтірді. Дегенмен, бұлай сынаған қаншалықты дұрыс? Зорлық оқиғасын басқаша қалай жеткізуге болады? Сондықтан да, бұл сын тырнақ астынан кір іздеумен бірдей секілді. Ең бастысы, Рашид фильмге өз қолтаңбасын кіргізе алған.
Әрине, Қайраттан мұндай ауыр фильмді ешкім күтпеді. Кей көрермендер «Әйелін дәл мұндай жанрдағы фильмге қалай түсірген?» деп сынап та жатты. Әйтсе де, фильм ең бірінші кезекте – көркем дүние. Осыны ұмытпаған абзал.
Қайрат өз миссиясына толық жетпесе де, көкейіндегісін жеткізе алды. Әлеуметтік желілерде қарапайым көрермендерден бөлек, қоғам белсенділері де «Арман» жайлы жылы пікірлерін білдіріп жатты:
Негізгі ой: «Зорлық түбі – қорлық». Бірақ, бәрін ақша шешетін қоғамда зорлықшылар оңайлықпен қорлыққа ұшырамайды. Періштелер ұйықтап жатқанда, сайтандар өз лаңын сала береді.
Казнетте фильм 2 аптада 18 милион теңге жинап, өз шығынын мүлдем ақтамады деген ақпарат тарады. Әйтсе де, Қайрат бұл фильмді пайдаға кенелу үшін, қоғамға ой салу үшін түсірді деп сенелік.
Абылай Сматуллаұлы