«Батька» сыр берді
23-05-2023
АҚШ пен Еуропа елдеріне еліктеп, тікелей жергілікті әкімдікке бағынатын, есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру тәжірибесі оң нәтиже берген жоқ. Соңғы кездері бұл жүйеден бас тартып, бұрынғыдай Ішкі істер министрлігіне бағынатын біртұтас полиция қызметін құру қажеттігі айтыла бастаған. Қайбір жолы жаңа жүйенің тиімсіз болғанына Елбасының да тоқталғаны бар. Міне, енді жақында тиімсіз жүйе жойылып, ішкі істер органдары бәз-баяғы қалпына түсетін сияқты.
Парламентте осындай заң жобасы қаралып жатыр.
«Қазақстан Республикасың кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын заң жобасын Мәжіліс қарауды бастады. Төменгі палатадағы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, жаңа заң жобасына сәйкес біріншіден, ішкі істер департаменті мен жергілікті полиция қызметі біріктіріліп, полиция департаменті деген құрылым болады. Екіншіден, полиция департаменттері ішкі істер органдарының біртұтас жүйесін құрай отырып, Ішкі істер министрлігіне бағынатын болады. Үшіншіден, Алматы, Астана қалалары мен облыс әкімдері полиция депатаментінің бастығын Ішкі істер министрінің ұсынуымен тағайындайды. Ұсынылған кадр резервте тұрған полиция қызметкерлерінің ішінен таңдап алынады.
Сонымен қатар, әкімдерге полиция департаменттері алдында бүгінгі күні жергілікті полиция қызметінің құзыретіне жататын міндеттерді қою құқығын беру жолымен полиция жүйесін жаңғырту ескерілген. «Жобада 2 кодекс және 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар көзделеді. Комитет бұл заң жобасын жұмысқа алуға дайын», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Естеріңізде болса, жергілікті полиция қызметін құру Елбасының әйгілі «100 нақты қадам» жоспарына сәйкес, жергілікті билікке есеп беретін полицияны құру бағыты бойынша жасалған болатын. Өкінішке қарай, бұл қадамның құрдымға кететін түрі бар.