Абылай хан көрген түс. «Көкжалдардағы» Маугли – қазақ прототипі ме?

Oinet.kz 29-11-2017 1165

Күні кеше М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Көкжалдар» фильмі көрсетілді. Бұл фильмді қазақы көрермендер арасында кеңінен танымал режиссер Еркін Рақышев таспалаған екен. Ол осыдан бірер ай бұрын Алматыда өткен премьерада фильмді жастарға арнап түсіргенін айтқан еді. Сол себепті, көрсетілімдер көбіне  оқу орындарының қабырғаларында ұйымдастырылуда. Біз де фильмді көре отырып, көкейге ой түйдік. Соны тарқатып көрелік. 

Screenshot_17.jpg

Ең алдымен, фильм атауына үңілсек. Неге «Көкжалдар»? Көкжал мен қазақ арасында қандай байланыс бар? Осыған жауап іздеп, тарих беттерін парақтап көрдік. Сөйтсек, ежелгі Қытай жазбаларында мынадай бір рас-өтірігі белгісіз аңыз бар екен: 

Кезекті бір шайқаста ғұн жұртының бір бөлігі зор жеңіліс табады. Қарсыластары сол жердегі бүкіл ғұн атаулыны қырып-жойып, атып-шауып тастайды. Тек, жалғыз ер баланың ғана кеудесінен жан шықпай қалады. «Ит қорлықпен өлсін» деген мақсатта дұшпандары оның аяқ-қолын шауып кетеді. Елсізде қалған баланы бір қасқыр тауып алады да өз сүтімен асырайды. Адам аяғы баспайтын биік тау ішіндегі үңгірде бала өсіп, ер жетеді. Осы баладан қасқыр жүкті болып, он ұл тауыпты. Түркі халықтары осы он ұлдан тараған-мыс. 

Айта берсек, мұндай шындыққа бергісіздей құрылған аңыздарда қисап жоқ. Бірақ, айналып келгенде бәрінің айтар ойы бір – түркілер бөріден жаралған яки тараған. Қазақ – түркі халқына кіретін ұлт. Сонда бөрі – аң емес, бізге түпкі баба болып келеді екен. Әрине, бұған сенесіз бе, сенбейсіз бе, өз еркіңіз. Дәл қазір маңыздысы бұл емес. Маңыздысы – «Көкжал» фильмі болып отыр. «Көкжал» - Шымкент қаласының алғашқы әкімі Амалбек Тшанов ағамыздың идеясы болыпты. Бұны біз фильмдегі субтитрдан білдік. Нәтижесінде бұл идеяны жүзеге асыру «Жаралы сезім» фильмімен сынға іліксе де жұлдызы жарқыраған, артынша «Менің де атым Қожа», «Жетімдер», «Астанаға көктем кеш келеді» секілді дүниелерімен танылған Еркін Рақышевке  жүктеледі. Бар болғаны бір-екі фильм түсірген дейтіндей тәжірибесіз емес, көркем фильмнен бөлек, ашаршылық секілді өте ауыр тақырыпты қамтыған деректі фильмдерді жарыққа шығарған Ерекең «Көкжалды» ың-шыңсыз түсірген сияқты. Оған киноны тамашалау барысында көз жеткіздік. Әрине, біз мұнда техникалық кемшіліктерге көз жұма қарадық. Себебі, бюджеті жұқалтаң дүниеден сапалы техникалық жұмыс талап ету мүлдем ұят секілді.

«Ұйығып жүрген көкшүленді сыңарынан айырғаның қайткенің?»

Сонымен, энтузиазммен түсірілген фильм мазмұн жағына келсек, «Көкжалда» бірден көзге ұрғаны – ұлттық бояу. Миф аралас ұлттық бояу. Фильмнің өне бойынан өршілдік рухы есіп тұрады. Онда қайта-қайта қасқыр жөнінде шылғи мақтау айтылады: қасқыр – қайсар мақұлық. Аң патшасы – арыстан адамға құл болып циркте өнер көрсетсе, қасқыр мұндай тым төмен деңгейге өліп кетсе де түспейді екен. «Өліп» демекші, қасқыр әлдекіммен жекпе-жеккке түсе қалса, соңына дейін тістеседі. Кеудесінен жан шыққанша беріспейді. Не жеңіп тынады, не асқақ абыроймен, яғни қарсыласына бас имеген күйі жаһаннамға аттанып кетеді. Пәлсапаға салсақ, мұның өзі – жеңіс емес пе? Ешқашан ешкімге илікпей емін-еркін өмір сүрген бақыт емей немене? 

Хош, бөрі жайлы пәлсапа соққанша, фильм желісін қысқаша баяндай кетейік. Отбасын жаңа құрған бір жігіт елсізде арлан атып алады. Оның терісін сыпырып ап, шат-шадыман күйде анасына, сосын әйеліне көрсетпей ме? Бірақ, екеуі де оның бұл ісін құптамайды. Керісінше, жазғырады. «Ұйығып жүрген көкшүленді сыңарынан айырғаның қайткенің?» деп өкініштен өзегі өртеніп кете жаздайды. Бірақ, күйеуі әйелінің бұл сөзіне пысқырып та қарамайды. Шындығында бұл жерде әйел аңның киесінен қорыққан еді. Бәлкім, қорықпас па еді, егер жүкті болмағанда? «Дүние есігін ашатын балама зияны тиіп жүрмесе болғаны» деп қауіптенеді. Бекерге қауіптенбепті. 

Сыңарынан айрылып, ызасы ішіне сыймай, оны ұлып шығарған құртқа қасқыр аңшыдан кек алуды ойлайды. Жай тістелеп өлтірген болмайды. Оның өзі секілді қиналғанын қалайды. Аңшыны өткір тісі емес, өзі секілді шер жеп азаптанғанын тілейді. Бұл дүниеде ішке толған шерден артық азап бар ма? Қасқыр ойлана келе (фильмде мұны құртқаның монологы арқылы білдік) аңшының ізін жалғар ұлына зияндық жасауға бел буады. Бірде ретін тауып, үш айлық баланы алып қашады. Екі аяқты «мақұлық» өзінің сыңарын қалай жер жастандырса, қаншық та баланы солай өлтірмек болады. Яғни, қанға-қан... Бірақ, көкшүлен қанша жерден жыртқыш аң болғанымен, ол да ана ғой. Ода да жүрек бар. Балаға мейірімі түскен құртқа оны өлтірмей, бөлтіріктерінің арасына салады. Ия, фильмде тек ұлттық-тарихи болмыс қана емес, мейірім тақырыбы көтеріледі. Режиссер адам бойынан жоғалып бара жатқан мейірімді мақұлықтан іздейді. Бір қызығы, табады. Мұны таспен атқанды, аспен атқан құртқа арқылы береді. 

Балақай бөлтіріктермен бірге өседі. Адам деген ортасына қарай бейімделеді емес пе, ол да өз ұяластары секілді аңға айналып кеткен еді. «Мауглиді» тау кезіп жүргендер байқап қалып, тиісті жерге хабарлайды. Міне, осы тұстан бастап фильм қызып сала береді. Әскерилер, Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметте істейтіндер Мауглиді ит салып та, Джиппен де, тікұшақпен де іздейді. Бірақ, еш ұстай алмайды. Ержүрек жігіт барлық бұғаттан сытылып шығып кете береді. Фильмде Маугли жараланғанда оны құтқарған ұяласы қақпанға түсіп қалатын көрініс бар. Өзін жау ентелеп қуып келе жатса да, жігіт ұяласын құтқармай кетпеймін деп жанталасады. Осы көрініс талай жүректі елжіретті десе болады. Мұнда дүние алма-кезек екендігі, досқа деген адалдық насихатталады. Бәлкім, режиссер осы арқылы қиындыққа мойымау керектігін, сатқындықтан аулақ болу керектігін айтты ма екен? Ешкімге бағынбау керектігін? Ең тиімді қорғаныс – шабуыл екенін жеткізгісі келді ме? Себебі, Маугли өзін атпен қуған қарауылға атылады. Сонда қарауыл ойбайлап қаша жөнеледі. Ендеше, Көк бөріден жаралған әрбір қазақ алда-жалда жан-жақтан жау анталай қалса мүлдем абыржымау керек екен. Рухы асқақ бөрі бабаны ұятқа қалдырмай. Біз солай түсіндік. Мауглиді қазақ ұлтынының прототпиі ретінде қарап.

Әрине, фильмді көріп отырғаныңда бойыңды жігер жаниды. Кей жерлерде жасанды ойындар, жұтаң, жаттанды диалогтар қылаң беріп қалғанымен, режиссер өз миссиясын орындай алды деп есептедік. Себебі, залда отырған жастар фильмді соңына дейін тамашалады. Бәрі болмаса да, 90 пайызы. Фильм біткенде ұзақ қол шапалақтады. Осының өзі біраз жайтты аңғартса керек. 

Іргеміздегіні көрмей, шет еліңізге сілекей шұбыртқанымыз не теңіміз?

Шыны керек, Ақсу-Жабағылы табиғатын көре отырып сүйсіндік. Америкадағы Гранд Каньонан, Алматыдағы Шарыннан бір мысқа кем емес Ақсудағы тік жарлауыт шатқалдарға таң-тамаша болдық. Режиссер фильмде Оңтүстік өңірінің табиғатын паш еткен. Әрине, Ақсу-Жабағылыны бұрыннан естіп-біліп, көріп жүрдік қой, бірақ, бұл фильмде мүлдем басқа объективпен көрдік. «Іргеде жатқан бұл не деген сұлулық. Барымызды бағалай алмай жүр екенбіз ғой» деп Швейцария іспеттес елдерге сілекейіңізді шұбырта бергенге ұялыңқырап қаласыз. Шытырман оқиға осы әсем Ақсу-Жабағылыда өрбиді. Шиеленіседі. Соңында түйір тарқатылуға сәл-ақ қалады. Бірақ, тарқатылмайды. Қолға түсуге сәл қалған Маугли тау етегіндегі жыңғылға сіңіп жоқ болады. Бәлкім, бұл түйінді режиссер әдейі тарқатпай қалдырды ма? «Көрермен өзі шешсін һәм кессін» деп? Мүмкін?  

Фильмді көргендегі біздің пайымдауымызша, бүгінде қазақ халқының бойынан бөріге тән қасиет жойылып барады. Тым ұсақталып кеткен. Абылай хан көрген түс шындыққа айналып бара жатқандай. Әркімге бір жалтақтап, бөріден қоянға айналып кеткендей. Өзінен озғанды аяғынан шалып, күңкілдеп, ғайбатпен шағатын бақа-шаянға ұқсайтындай. Бұрынғы заңғар кейпімізден тым алыстап кеткендейміз. Дегенмен, ештен кеш жақсы. Сол кейіпке оралуға әбден болады екен. Тек, сананы дүр сілкіндіру керек. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы ұлттық кодты жаңғыртқан жөн екен. Әрине, біздің бұлай пайым жасауымызға себеп, «Көкжал» өз мәресіне жеткенде сахнаға режиссер Еркін Рақышев көтеріліп, фильмде айтқысы келген негізгі ойды жеткізген еді: 

– Бүгінгі жастарымыз қасқыр секілді қайсар мінезді болып өссе, қасқыр секілді сертіне берік болса, ешкімге бағынбай өтсе екен деген мақсатта түсірілген фильм еді, бұл. Біз  елін, жерін бар жан-тәнімен сүйетін жастарды тәрбиелеп өсіруіміз керек. Рухани жаңғыру деп жатырмыз? Ол не? Ол деген ең алдымен тарихымызды, түбімізді, тегімізді білу. Туған өлкені қастерлеу. Әйтсе де бұл жеткіліксіз. Рухани жаңғыру үшін ең алдымен ұлттық рухымыздың діңгегі берік болуы керек. Себебі, біздің жеріміз – ұлан-байтақ. Оның асты-үсті толған байлық. Егер біздің рухымыз әлсіз болса, біз осының бәрінен айрылып қаламыз. Ұлтым деп соқпайтын мәңгүрт жүректен есік алдындағы ит артық емес пе? Сондықтан да, ойындағысын ірікпей айта алатын, қайсар мінез, жалғандықтан ада шынайы патриоттарды тәрбиелей алсақ, өзге ұлттар бізге қызғанышпен қарайтын еді. 

Режиссер бұл фильмнің жастарды тәрбиелеуге тамшыдай болсын үлесін қоса алса, арманыма жеткен болар едім сөзін қорытындылады. Залда режиссер ағаларының сөзіне ду қол шапалақтап өз еріктерімен ұзақ бөгелген жастарға қарап, фильм өз миссиясын орындай алды деп үміттендік.  

Абылай Сматуллаұлы

Жергілікті полиция жойылады
Әлемдегі ең ықпалды жасөспірімдер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу