Капитализмдегі күнкөріс кәсіптері. Таксист жайлы не білесіз?
Кеңес Одағы тұсында мынандай тенденция бар еді: мектеп бітірген оқушылар жоғары оқу орнына құжат тапсыру үшін «арман қала» атанған Алматыға немесе облыс орталығына ат арылтып бақтарын сынайтын. Ол тұста студент атану деген қиямет. Оқуға түскендері түсті, ал түспегендері туған жерлеріне қайта оралды. Онда оларға міндетті түрде колхоздан жұмыс табылатын.
Тоқетері, жұмыссыздық жоқ еді...
Бүгінде бұл тенденция аздап өзгеріске ұшырады. Мектеп бітірген талапкерлер бәз-баяғыша студент атануға ұмтылады. Дегенмен, студент атануға «басы» жетпей, «қалтасы» көтермегендер екі қолға бір күрек іздеуге мәжбүр. Олар күректі Одақ тұсындағыдай ауылдан іздемейді. Себебі, шалғай ауылдарда әлі күнге дейін жер туысырап, ел қол қусырып жатқаны жалған емес. Салдарынан тек мектеп бітіруші түлектер емес, орда бұзатын, қамал алатын ересектер де туған жерлерін тастап қалаға қарай ағылуда. «Дымы» жоқтар жалдамалы жұмысшы болса, тірнектеп жиған-тергендері барлардың көпшілігі ескі-құсқы көлік алып таксист атануда. Біз бүгін таксистер туралы сөз қозғасақ дейміз.
Такси – француз тілінен аударғанда «taximetre» - есептегіш құралы бар көлік деген мағынаны білдіреді. Яғни, такси – көлік, таксист – жүргізуші.
Бүгінде өркениетті елдерде такси қызметі бүге-шігесіне дейін заңдастырылған. Мысалы, әйгілі Нью-Йорк қаласында жеке таксист болу үшін Uber халықаралық компаниясының 2016 жылы келтірген мәліметіне сенсек, қалтаңызда ең кемі 1 миллион доллар болу керек. Бұл қаржыға аукционнан немесе қолдан медальон сатып аласыз. Медальонға ие болсаңыз, өзіңізге би, өзіңізге қожасыз. Көше жиегінде қол бұлғайтын жолаушыларға тоқтап, мінгізуіңізге болады. Тапқан табысыңыз толықтай өзіңізде қалады. Әрине, белгілі бір мерзім сайын тиісті жерлерге салық төлейсіз. Ал, медальоны жоқтар такси қызметін көрсететін компанияларда жұмыс істейді. Олар тек тапсырысты орындап, түскен табысты компаниямен қылдай бөліседі.
АҚШ-тағыдай өркендеп кетпесе де, елімізде такси қызметіне 2014 жылдан бастап жаңа талаптар күшіне енді. Себебі, оған дейін аталған салада бей-берекетсіздік орын алып, қылмыс артып кеткен еді. Сол кездегі көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев: «Өркениетті елдерде бұл қызмет түрі халықаралық талапқа сай, қауіпсіздік ережелерін сауатты қалыптастыра алған. Бізге де осы межеден шығатын деңгейге жету керек» дей келе қол астындағыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Нәтижесінде жолаушы тасымалдау саласы ретке келе бастады. Автобус парктері жаңартылып, такси компаниялары көбейді.
Қылмыскер таксистер
Қылмыс демекші, психолог мамандар қылмыс жасауға жұмыссыз азаматтар бейім болады дейді. Жұмыссыз азамат қаржылық тығырыққа тірелетіні белгілі. Бар болса, несиесін төлеу керек, отбасын асырау керек. Қай заманда болмасын, күн көру оңай емес. Қаржы таппай қиналған азаматтар еңбекақысы аз төленетін қара жұмыс істейді. «Оңаша бұзау» болса да, такси қызметі де осындай жұмыс қатарына жатады. Мұнда оның психикасы бұзылады. Енді осы таксистермен болған атышулы қылмыстарды еске түсірейік:
Жақында ғана Алматыда 18 жасар Назерке Әріп есімді қыз жоғалып кеткен еді. Оны бүкіл Қазақстан шарқ ұрып іздеді. Таппады. Кейіннен оның өлі денесі зират басынан табылды. Іздестіру нәтижесінде Назеркені өлтірген күдікті ұсталды. Күдікті 1984 жылы туған, Алматы облысы, Талғар ауданының тұрғыны. Ол қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Оның таксист болып жұмыс істеп жүргені анықталды. Қылмыс жасалған күні жәбірленуші соның көлігіне отырған: ер адам қызды зорлап, тұншықтырып өлтіріпті. Қылмыс іздерін жасыру үшін күдікті мәйітті зират шетіне апарып, лақтырып кетеді. Ұсталған азамат жасаған қылмысын мойындады, айғақтар да жетерлік. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, – деп Алматы ІІД қылмыстық полиция басқармасы басшысы, полиция подполковнигі Жанболат Зиадин қылмысқа қатысты комментарий айтқан еді.
Өрімдей Назерке биыл медициналық ЖОО-ға грантқа түсуді жоспарлаған болатын. Талапкер 10 шілдеде сағат 18.00-ден кейін байланысқа шықпаған. Мәйіті қыркүйекте бір-ақ табылған.
Осыдан 4 жыл бұрынғы оқыс оқиға да ел есінен шыға қоймады. Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында 14 жасар Айнұр темір жол маңындағы таксиге отырды. Жүргізуші қыз баланың заттарын көлікке тиеп, жолға шығады. Бірақ, ол көлігін қыз бала айтқан жеріне емес, зират басына бағыттайды. Ары қарай айтпаса да түсінікті. Зорлықшының ісі Ақтөбеде арнайы сотта қаралып, жазасын қатаң тәртіптегі колонияда 11 жыл өтейтін болды.
Айта берсек, мұндай оқиға жиі орын алып жатады. Аты жаман зорлау оқиғасынан бөлек, алып қашу да жиі кездеседі. Осындай алып қашулар қаншама қыз баланың тағдырын күрт өзгертті, ол Құдайға аян.
Такси компаниялары осы мәселені жиі алға тартады. Олар азаматтарға жолшыбай таксистерге мінбеуге кеңес береді. Әсіресе, жалғыз-жарым жүрген қыз баласына. Рөлде қандай адам отыр, оның пиғылы қандай, белгісіз. Одан да телефон арқылы такси шақыртқан тиімді дейді. Себебі, такси компаниялары ең бірінші кезекте жолаушының қауіпсіздігіне жауап береді. Қазіргі таңда жер-жерде такси компаниялары арасында бәсекелестік қызған соң, қызмет сапасы артып, баға төмендеуде. Сондықтан да, такси шақырту аса қымбат емес. Алдағы уақытта такси қызметі бүгінгіден де жанданып, жолаушылар өркениетке ұмтыла береді. Такси компанияларының айтуынша, жуық арада елімізде дамыған мемлекеттердегідей жолда қол көтеріп, кез-келген көлікті тоқтатуға тиым салынуы әбден мүмкін. Дегенмен, біз дамушы ел болғасын, халық бұған әлі дайын емес секілді.
Таксистер арасындағы бәсекелестік
Өркениет демекші, такси компанияларынан бөлек, арнайы орында тұратын таксистер де бар. Халық сапырылысып жүретін базар, теміржол маңы, сауда орталығы, мейрамхана, аурухана маңынан орын алу оңай емес. Ол жерде «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» жандар болады. «Майлы жілікке» ортақтасу үшін әлгілермен келісесіз. Келісім әр түрлі. Мысалы, сондағыларға «рақметіңізді» айтасыз. Әйтпесе, мұнда мүлдем жолай алмайсыз. Бұл туралы ақпаратты кез-келген таксистен сұрап біле аласыз.
Қарыштап дамыған интернет баспа саласына, кино, музыка индустриясына зардабын тигізген еді. Бұл зардап таксистерге де келіп жетті. Себебі, интернетте онлайн такси шақыру қызметі пайда болды. (мысалы, әйгілі InDriver) Салдарынан такси компаниялары клиенттерден айырылуда. Осыған байланысты такси компаниялары мен онлайн такси қызметін ұсынушылар арасында дау-дамай жиі орын алып тұрады.
Таксистер неге «саясаткер»?
Жақында біз таксиге міндік. Жүргізуші 50 жасты еңсеріп тастапты. Ашық-жарқын кісі екен, аңқылдап әңгіменің тиегін ағытты:
– Мен колледжде оқытушы болып жұмыс істедім. Колледжде қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, мамыражай өмір кешіп жаттық. Тып-тыныш сабақ беріп, сабақ арасындағы бос уақытты әріптестерімізбен көңілді өткізетінбіз. Себебі, біздің басшы өте жайлы еді. Ол колледжді зейнетке шыққанша басқарды. Бірақ, оның орнына келген директор бізге қырғидай тиді. Менің жүктемемді 0,5-ке қысқартып тастады. Онымен қоймай құлша жұмсады. Қағазбасты болып кеттік. Одан қалса айына екі рет іс-шаралар ұйымдастыру міндеті артылды. Бұл біз секілді егде оқытушыларға ауыр тиді.
Кейін түсінсек, оның бізді сонша қинауының себебі – кадр бизнесі екен. Мысалы, колледжде 100 оқытушы жұмыс істейтін болса, директор ұйымдастырған «тар жол, тайғақ кешуден» кейін келесі оқу жылына дейін бірнеше оқытушы жұмыстан «өз еріктерімен» шығып кетеді. Міне, босаған орынға директор жаңа қызметкерлерді алады. Оның бәрі асып-тасып жатқан білімдерімен келді дейсің бе? Әрине, олай емес.
Менде шыдамадым. Аз жалақыға сонша қорланғым келмеді. Таныс арқылы осында таксист болып алдым. Мұнда да таныс керек. Күнделікті ауылдан қалаға, қаладан ауылға жолаушы тасымалдаймын. Кезінде бір айда тапқан қаржыны бір аптада табамын. Күніне орта есеппен 4-6 рейс жасап, 6-12 мың теңге аралығында пайда табамын. Дегенмен, өз арамызда «таксист байымайды» деген әзіл-шыны аралас сөз бар. Сол рас қой деймін. Қысқаша айтсам, тапқан табыс көбіне көлікті «асырауға» кетіп қала береді.
Мұнда таксистер екі ауысыммен жұмыс істейді. Күндізгі және түнгі болып бөлінеді. Күндізгі таксистер таңғы 6-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Ал, қалған уақытта түнгі таксистер жұмыс істейді. Олар күндізгіге қарағанда 2 есе көп алады. Мысалы, 500 теңгеге баратын жерге 1000 теңге сұрайды, - деп ел ағасы таксистер арасындағы жазылмаған заңдарды айта келе, еліміздегі саяси жүйеге өз көзқарасын білдірді:
– Меніңше басшының жиі ауысқаны тым тиімсіз. Қытайлар «өтпелі кезеңде өмір сүр» деп қарғайды ғой. Жаңа басшы келген кез – өтпелі кезең. Мұнда бәрі әбіржиді. Моральды-қаржылық жағынан. Қызметінен босап қалмас үшін жанталасады. Себебі, жаңа басшы – жаңа командамен келетіні аян. Бей-берекетсіздік осыдан басталады. Ұстаздар өз қамдарымен арпалысып жүргенде, шәкірттерге сапалы білім берілмей қалады. Біле білсек, мұның зарбады орасан, - деп таксит біраз әңгіме айтты.
Мұндай «саясаткер» таксист жалғыз бұл кісі емес. Таксистер арасынан кезінде қызмет істеп, кейін қызметінен босап қалған жоғары білімді зиялы азаматты да, тек орта біліммен шектелеген азаматты да кездестіресіз. Көпшілігі тұрмыс зардабын тартқасын үкіметке ренжулі.
Математика тілімен айтсақ, А нүктесінен b нүктесіне жолаушы таситын таксистер ауылда да, қалада да кездеседі. Олар ешқандай салық төлемейді. Яғни, жұмыссыз азаматтар санатында. Ал, жұмыссыздар – мемлекет үшін тиімсіз. Мысалы, келесі жылы елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілмек. Осы жүйенің тезірек енгізілуіне – жұмыссыздық кедергі келтіруде. Нәтижелі, яки нәтижесіз жұмыспен қамтылмағандар жарнаны қалай төлемек?
P.S. Жақында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова биылғы жылы инспекторлар үй-үйді аралап, 5,6 миллион адамды тексеріспен қамтығанын атап өтті.
– Тексеріс нәтижесінде жұмыс істейтін, бірақ зейнетақы жарнасын аудармайтын бір миллионға жуық адам анықталды. Сондай-ақ 320 мың тіркелмеген жұмыссыздар мен 1 миллион 400 мың өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар белгілі болды, – деді министр.
Тамара Қасымқызының айтуынша, Үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдарға қатысты мәселелерді реттейтін және жұмыссыздарды өнімді еңбекке тарту бойынша кешенді жоспар дайындап жатыр.
Абылай Есімбай