«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы түрік тіліне аударылды. Бұл игі іс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы және Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 20 жылдығы аясында атқарылып отыр.
Биылғы жылы халық жазушысы 85 жасқа толып отыр. Бұл бір жазушының ғана мерейтойы емес, ұлттық руханиятымыздың, қазақ әдебиеті мен журналистикасының да қуанышы. Осы орайда Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен Анкара қаласындағы Еуразия Жазушылар қауымдастығы Шерхан Мұртазаға «Түркі әлемі әдебиетіне сіңірген ерен еңбегі үшін» арнайы сыйлығын тағайындаған екен. Осы лайықты құрметке сәйкес, автордың «Ай мен Айша» романын түрік тілінде тәржімалауға ортақ шешім қабылданыпты. Нәтижесінде, кітап Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, «Серпер» сыйлығының лауреаты, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаевтың аударып, баспаға дайындауымен оқырман қолына тиіп отыр. Редакторы – түріктің танымал жазушысы Әмірұллах Өздемир. Кітап Якуп Омароғлы төрағалық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты Bengü баспасынан жарық көрді. Алғы сөзін жазған Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы.
Шерхан Мұртаза өзге де әңгіме-романдарында өз өмірінің естен кетпес оқиғаларын баяндап отырады. «Ай мен Айша» романы – балалық шақтың естеліктерін, бала кезінде өз көзімен көрген қоғамды және бүгінгі күнгі мәселелерді, қазақ әйелі мен қайраткер ананың мейір-шапағаты мен жанкештілігін, адамгершілік қасиеттері мен сол кездегі залымдардың зұлымдығын шебер көрсете білген қомақты шығарма. Айша Бердімбетова – роман авторының анасы. Өмірдің қиындығына қарамастан, ұлттың құндылығын, салт-дәстүрін және өмірге деген көзқарасын саф қалпында сақтаған әйел. Автор өз анасының образы арқылы қоғамның бет-бейнесін, уақыттың ырғағын суреттейді.
Жазушы шығармасын түрік тіліне аударған Мәлік Отарбаев романды 1997 жылы Шерхан атаның өз қолынан алған сәтте әсерлене оқып шығып, түрік тіліне аударуды көздегенін айтады. Оның үстіне романдағы кейіп-керлерді бала кезінен көріп өсіпті.
Саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз!