Иса Омар. Жүрек сөзі

Oinet.kz 28-11-2017 1432

Screenshot_9.jpg

Белгілі қаламгер, "Замана" Баспа үйінің бас директоры Иса Омардың жаңа кітабы жарық көрді. Журналист-жазушы соңғы жылдары жаңа қырынан таныла бастағаны мәлім. Көптеген әндері көпшіліктің оң бағасын алып, үлкен сахналарда орындалып жүр. Журналистиканың қара шаңырағы атанған Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде журналистика факультетін тәмәмдаған, еңбек жолын Торғай облысында бастап, оңтүстікте алғашқы тәуелсіз газеттердің негізін қалауға бастамашы болған, облыс әкімінің баспасөз қызметін басқарған, талай жыл «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Иса Омар көркем шығармаларымен де елге танымал. Яғни, жазушының жеке кітап сөресі тағы бір тың дүниемен толықты. Оқырманға ұсынылып отырған «Жүрек сөзі» туындысында қаламгер рухани өмірімізде болып жатқан оқиғаларды таразылап, ұлттық рух, өркениет әлемінде алатын орнымыз жөнінде ой толғайды. Көпшілік қауымға арналған кітап жазушы  талантының сан қырлы сырына үңілуге мүмкіндік береді. 

Алматыдағы "Толғанай Т" баспасынан басылып шыққан аталмыш кітапқа Иса Омардың әндері мен термелері және толғаулары, барлығын қосқанда екі жүзден астам шығармашылық туындылары топтастырылған. Әралуан тақырыптарды қамтитын алты бөлімнен тұрады. Әуендері бар өлеңдер ноталарымен бірге берілген. Саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, дүйім жұртқа белгілі журналист-жазушының бүгінде екі жүзден астам  өлеңдері бар. Оның жетпіске жуығы жарық көрген екен. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, журналист-жазушы Иса Омар бірнеше прозалық және публицистикалық еңбектерімен де танымал. Мысалы, «Мұхиттың ар жағы мен бергі жағы», «Жол жазба» сынды шығармалары көпшілік сүйіп оқитын туындыларға айналған.Сондай-ақ, шығармалары орыс, өзбек және қырғыз тілдеріне аударылған. 

Жазушыға жазбай қалудан асқан қасірет жоқ шығар сірә.Журналистің жолсапар очерк¬терінің өзі бір төбе. Ұлтының ұлылары туралы айтары да аз емес. Әлі де қолынан қаламы түспеген жазушыға «Жазар көбейіп, жүз жасаңыз!» деп тілек айтамыз!

Той мәдениетін қалай қалыптастырамыз?
Капитализмдегі күнкөріс кәсіптері. Таксист жайлы не білесіз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу