Қазақ боксының ақыл-ойы
23-01-2024
Той – қазақ халқы үшін ерекше мәнге ие. «Жақсы әйел үй дәулеті, жақсы шапан той дәулеті», «тойға барсаң тойып бар, торқа тонын киіп бар», «той сылтауымен тон бітті», «тойға барсаң бұрын бар, бұрын барсаң орын бар», «той десе қу бас та домалайды». Тізе берсек, қазақ халқында тойға байланысты айтылған мақал-мәтел аз емес. Осыдан-ақ, қазақ пен тойды егіз ұғым десек болатындай. Қандай қиын-қыстау кезең болмасын, қазақ тойды ешқашан жетімсіреткен емес. «Шашылсаң, тойда шашыл», «Бұдан да қиын күнде тойға барғанбыз» деген сөздер осының айқын айғағы.
Өкінішке қарай, кезінде өзгеге берер өрнекті өнегесімен, қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрінің қатаң сақталуымен тәрбие ортасы ретінде есептелген тойлар бүгінде бұрынғы деңгейінен құлдырап бара жатқандай. Тойда бір-бірімен жаға жыртысқан, алкогольді ішімдік ішіп, жұрт мазасын алған, ортаға шығып алып, тұрпайы іс-қимылымен өзгелерге ыңғайсыздық тудырған қонақтар әлеуметтік желіде жұлдызға айналуда. Осыны көре отырып, тойға деген бұрынғы жылы көзқарас суып, бұрнағы тәрбие құралының сабы жұқарып бара жатқан секілді. Осы қарқынмен жалғаса берсе той жын-ойнақ айналып кетпей ме? Бұл қарақошқыл тенденцияны қалай ретке келтіруге болады?
Осыған орай, жақында Оңтүстік өңірінде ешкімге ұқсамайтын өзіндік бағыт-бағдарымен, жаңалық беруде жаңашылдыққа ұмтылған, бүгінде атына заты сай «NAR TV» телеарнасының ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында той мәдениетін қалыптастыру жөнінде мәселе талқыланды. Бұл талқылау жиынына аталған арнаның басшысы Ерсұлтан Әмірбек, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова, Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мадияр Әліпов және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Той – шақыру қағазынан басталғаны абзал
Бұл жиында тек мәселелер құрғақ қана қозғалып қоймай, нақты ұсыныстар да айтылды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Нұрмахан Миятұлы:
– Тойдағы ең басты нәрсе – бару-бармау мәселесін той егесіне алдын-ала айту. Біле білсек, бұл өте маңызды мәселе. Себебі, кейде шақырылған қонақтар дәл той болатын күні келмей қалып жатады. Осының салдарынан той егесі шығынға ұшырайды. Себебі, бүгінде дастарқан жаю да оңай емес. Барамын деп айтып алып, бармай қалу – асқан мәдениетсіздікке жатады. Сондықтан да уақытты жоспарлап үйренген абзал. Біз бұны Астана, Алматы секілді ірі қалалардан үйренсек болады. Онда той егесі қонақтарға «уақытыңыз болса» деп шақырту қағазын бір айдай уақыт бұрын бере отырып, оның тойға келетінін яки келмейтінін алдын-ала біліп алады. Нәтижесінде, той егесі келетін қонақтар санын анықтап, соған лайық тойхана әкімшілігіне тапсырыс береді. Сонда ешқандай ысырап болмайды.
Және келесі мәселе – кешікпеу. Қонақ кешікпей келу арқылы той егесіне деген құрметін білдіреді. Дегенмен, бізде бұл жағы ақсап тұр. Той егесіне өз деңгейінде құрмет көрсетілмей жатады. Сағат кешкі 8-де болатын той кешіккен қонақтарға байланысты түнгі 10-дарда бір-ақ басталып жататын кездер жиі орын алады. Бұған дейін ерте келгендер шаршап, көңіл-күйлері болмайды. Ертесіне жұмысқа баратындар, бала-шағасымен, алыстан ат арылтып келгендер бар. Олар той егесіне тойанасын беріп, үйіне қайтуға асығады. Осыдан кейін той қалай қызықты өтеді? – деп қазақ ұлтының ылғи кешігіп жүретінін және осынысымен мақтанатын әдетінің тигізер зардабы орасан екенін айтты.
Нұрмахан Миятұлының сөзін басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова сабақтады:
– «Театр – гардеробтан басталады» демекші, тойдың шақыру қағазынан басталғаны абзал. Жақында Солтүстік жаққа барғанда, қызықты көрініске куә болдық. Онда бір кісіге шақыру қағазы келді. Оқып көрсек, шақыруда «тойға шақыру міндет, кешікпей келу ізет» деп жазылып тұр екен. Кейін әлгі кісі тойға кешікпей барды. Той өз уақытында басталды. Той барысында жұрт ортаға топырлап шығып, ағыл-тегіл тілек айтпай, бәрі отырған орындарында тілектерін ақ қағазға жазып берді. Бірі сыртқа шығып, бірі ішке кіріп, ары-бері даудырап ағылып жатқан қонақтарды көрмедік. Бұл бізге таңсық көрінді. Той тамаша өтті. Меніңше, әрбір үлкен іс осындай кішігірім детальдарға мән беруден, соларды ретке келтіруден басталады.
«Бір айда отыз той, отыз тойға қорадағы отыз қой»
Сонымен қатар, жиын барысында тойды қысқарту мәселесі де талқыланды. «Өзгеге өткізіп қойғанымды қайтарып алам» деген тоғышар пиғылда той жасаушылар көбейді. Осыдан келіп, той саны артқасын, оның сапасы кемиді. Той бұрынғыдай «отыз күн ойын, қырық күн той» дәрежесінде емес, жай ғана отырыс деңгейіне құлдырайды. Осыны белгілі бір жүйеге түсірмесе, той деген сөзді естіген қалың бұқараның аза бойлары қаза болатын дәрежеге жетеді. «Бір айда отыз той, отыз тойға қорадағы отыз қой» деген әзілге құрылған сөз тіркестері осыдан шықса керек.
Бұл мәселені қалай шешсе болады? Жай ғана айтып қоймай, қандай нақты іс-әрекеттер жасаған абзал? Осы мәселеге байланысты телеарна басшысы Ерсұлтан Әмірбек:
– Бізге қалай да болса той мәдениетін қалыптастыру керек. Елбасы мақаласында айтылған «Рухани жаңғыру» тапсырмасына сәйкес, тойды өткізу үрдісін жаңғырту қажет. Бұрынғы қалыппен қалып қоюға болмайды. Сол үшін әлеуметтік желі қолданушылары арасында үздік жобалар бойынша, барлық бұқаралық ақпарат құралдарымен осыны бір мәселе етіп көтерсек деген ортақ оймен, байқау жариялауға шешім қабылдадық.
Байқауға желі қолданатын кез-келген тұрғын қатыса алады. Басты талап – той тақырыбына қатысты жарияланым арқылы қоғамға ой салу. Мәтін көлемі 100 әріптен кем болмауы керек. Есте сақтайтын тағы бір мәселе жазба «Ontoi» хештегімен жариялануы тиіс. Сонымен қатар, байқау кезінде өзге аймақтардағы той ерекшеліктерін үлгі етіп ұсынуға болады. Бізге тойды кеңінен насихаттау керек. Мысалы, «тойда пәленше деген кісі осылай деп тілек айтты» деп, тілегін бейнекамераға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктейік. Бүгінгі таңда әлеуметтік желіні еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қолданатынын ескерсек, тойдағы өнегені әлеуметтік желі арқылы насихаттаған тиімдірек.
Жүлде қоры – 500 000 теңге!
Сонымен, бұл байқауда жалпы жүлде қоры – 500 мың теңге. 1-орын үшін сыйақы көлемі – 100 000 теңге; 2-орын үшін – 70 000 теңге; 3-орын үшін сыйақы көлемі – 50 000 теңге болады. Сонымен қатар, жеңімпаздардан басқа, байқауға қатысқан өзге де үміткерлерге ынталандыру сыйақысы тағайындалады. Әйтсе де, сыйақы қоры мұнымен бітпейді екен. Журналист, «MediaON» порталының бас редакторы Малика Абдалиева «NAR TV» телеарнасы өткізгелі жатқан бұл тың бастаманы қолдайтынын айтып, өз қалтасынан қосымша жүлде тағайындайтынын жеткізді.
– Осы жерде менің есіме Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың тойға қатысты айтқан мына ойы қайта-қайта оралуда. «Тойда гүл лақтыру немесе қазақтың бүгінгі той мәдениеті... Кейінгі кезде қалыңдық ортада тұрып, артына гүлді лақтыратын әдет пайда болды. Улап-шулап, соған таласып-тармасып, не көрінді сонша? Ұят нәрсе. Сол гүлді лақтырғанша, үкісін артындағы қыздарға үлестіріп бергені дұрыс. Енді ол келіншек болады, сәукеле киеді, бір жыл бойы соның желегін салады. Қазір сол тойда гүл лақтыру емес, осылай үкісін үлестіріп беру дәстүрін жаңғыртуды қолға алып жүрмін. Құдайға шүкір, ұзату тойында үкісін үлестіретін қыздар көбейіп келеді. Міне, осындай байқау арқылы той мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік зор. Өнегелі нәрселерді насихаттайық, - деді Малика Абдалиева.
Өз кезегінде жастар саясаты басқармасы да жүлде үлестіруге үлес қосатындарын хабарлады. Осылайша, «төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші, Оңтүстікте кілең жайсаңдар бас қоса отырып, той жөнінде мәселе көтере бермей, оны іс жүзінде реттеуге кірісіп те кетті.
Байқау қорытындысы тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланады. Салтанатты рәсімнің өткізілетін жері және күні алдын ала хабарланатын болады. Байқау нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарында, байқауды өткізуші сайттарында және әлеуметтік желілерде жарияланады. Байқауға қатысатын жұмыстың авторлық құқықтарын сақтау жауапкершілігін байқауға жұмысын жіберген қатысушы толық өз мойнына алады.