«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады»

Oinet.kz 28-10-2017 1388

Screenshot_4.jpg

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген сөзі білім сапасын арттыру үшін әрбір мұғалім жауапты дегенді білдірсе керек.

Иә, «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады», – деп ұлы Абай бекер айтпаған. Бұл сөз ұстаздар қауымына күрделі де салмақты жүк әкелетіні анық. Американың белгілі мемлекет қайраткері Уоллес Генри: «Берік тұрақты өмірге жетудің бір ғана жолы – тоқтаусыз ілгерілеу» деген екен. Осы орайда, Елбасының ««Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін» деуі жастарды бәсекеге қабілетті болуға жетелеп, ұлы істерге бастайтын маңызды қадам ретінде баршамызға ортақ жауапкершіліктер жүктейтіні анық.

Кез келген мемлекет үшін білімді жастар – ұлт болашағы. Бұл салада ұстаздарға артылар салмақ еселене түседі. Яғни, білім беруді жаңғырту мен инновациялық үрдістердің жалғасуына ықпал етудегі маңызды фактордың бірі - мұғалімнің кәсіби шеберлігі. Бұған педагогтің жеке тұлғалық потенциалы, кәсіби құндылықтары да жатады. Яғни, педагогтардың негізгі міндеті - инновациялық білімді дамыту, жаңа идеялар мен жаңалықтарды оқу-тәрбие үрдісіне өзгеріс ретінде енгізу. Оқытуды мейлінше жаңа сапаға көтеру мақсатындағы мұғалімдер ұсынып отырған идеялар тың әрі ауқымды, терең ізденістен туған еңбек. Кәсіби педагогикалық шеберлікті, шынайлықты талап ететін қазіргі заман ұстаздардың әрбір ісін, жоспарын мұқият зерделеуін талап етеді. Қазіргі уақытта білім интеллектуалдық қана емес, сонымен қатар қоғам өркендеуінің экономикалық базасын құрайтын мемлекеттің іс-әрекетінің аса маңызды саласы болып табылады.

«Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту». Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұстаздар арасында қызу қолдауға ие болды. Бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Ондағы түйінді идея – бүгінгі білім мен ғылым жүйесінің уақыт талабына жауап бере білуі болып табылады. Елімізде білім берудің мазмұнын жаңарту осы салада қызмет ететін тұлғаларға көптеген міндеттер жүктейді. Халық арасында «Көштің көріктілігі – көсемінен» деген терең мағыналы сөз бар. Сондықтан, елінің жанын ұғатын, халқын замана көшімен аман алып келе жатқан ғасыр тұлғасы ұсынған нақты қадамдарды жүзеге асыру – барлық білім саласы қызметкерлерінің негізгі міндеті болмақ.

Анафия ҚАДЫРБЕКОВА,

Оңтүстік Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау департаментінің бас маманы

​Жұмат Әнесұлы. Жүз жылға созылған қуғын
Той мәдениетін қалай қалыптастырамыз?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу