Кәсіпкерлер туған жерге тағзым етті

Oinet.kz 09-11-2019 736


Screenshot_23.png

Елбасымыз, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынғаны белгілі. Мемлекет басшысы отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын қадап айтқан еді. Елбасымыз бұл жөнінде «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» - деп атап көрсетуінде үлкен маңыз бар. «Туған жерге туың тік» дегендей, «Туған жер бағдарламасы» аясында Шардара қаласында мазмұны зор іс-шара ұйымдастырылды.

Ауданымыздың 55 жылдық Мерекелік іс - шара бағдарламасының жоспарына сәйкес Шардарадан шыққан есімдері елге белгілі бір топ кәсіпкер азаматтар жұма, 8 қараша күні туған жерге оралып, жерлестерімен кездесті. «Туған жер тұғырым» акциясы аясында ұйымдастырылған осынау іс-шара қаладағы «Тұңғыш Президент» саябағынан бастау алды. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиевтің жетекшілік етуімен алыс-жақыннан келген кәсіпкерлер, кезінде ауданның дамуына үлестерін қосқан ел ағалары ең алдымен саябақ ішіндегі Кеңес Одағының Батырлары Сейітқасым Әшіров пен Абылай Әлімбетовтің, Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаның ескерткіш-мүсіндеріне, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай тұрғызылған «Даңқ» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Саябақ ішін аралап көріп, аудандық ардагерлер Кеңесінің ғимаратында болды. Мұнан кейін аудандық тарихи-өлкетану мұражайына ат басын бұрып, Шардара ауданының тарихымен танысты. Музей директоры Нұрлан Сымайылов қонақтарды ауданның құрылуына 55 жыл толуына орай деректі хикаяттардан мағлұматтар келтіріп, құнды жәдігерлермен таныстырды.

Акцияға келген азаматтар «Шардара Армспорт» спорт клубында болып, бірнеше спорт үйірмелерінде болды. Спорттың армрестлинг, жеңіл атлетика, таэквон-до, найза және ядро лақтыру түрлері бойынша шұғылданып жатқан өрендермен кездесіп, «ел абыройын асқақтататын чемпион бола беріңдер» деп баталарын берісті. Қонақтар Бекзат Саттарханов атындағы саябақ ішіндегі «Отбасылар аллеясына» барып, шырша көшеттерін отырғызды.

Салтанатты шара қаладағы «Мәлика» дәмханасында одан әрмен жалғасты. Шара үстінде сөз сөйлеген аудан әкімі Қайрат Жолдыбай Шардара ауданының құрылғанына 55 жыл толып отырған айтулы датаның мән-маңызына кеңінен тоқталды. Өңір халқының еңбекқорлығының, ауызбірлігі жарасқан ынтымақты ел болуының арқасында талай асуларды бағындырып, қазіргі таңда дамып келе жатқан аудандардың қатарында екенін атап көрсеткен Қайрат Жолдыбайұлы мұндай жетістікке жетуге аға буын өкілдерімен қатар кәсіпкерлердің де зор үлес қосып келе жатқанын жеткізді. Сонымен бірге, мереке үстінде Қайрат Жолдыбайұлы бір топ азаматтарға, атап айтар болсақ, еңбек ардагері Рахымжан Кенбаев, «Төбелді» қаракөл қой шаруашылығының төрағасы Жаппар Кәрімов, «Тұрар» шаруа қожалығының төрағасы Юрий Ан, кәсіпкер Төлбасы Бектасов сынды азаматтарды аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапаттады. Мұндай мазмұндағы марапаттауды аудандық мәслихаттың хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев те жасады.

Өз кезегінде сөз алған Рахымжан Кенбаев Шардара қаласында оң өзгерістердің көп болып жатқанын тілге тиек етіп, жерлестерін ауданның 55 жылдық мерекесімен құттықтады. «Көп тілегі көл» деген мақалды орынды келтірген ел ағасы ауданның мерейтойына өз отбасының атынан қаржылай үлесін қосып, Шардараның шарықтай беруіне тілектестігін білдірді. Игі істен өзгелер де шет қалған жоқ. Жаппар Кәрімов, Төлбасы Бектасов, Асылбай Тілегенов, Дүйсенкүл Серкебаева, Үсен Құралбаев, Қыстау Ілесов, Амангелді Сәдірұлы, Сапар Баратов, Сейсен Қуан, Юрий Ан, Дәулет Бектасов, Нүридин Сыздықов, Құрманғазы Әкпаров, Ерлан Сүттібаев , Нұрмахан Қары, және басқа да азаматтар ауданның тойына қаржылай демеушілік жасады.

Салтанатты шараның шырайын Әбдіғаппар Айдаров, Бақберген Омаров, Эльмира Шонаева, Ербол Таңжаров, Нұржан Жығалиев есімді өнерпаздар келтіріп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі.


Белсенді жастармен кездесу
Бірлік пен ынтымақты паш еткен байқау
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу