11 нысан пайдалануға беріледі
Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тікелей эфирде баспасөз конференциясын өткізді. Ол өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы және сан түрлі салада атқарылған жұмыстар туралы баяндады деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Өздеріңіз білетіндей, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына небәрі бір жылдан аса уақыт өтті. Ежелгі түркі әлемінің талбесігі – Түркістан Елбасының стратегиялық маңызы зор шешімінен кейін дамудың жаңа сатысына көтерілді.
Бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар өңірдің тыныс-тіршілігі жаңаша қалыпқа еніп, облыс орталығы – Түркістан алып құрылыс алаңына айналды», - деген өңір басшысы құрылыс жұмысы талапқа сай жүріп жатқанын жеткізді.
Қазір көне шаһарда өңір әкімдіктері, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері тарапынан 26 нысанның құрылысы жүргізілуде. Әкімшілік-іскерлік орталығында облыс әкімдігінің, басқармалар ғимараттары мен Конгресс-холл және медиаорталықтың, Нұр-Сұлтан алаңы, Қ.А.Яссауи мұражайы, оқушылар сарайы, стадион, музыкалық мектеп пен цифрлық кеңсе, бассейні бар спорт кешені, смарт-сити байланыс желілері, олимпиадалық резервтегі спорт мектебі мен қалалық саябақ, туризм бағытындағы колледж және халыққа қызмет көрсету орталығы бой көтеруде. Биыл 11 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Ал әкімшілік-іскерлік орталықта жалпы 2351 пәтерлік 52 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қараша айында 205 пәтерді құрайтын 7 үйдің құрылысы аяқталады. Жоспар бойынша қалған 610 пәтерлік 19 үй жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.