Кір жуудың ең негізгі ережелері
Неше жерден техниканың заманы, неше жерден машина атқарады дегенмен кір жуу оңай емес. Төсек-орын, киім-кешекті күшке тигізбей ақ шағаладай қып тазалаудың жолын қай бәйбіше білгісі келмейді. Ендеше, кір жуудың қыры-сыры туралы технологтардың кеңесіне құлақ түріп көрелік.
Жуатын нәрсеңіз біреу емес, бірнешеу болған жағдайда жүннен тоқылғаны мен жасанды талшықтан (синтетика) тоқылғанын, ағы мен түрлі-түстісін бөлек- бөлек шығарып алыңыз. Іске содан соң кірісіңіз.
Кірді жумастан бұрын сабынды суға салып, жібітіп қойған дұрыс. Сонда оңай тазарады.
Мата атаулы жүннен және химиялық талшықтан (жасанды жібек, синтетика), мақтадан тоқылған болып, үшке бөлінеді. Оның әрқайсын жуатын ұнтақ сабын (стиральный порошок) бөлек. Мәселен, құрамында энзимі бар ұнтақпен жүннен тоқылған матаны, таза жібекті жууға болмайды (өңі кетеді). Энзимді ұнтақ салынатын судың ыстықтығы 60 градустан аспауы керек (қораптың сыртында көрсетіледі). Әйтпесе сапасына нұқсан келеді.
Жүн мен жібек қалыпты, капрон мен нейлон әлсіз көпіретін ұнтақ сабынмен жуылады. Ұнтақ сабын қорабының сыртындағы ескертуге сәйкес қолданылса кірді ашады және матаның «ғұмырын» ұзартады.
Ақ түсті төсек-орынды жуардың алдында 150 грамдай ұнтақ сабын бір ас қасық ағартқыш (отбеливатель) және бір ас қасық өсімдік майы қосылған суға салып, біраз уақыт жібітіп алған дұрыс.
Жуылатын кірді алдын-ала жібіткенде ұнтақ сабынды дұрыс таңдау қажет
Түрлі-түсті жіптен тоқылған матаны әр литріне екі шай қасық мөлшерінде тұз қосылған суға салып, жібітіп барып жуған дұрыс. * Жөнді кірлемеген бұйымды, киімді алдын-ала суға салмай жуа берген жөн.
Үш ас қасық мөлшерінде су тегі тотығы (перекись водорода) қосылған ыстық суға жарты сағаттай салып қойып барып жусаңыз, кіріңіз шайдай ашылады.
Су қаншалық ыстық болса, кір соншалық жақсы тазарады деп ойлау қате. Қайнату мен жуудың екеуі екі бөлек.
Жуылған кір таза сумен мұқият шайылмаса, сабыны да, кірі де дұрыс кетпейді. Оны су қашан тап-таза болғанша шаю керек. * Түрлі-түсті бұйымды, киімді жуғаннан кейін сірке қышқылы (уксус) қосылған сумен шайсаңыз жаңарып, жарқырап шыға келеді. Ол бір шелек суға 3-5 ас қасық шамасында қосылады. Сірке қышқылы қосылған сумен шайылған кір қыста жайған жібіңізге жабысып, қатып қалмайды.
Кірді жумай жинап қоюға болмайды. Жатып қалған кір бұйым да, киім де иістеніп кетеді әрі өңінен айрылады. Дұрыс тазармайды.
Дайындаған: Айдос Айгерім
Дереккөз: www.info-tses.kz