Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Баяғыда төрт әйелі бар сұлтан өмір сүріпті. Әйелдерінің бәрі де бірінен-бірі өткен сұлу, ақылды болыпты. Десе де, сұлтан ең мейірімді, ең жас, төртінші әйелін бәрінен де қатты жақсы көріпті. Сондықтан оған әрдайым қымбат көйлек кигізіп, баға жетпес әшекейлер сыйлап, көңілін таба біліпті.
Сұлтан жер бетіндегі ең сұлу әйел – үшінші әйеліне де ессіз ғашық болыпты. Ол өзге елдерге сапарға шыққанда үшінші әйелінің әдемілігіне ел тамсансын деп, әрдайым оны жанына ертіп жүріпті. Десе де, «Сұлу әйелім күндердің бір күнінде менен кетіп қала ма?» деген ойдан қатты қорқыпты.
Ақылы мен қулығы асқан сұлу – екінші әйелін де сұлтан құлай сүйіпті. Өйткені ол сондай ақылды, тартымды, әрі сабырлы екен. Сұлтан алдынан кесе көлденең шыққан кез келген мәселе бойынша екінші әйеліне ақыл сұрап, жүгінеді екен. Әйелі болса, барлық қиындықтан шығар жолды дұрыс көрсетіп, бар мәселенің шешімін тауып беріп отырыпты.
Ал бірінші әйелі – өзгелерінің ішіндегі жасы ең үлкені. Ол сұлтанға ағасынан қалған мұра сияқты еді. Сұлтанға өте адал болыпты. Сондай-ақ сұлтанның байлығы мен мансабы артып, ел арасында танымал болуы үшін қолынан келгеннің бәрін жасапты. Алайда сұлтанның оған ешқандай да сезімі болмапты. Бірінші әйелі сұлтанды қатты сүйсе де, ол оған мүлде назарын аудармаған екен...
Күндердің бір күнінде сұлтан қатты науқастанып қалыпты. Ақырғы күнінің жақындап қалғанын сезген ол өткен өміріне көз жүгіртіп, қалай өмір сүргенін ойлады. «Қазір төрт әйелім бар. Ал о дүниеде жападан жалғыз қаламын ғой» деп ойлаған сұлтан бірден төртінші әйелін шақырып:
— Сен әркез менің ең сүйіктім болдың. Саған мен ең жақсымды беріп, әрдайым қамқор болдым. Қазір, өлім аузында жатқанымда сен де менің жанымнан табылып, қараңғылық патшалығына менімен бірге аттануға дайынсың ба? – деп сұрапты.
— Бұл жайында тіпті армандама! – деп дүрсе қойған жас келіншек басқа ештеңе айтпастан, өз жөнімен кетіпті. Сүйіктісінің бұл сөздері науқастанып жатқан сұлтанның жүрегін одан ары ауыртыпты. Ашуланған сұлтан үшінші әйелін шақыртыпты. Сұлтан:
— Өмір бойы мен сені ғана мақтан тұтып, сұлулығыңа тамсанып өттім. Қазір, өлім аузында жатқанымда сен де менің жанымнан табылып, қараңғылық патшалығына менімен бірге аттануға дайынсың ба? – деп сұрапты.
— Әрине, жоқ! – деп жауап қайтқан сұлуы: Менің өмірім жалғасуда. Мүмкін, мен тағы тұрмысқа шығармын, – деген екен. Сұлу келіншегінен мұндай жауап естіген сұлтанның халі одан ары нашарлай түсіпті. Сонда ол екінші әйелін шақыртыпты.
— Қиналған шағымда сенен әркез ақыл сұрадым. Сен менің ақылшым әрі ең мықты көмекшім болдың. Қазір, өлім аузында жатқанымда сен менің жанымнан табылып, қараңғылық патшалығына менімен бірге аттануға дайынсың ба? – деп сұрапты сұлтан.
— Өкінішті, бірақ бұл жолы мен сенің жаныңда көмекшің бола алмаймын. Бар болғаны, сені бар жол-жоралғымен жерлеуге уәде бере аламын, – деген екен екінші әйелі. Сұлтан өмірден түңіліп, бәрінен көңілі әбден қалыпты. Сұлтан сол уақытта:
— Мен сенімен қайда болса да, баруға дайынмын және әркез жаныңда боламын! – деген дауысты естиді. Басын көтеріп қараса, алдында бірінші әйелі тұр екен. Күйеуінің науқастанып, ауыр халде жатқанын уайымдаған әйел әбден азып-тозып кеткен екен. Таңғалған сұлтан:
— Бойымда жаным барда басқаларға емес, саған көбірек көңіл бөлуім керек екенін енді ғана түсіндім! – депті.
Біздің барлығымызда төрт әйел бар. Төртіншісі – денеміз. Қанша жерден әдемі, жақсы көрінгіміз келгенімен, оның еш пайдасы жоқ. Өйткені ол сымбат бізбен бірге о дүниеге бармайды.
Үшінші әйел – қызмет, мансап және ақша. Біздің өмірімізден кейін олардың барлығы басқаларға қалады.
Екінші әйел – отбасы мен жақындарымыз. Олар өмір бойы бізге көмектесіп, қамқоршы болады, бірақ біз о дүниелік болғанда жақындарымыз бізді бейітке дейін ғана шығарып салады.
Ал соңғысы, яғни бірінші әйел – біздің жанымыз. Байлық, бақыт, ақша, мансап, рақатқа бөлену жолында жанымыздың жайын ұмытып, бәріне де барамыз. Осыған қарамастан, тек жанымыз ғана әрдайым бізбен бірге болады. Сондықтан оны әркез бірінші орынға қойып, қорғап жүруді ұмытпаңыздар. Бұл өмірде бізге берілген ең үлкен сый – жанымыз. Оған көңіл бөліп, қамқор болайық.
Аударған: Құралай Мұратқызы
Дереккөз: womparadise.ru