Ұлттық қолөнер орталығы ашылмақ
Жақында Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласында «Ұлы Жібек жолы» атты ұлттық дәстүрлі қолөнер орталығы бой көтермек.
Аталмыш жобаны іске асыру үшін баяғы Түркістан қаласының Оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан зияратшылар орталығының ғимаратын қайта құру жоспарланып отыр.
Түркістан қаласын туризм орталығына айналдыру мақсатында жасалып жатқан жобаға аумақты абаттандыру, әртүрлі табиғи тастармен көмкерілген жолдар жасау және арнайы көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек.
Алдағы уақытта ғимараттың бірінші қабатында шеберханалар, демалушыларға арналған кафетария, шоу-рум (дүкен) орналасса, екінші қабатта әкімшілік бөлік, конференц-зал, 18 бөлмеден тұратын шағын апартамент пен тамақ ішуге арналған бөлмелер ашылмақ. Нысан бұрынғы «Зияратшылар орталығының» ғимараты болатын. Орталықта қолөнершілер үшін дуалды білім беру орталығы ашылады. Шәкірттер дәстүрлі қолөнердің барлық түрлерін үйренеді. Керамика, тоқыма, ағаш және былғарымен жұмыс жасауды, сондай-ақ зергерлік бұйымдар мен қола құю істерін меңгеретін болады.
Айта кетейік, нысанның құрылыс жұмыстары Түркістан облысының Жоспарлау кеңсесінің тікелей бақылауында.