Жолдау жүктеген міндет
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын насихаттау мен жүзеге асыру жолдарын талқылау бойынша Түркістан облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Сайрам ауданы тұрғындарымен кездесті.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесу барысында "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жан-жақты түсіндіріп, Жолдауда көтерілген негізгі міндеттерге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп түскен өтініштердің қаралу барысына, тұрғындардың көкейкесті мәселелерін шешуде мәслихаттардағы фракцияның алатын орны мен партия филиалдарының жұмысын қайта жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Өз кезегінде Түркістан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы секретариатының меңгерушісі Рысбеков Ғани Құрмашұлы, ҚР Президенті жанындағы "Қоғамдық келісім" РММ директоры Мәжитов Саттар Фазылұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Пулатов Шерзод Аббазұлылар Жолдаудың бағыттары бойынша хабарлама жасады.
Кездесу соңында облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Даулетұлы Сайрам аудандық мәслихатының хатшысы Мұсахан Жансерікті Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Алғыс хатымен марапаттады.
Аталған кездесуден бөлек, ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Жолдауды насихаттау және түсіндіру мақсатында Оңтүстік Қазақстан индустриалды- инновациялық колледж ұжымы мен студент жастармен кездесті.