Ет экспорты артып отыр
Мал шаруашылығы саласын дамытудың негізгі көрсеткіштері мал басы мен мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайтуға және асыл тұқымды мал басының үлесін арттыруға бағытталған. Ордабасы ауданында ауылшаруашылық саласында өсім байқалады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында ауданда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі – 12 млрд. 951 млн. 500 мың теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 млрд. 537 млн 500 мың теңгеге артқан.
Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, ірі қара мал – 6,1%-ға (80 632 бас), қой – 1,7%-ға (451 859 бас), ешкі –2,0%-ға (21 504 бас), жылқы тиісінше – 4,8%-ға (24 525 бас), түйе саны – 29,3%-ға (785 бас) өсіпті. Атап айтқанда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша – 413 бас ірі қара мал; «Алтын асық» бағдарламасымен – 2 077 бас уақ мал; «Құлан» бағдарламасымен – 113 бас жылқы алынған.
Биылғы жылға ауданда 35 мал бордақылау алаңын ашу жоспарланған екен. Жоспар артығымен орындалып, қазіргі таңда 36 алаң ашылып, мал бордақылауды бастаған. Сондай-ақ 26 шағын жанұялық сүт фермалары іске қосылды. Бөржар ауыл округінде «Сабыр» шаруа қожалығы «ФудМастер-Шымкент Компания» ЖШС-мен келісім-шарт түзіп, тәулігіне - 1,0 тн сүт қабылдайтын бекет ашты.
Ал «Ораз» шаруа қожалығы 15 мың басқа ыңғайластырылған, етті бағыттағы құс фермасын, жеке кәсіпкер Рзаев Полатхан 1500 бастық асыранды қаз өсіру нысанын іске қосты. Нәтижесінде ет эспортының мөлшері артып отыр. Айталық бүгінге дейін 178,1 тонна қой еті мен 1 193,5 тн күрке тауық етінің өнімдері және 93 бас жылқы экспортталып үлгерген.