Білімге бастар жол
"Әрбір бала - жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет"! Осындай ұранмен таяуда жаңа оқу жылы қарсаңында "Жастар ресурстық орталығы" КММ-і бастама көтеріп, Отырар ауданның ерікті жастарының үлес қосуымен "Білімге бастар жол" қайырымдылық акциясы өтті. Мектеп жасындағы барлық балаларды орта біліммен қамту проблемаларына жұртшылықтың және тұрғын халықтың назарын аударту мақсатында ұйымдастырылған шараға 13 ауыл округінен түрлі деңгейдегі мектеп оқушылары қатысты.
Шараны аудан әкімі Ә.Жүнісов ашып беріп, балаларға алдағы оқу жылына сәттілік тіледі. Одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, оқушыларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Аталмыш іс-шараның маңыздылығы аға буынның іні буынға жасаған қамқорлығы, іні буынның өзінен кейінгілерге үлгі болуы болса, осы іні-қарындастарымызға қамқорлық пен жомарттық танытып жүрген ауданымыздың белсенді жастары демеушілік жасаудан аянған емес.
Іс-шараны аудандық мәслихат депутаты А.Асан қорытындылап, келген оқушылар мен олардың ата-аналарына тәттілер ұсынылды. Барша қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.