Мәжіліс депутаты мемлекеттік грантты жеңіп алғандардың шығынын есептеп, өзгеріс енгізбек
Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов білім және ғылым министрлігінен білім гранты құрылымын қалыптастыру әдістемесін қайта қарауды сұрады, деп хабарлайды OINET.KZ сайтының тілшісі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Соңғы 5-6 жылда инфляциялық процестер университеттердің кірісін шамамен екі есеге дейін азайтты. Бұл оқытушылар мен қызметкерлердің жалақысына әсер етті, демек, жалпы университеттердің дамуына да кері ықпал жасады", - деді Бектұрғанов үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында.
Қазір жоғары білімнің барлық шығыны екі топқа бөлінеді. Біріншісі – оқу процесіне тікелей байланысты шығындар, яғни тікелей шығын. Екіншісі – білім беру қызметін қамтамасыз етуге, яғни білім беру ортасын қалыптастыруға жұмсалатын шығын. Білім грантының құнына тек білім беру процесімен байланысты шығындар ғана кіруі керек. Бұл Әбдіманап Бектұрғановтың есебі.
"Жан басына қаржыландыруға көшу жағдайында бұл өте маңызды. Студент конкурстық негізде жоғары білім алуға арналған мемлекеттік грантты жеңіп алады. Бұл жағдайда жоғары білім алуды мемлекеттік қолдау тікелей нақты адамға көрсетіледі. Сондықтан, білім грантының құны білім беру процесіне байланысты шығындарды ғана қамтуы керек", - дейді ол.
Ал, білім беруге қажетті орта құру, яғни білім алуға жағдай жасау – осы қызметті ұсынатын тұлғаның міндеті.
"Сондықтан, бұл шығындарды білім беру қызметін көрсететін ұйым көтеруі керек", - деп санайды Бектұрғанов.
Әбдіманап Бектұрғанов білім грантын қалыптастырудың қазіргі жүйесінде білім беру процесіне және білім беру ортасына қатысты барлық шығын есептелген.
"Жоғарыда айтылғандардың негізінде, сізден жоғары білім беруде кредиттік-жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында білім беру гранты құрылымын қалыптастыру әдістемесін қайта қарау қажеттілігін қарастыруды сұраймыз", - деп қорытты сөзін ол.