Қазақстандағы билік транзиті: Қашан? Қалай? Кім?

Oinet.kz 24-08-2019 924

1366001.jpg

Бұдан бір ай бұрын Айсұлтан Назарбаев «Фейсбуктегі» парақшасында нағашы атасы Нұрсұлтан Назарбаевты төңіректеген шенділерді сынап пост жазды. Айсұлтанның бұл әрекетін сол кезде «шақшадай басы амбицияға толы баланың ісі» деп санағандардың қатары көп еді. Алайда арада ай аунаған жоқ, «амбицияның» қайдан шығып жатқаны белгілі бола бастады. 

Президенттің жиені не деп еді сонда? Қайталап еске түсірейікші. 

«Президенттің командасында көп адам бар. Олардың көпшілігі – кәсіпқойлар. Алайда кейбіреулері жұлдыз ауруы симптомынан арыла алмай жүр. Ондайларды кінәлау орынсыз да шығар – ауру қатты, ғасырлардан бері қарай талай-талай мықтыларды қалпақтай түсірген. Өкінішке қарай, бұл адамдар мемлекеттің, халықтың мүддесінен аулақ, ойлағандары өз қамы. Мұндай ауру адамдар мемлекеттік тапсырманы орындауға қауқарсыз. Мұрыннан қан кеткенше жұмыс істеуге тиіс кезде бұлар менің атама қалай көмектеседі? 

Кәрім Мәсімов Президенттің айналасын жемқорлар мен жабысқақтардан қалай тазартып жатқанын көріп жүрміз. Көптен бері қолданылмай кеткен «халық жауы» деген сөзді жоғарғы эшелондағы ұры шенеуніктерге қатысты қолдануға болар. Өйткені олар халыққа жамандық істеп жүр...». 

ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке көпшік қоя сөйлеген Айсұлтан Назарбаев «президенттің айналасындағы жемқорлар» деген тіркесті құрғақ қолданбай, «халық жауларының» аты-жөнін атайды. Олардың басы – Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев, президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков, сол кездегі вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов және миллиардер Болат Өтемұратов. 

Президенттің жиені атын атағандардың алғашқысы жазаланып үлгерді. Премьер-министрдің орынбасары қызметін бар-жоғы бес айға жуық атқарған Иманғали Тасмағамбетов Ресейге елші болып кетті. Және оны «өзі сұранғандай етіп» аттандырды. Бір сөзінде И.Тасмағамбетовтің өзі: «Ешқашан елшілікке бармаймын. Елшілікпен дипломаттар айналысуы керек» деген. Осыдан кейін оның «өзі сұранғанына» сеніп көріңіз. Елші ету – біздің елде саяси жазаның бір түрі ретінде қалыптасқалы қашан. 

Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевті жуырда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі мақтады. Бірақ, Президенттен бүгін мақтау естіп, ертеңіне-ақ кәріне ұшырағандар аз ба? Ендеше, Президенттің мақтауы мәңгілік кепіл емес екенін ескерген жөн. 

Басқан ізі білінбейтін Болат Өтемұратовты қайдам, әйтеуір, «ыржақай» Әділбек Жақсыбеков әзірге нық отырған сияқты. Билік тармақтары арасында өкілеттілікті қайта бөлуге қатысты жұмыс тобын Ә.Жақсыбеков басқарады. Бірақ мұның да «мәңгілік кепіл» емес екеніне дәлел қайсы? 

«Айсұлтан айтты – атасы айтқанын істеді» деген тайыз пайымдаудан аулақпыз, әрине. Десе де, Айсұлтанның арғы жағынан көлеңкесі көлбең ете қалғандар белгілі бір дәрежеде дегеніне жетті. 

Кейбір саясаттанушылардың айтуынша, Қазақстандағы биліктің ауысуы Өзбекстандағыдай ың-шыңсыз өте салмайды. Оған себеп көп: сыртқы күштердің ықпалы, кландардың ара салмағы, өзін елдің екінші президенті санайтындардың көптігі, нақты кандидатураның жоқтығы, тағысын-тағылар. 

Қазақстанда туып, Ресейге қоныс аударған оппозициялық саясаткер Владимир Рыжковтың пікірінше, Қазақстандағы билік транзиті Түркіменстан сценарийі бойынша өтеді. «Құдай сақтасын, егер алда-жалда бір жағдай бола қалса, биліктің ауысуы жылдам әлі зардапсыз өтеді. Бұған Ресей көмектеседі. Мен сіздерге ашығын айтайын» дейді В.Рыжков. 

Рас, Рыжков ашығын айтып отыр. Алда-жалда бір жағдай бола қалса, ішкі шаруамызға ең алдымен Ресей килігеді. Орыстар Қазақстандағы билік транзиті өздеріне зардапсыз өткенін қалайды. Сол үшін де барын салады. Қажет болса, әскер кіргізуден де тайынбайды. Мұндай жағдайда «біздің Бердімұхамедов» кім болатыны екінші кезектегі мәселе. 

Бірақ біз қаласақ та, қаламасақ та, билік транзитінің шешуші кезеңіне жеттік. Алтынбек Сәрсенбайұлының сөзімен айтқанда, «азапты дилеммаға» – жолайырыққа маңдай тіреп тұрмыз. «Азапты дилемма», билік транзиті дегенде ендігі маңызды сұрақ мыналар: «Қашан?», «Қалай?» және «Кім?». 

Енді осы сұрақтарға өз тарапымыздан жауап іздеп көрейік. 

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев жақында «2017 жылдың соңына қарай Қазақстан президенті ауысады» деді. Саясаттанушының кейде олай-бұлай сөйлей беретінін есепке алмасақ, «әйтеуір, бір күні ауысады» дейтін сәуегейлердің сөзімен салыстырғанда, Әшімбаевтың сөзінде біршама нақтылық бар. 

Биылғы жылдың басында президент Н.Назарбаев халық алдына екі мәрте шықты. Екеуі де тікелей эфир арқылы. Оның бірі – үндеу, екінішісі – жолдау. Соңғы кезде президенттің іс-әрекетінен әлдебір асығыстық байқалады. Дақпыртты тұтқындаулар мен ел күтпеген тағайындаулар осының бір дәлелі. 

Соңғы едел-жедел саяси оқиғаларды ой таразысынан өткізсек, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «билік транзиті» мәселесін тездетіп шешіп алғысы келетінін аңғарамыз. 

Билік транзитінің өзбек үлгісі бізге келмейтінін жоғарыда айттық. Ш.Мирзиеев сияқты нақты тұлғаның жоқтығы, Ресей ықпалының күштілігі, көпвекторлы саясаттың кесірі билікті ың-шыңсыз ауыстыруға мүмкіндік бермейді. 

Қазақстанда Ресейлік сценарийдің іске асуы мүмкін бе? Ельциннің «өз еркімен» биліктен бас тартқанын еске түсіріңіз. Бірақ оған негіз көріп тұрғанымыз жоқ. Жасы 77-ге келсе де, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлі тың. 

Бәлкім, «әзірбайжандық вариант» қолайына жағар? Бұл да мүмкін емес. Кейбір ақпарат көздері «Нұрсұлтан Назарбаевтың кіндігінен тараған ұлдары» туралы айтып, жазып жатқанымен, көзге көрініп тұрған «тақ мұрагері» жоқ. 

Орталық Азияда бірде-бір басшының өз еркімен биліктен кетпегенін ескерсек, бізге ендігі қалғаны – Түркіменстан сценарийі ғана. Және оның қандай жолмен жүзеге асатыны тағы беймәлім. 

Ал енді Қазақстанның екінші президенті кім болады деген сұраққа әзірге нақты жауап табу қиын. Ол үшін «Қашан?» және «Қалай?» деген екі маңызды сұраққа нақты жауап табуымыз керек. 

Аркадий Дубнов дейтін ресейлік сарапшы бір сөзінде былай деген: «Нұрсұлтан Назарбаев мұрагерінің аты-жөнін ашық атай алмайды. Егер атайтын болса, тақтан дәмелі айналасындағылар оның көзі тірісінде-ақ мұрагерін ту-талақайын шығарып, талап тастайды...». 

Ежелден келе жатқан мынадай сөз сұңғыла бар: «Ханның көзін кім жапса, тақ мұрагері сол болады». Бұған енді алып-қосарымыз жоқ. 

Ерік Рахым,

«Рейтинг» газеті №5, 9 ақпан 2017 жыл

Ғалымжан Елшібай - Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы
Алматыда бейбіт митингті қайда өткізуге болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу