Алматыда бейбіт митингті қайда өткізуге болады?
Алматы қаласында жиналыстар, митингілер, пикеттер, шерулер мен демонстрациялар үшін екі орын белгіленді, деп хабарлайды OINET.KZ тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
VI шақырылымдағы Алматы қаласының мәслихаты: 1) жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібін;
2) жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізілетін орындарды бекіту туралы шешім қабылдады.
Нәтижесінде, «Сары Арқа» кинотеатрының артындағы алаң (4-шағын аудан) және «Южный» саябағы (Жароков көшесі, Хожанов көшесінің бұрышы) бейбіт митингілер өткізетін орын болып белгіленді.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бұған дейін Алматыда рұқсат етілген митингтерге арналған орын саны көбейеді деп мәлімдеген болатын. Әкім «Сарыарқа» кинотеатрының алдындағы алаңнан басқа азаматтардың бейбіт жиналысын өткізетін тағы бір орынды анықтау туралы өтінішпен мәслихатқа жүгінуге уәде берген еді.