Бектенов: Қымбат әрі элиталық мектептерді қаржыландыру тоқтатылсын

Oinet.kz 21-01-2026 47

Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылғы 21 қаңтарда өткен Үкімет отырысында Қазақстандағы жекеменшік мектептерді мемлекеттік қаржыландыру тәртібіне қатысты жоспарларды таныстырды деп жазады Оinet.kz ақпараттық порталы. 

image.png

Үкімет басшысы білім беру саласын қаржыландыру жүйесін жедел қайта қарау және бюджет қаражатын бөлудің айқын әрі әділ критерийлерін белгілеу қажеттігін атап өтті.

– Оқу-ағарту министрлігіне өңірлік әкімдіктермен бірлесіп, жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға мораторий енгізуді тапсырамын. Сонымен қатар мемлекеттік қаржы тек өңірлерде оқушы орындарына нақты тапшылық бар жекеменшік мектептерге ғана бағытталуы тиіс. Қымбат әрі элиталық мектептерді қаржыландыру тоқтатылсын, – деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігіне бір ай ішінде жекеменшік білім беру ұйымдарының жаңа талаптар мен стандарттарға сәйкестігін анықтау үшін лицензиядан кейінгі бақылау жүргізу міндеттелді.

Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева білім беру саласында пилоттық режимде іске қосылған жаңа цифрлық тетік туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жүйе жекеменшік мектептерді цифрлық есепке алуды, негізгі процестерді автоматтандыруды және бюджеттік жоспарлау жүйесімен біріктіруді қамтиды. Қазіргі таңда 785 жекеменшік мектеп толық цифрландырылған.

Министрдің сөзінше, мемлекеттік қаржыландыру өңірлік қажеттілікке сәйкес бөлінеді. Басымдық мемлекеттік мектептердің жетіспеушілігі бар аймақтарға, үш ауысымды оқытуды жоюға және апатты жағдайдағы мектептердің орнына жаңа білім беру нысандарын салуға беріледі.

Еске салайық, 2026 жылғы 6 қаңтарда Премьер-министр Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесінде орын алған әділетсіздіктерді  жою жөнінде тапсырма берген болатын.


Президент араласқан соң Алмасбеков кетті. Енді Шымкенттің прокурорын не күтіп тұр?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу