Әкімдер Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасын орындаймыз деп асыра сілтеп жүрген жоқ па?
Көрнекі фото
Биыл Оңтүстікке қыс ерте түсті. Күнтізбедегі мерзім әлі күз демесеңіз, нағыз қысқы шілденің өзі. Күндіздің өзінде температура облыс орталығы-Шымкентте -10-12 градусты көрсетіп тұр. Қазгидрометтің болжамына қарағанда алдағы күндері де күн жылымайды. Жалпы мамандар биылғы қыс қарлы әрі боранды болады деп болжап отыр. Осындай аязда жергілікті әкімдер жаппай көшет егу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жалпы өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың қызметіне тағайындала салысымен қолға алған шаруаның бірі осы көгалдандыру болатын. Қайбір жолы облыс әкімі көшеттерді қараусыз қалдырып қуартып алғаны үшін Шымкенттің басшыларына біраз ұрысып алғаны бар. Аудан-қалаларға жасаған сапары барысында да Жансейіт Қансейітұлы жергілікті әкімдерге көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді, көшет егуді қадап тапсырғаны есте. Алайда облыс басшысының тапсырмасын орындаймыз деген әкімдер асыра сілтеп жүрген сияқты.
Осыдан бір-екі күн бұрын теледидардағы жаңалықтардан Оңтүстіктегі бір аудан әкімінің ауыл аймақты аралап, халықпен кездескені айтылды. Осы сапары барысында аудан әкімі жергілікті мәслихаттағы депутаттармен бірге 25 түп көшет еккені көрсетілді. Иә, кәдімгі ақ қар, көк мұзда, -12 градустық қақаған аязда әкім депутаттармен бірге көшет егіп жүр. Әкімнің әрі облыс басшысының тапсырмасын орындап, әрі Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығына да тарту жасаған түрі ғой. Қазір әкімдер атқаратын тіріліктерінің бәрін 25 санына апарып тіреп қоятын болды емес пе?! Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап 25 іс-шара өткізеді, 25 нысанның лентасын қияды, 25 акция ұйымдастырады. Әлгі ауданда «25 жылдыққа 25 түп ағаш» деп аталатын акцияның бастау алғаны да осы жаңалықтарда айтылды. Аудан халқы бұл акцияны іліп әкетіп, жаппай көшет егіп жатқанға ұқсайды.
Осы күндері облыстың таулы аудандардың бірінде облыс әкімінің берген тапсырмасына сәйкес қыстың көзі қырауда жаппай тал-терек, шырша егу жұмыстары қызу жүргізіліп жатқан көрінеді. -12 градустық аязда бұл неғылған көзбояушылық деп таңқалып жатқан ешкім жоқ. Тағы бір ауданның басшылары жоғарыға 15 мың түп арша егіп, жоспарды 100 пайызға жеткізгелі жатырмыз есеп бергенге ұқсайды. Сол көшеттер ертең 100 пайыз өніп кетеді ме? Жайшылықта 100 пайыз өнбейтін көшеттердің тамырын мынандай аязда үсік шалмай ма? Мәселе осында ғой. Әр қылқан жапырақты көшеттің құны пәленбай мың теңге тұрады. Обал-ақ.
Біз осы жөнінде ұзақ жылдар Шымкенттегі Дендробақтың директоры қызметін атқарған, осы саланың білгір маманы Кендебай Ахатпен хабарласып, -12 градустық аязда егілген көшеттің қаншалықты өнетінін сұраған едік.
-Жалпы көшетті күзде еккен жақсы нәтиже береді. Бірақ ол үшін ауа температурасы +5 градустан төмен болмауы тиіс. Бұл жапырақты көшеттерге қатысты. Ал қылқан жапырақты ағаштарды осындай суықта да егуге болады. Оның өз тәртібі бар. Көшетті тамырындағы топырағымен қоса әкеліп егу керек. Бірақ бәрібір -12 градустық суықта егу «нежелательно». Осы суық келердің алдында ауа райы көшет егуге қолайлы болып тұрды. Сол кезде қимылдап қалу керек еді,-дейді көшет егуде көп жылдық тәжірибесі бар маман.
Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев әкімдерге тапсырманы осылай орындаңдар демегені бесенеден белгілі. Әкімдердің екен көшеттерінің қыстан қалай шыққанын білетін кез де келер. Әр көшет үшін жауап беретін уақыт та туар. Келмегенде ше? Бұл жай көшет емес Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығына ырымдап егілген көшет емес пе? Әкімдердің Тәуелсіздікті қалай қастерлейтінін де сонда білерміз, бәлкім.
Мұрағаттан, 2016 ж