«Шымкентсити» «Ақтауситидің» кебін құшпай ма?
Aktau city жобасы
Жуырда облыс әкімдігінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалық еткен жиында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті. Семинарға Түркия астанасы - Анкара қаласы мэрінің орынбасары Рамазан Қабасақал арнайы шақырылды. Анкара облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың ең сүйікті қаласы десек қателеспейтін шығармыз. Қазақстанның Түркиядағы елшісі қызметін атқарған Жансейіт Қансейтұлы осы қалада өмірінің біраз қимас кезеңін өткізген. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалғаннан кейін де Ж.Түймебаевтың Түркиямен іскерлік байланысты жақсартуға күш салып жүргені, әрине құптарлық тірлік. Анкараның вице-мэрінің Шымкентке арнайы шақыртылуы осы іскерлік байланысты тереңдету, тәжірибе алмасу екен. Басқарма басшылары, Шымкент қаласы әкімі Ғ.Әбдірахымов пен орынбасарлары, әкімдіктегі бөлім басшылары қатысқан басқосуда вице-мэр баяндама жасап, 4 мың жылдық тарихы бар Анкараны дамытудағы тәжірибесімен бөлісті.
Р.Қабасақал жергілікті әкімдер ескеріп жүретін біраз мәселелердің басын қайырды. Әсіресе, жоспарсыз салынған тұрғын үйлердің иелерімен келісіп, жер теліміне көпқабатты тұрғын үй салу, кейін ескі үйдің иесіне жаңа үйден пәтер беру тәжірибесі құлаққа қонымды-ақ. Анкара жасыл желекті қала. Ұзақ жылдың қажырлы еңбектің арқасында сайлы аймақтарда орналасқан аудандарда жасанды көлшіктер жасалып, заманауи саябақтар салынған. Туристердің молынан келіп, көрікті қаланы еркін аралауы үшін айналма жолдар жасалып, көлік кептелісі көп орын алатын аудандарда жолдар кеңейтіліп, көпірлер салу жүйесі де оңтайлы жүзеге асырылған. Бұл өз кезегінде туристердің артуына өз септігін тигізері сөзсіз. Р.Қабасақал Анкара жылына 10-12 млн. турист қабылдауға мүмкіндігі бар шаһар екенін алға тартты.
Лондон, Париж, Нью-Иорк
Жиын барысында Жансейіт Түймебаев Анкараның даму жоспарын оңтүстікке де пайдалану керектігіне тоқталып, арнайы делегация құрамын жасақтап, тәжірибе алмасу сапарын ұйымдастыру қажеттігін тапсырған.
Алайда Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осы жиыннан кейін барлық шаруасын жиыстырып қойып, өзінің сүйікті қаласы Лондонға кетті. Велосипедпен емес, әрине, ұшақпен ұшып кеткен болу керек.
Жалпы, көзі ашық, көкірегі ояу адам көрген-білген жерінен бір нәрсені үйреніп, көкірегіне түйіп келеді емес пе? Әбдірахымов Шымкентке әкімі бола салысымен қаланы уақтысында өзі білім алған Батыс Еуропа елдеріндегі Лондон, Париж, қала берді мұхиттің арғы жағындағы Нью-Иорктің тәжірибесімен дамытқысы келетінін мәлімдеп қойған. Әкімнің «Шымкент Лас Вегастан да әдемі болуы тиіс» деген сөзінің өзі неге тұрады десеңізші. Әбдірахымовтың қиялы мен арманының қай деңгейде екенін осыдан-ақ байқай беріңіз.
Шымкенттің әкімі Лондонға өзінің әйгілі «Шымкентсити» жобасын жүзеге асыру үшін инвестор іздеп барды. Әбдірахымов осы сапары барысында лондондық такси қызметінің басшысымен кездесу өткізген. Сапар аясында xалықаралық «AECOM» компаниясының атқарушы директоры Патрик Флаертиммен жүздесіп, оған «Шымкент Сити» жобасын таныстырған. Әзірге британдық компания басшысының нендей жауап қатқаны белгісіз. Ақпарат құралдарында компанияның жобаға зор қызығушылық танытқаны ғана айтылды. Бірақ қызығушылық таныту мен ұсынысты құп алудың арасында жер мен көктей айырма бар емес пе?
Осы жерде айта кетейік, «AECOM» компаниясының өкілдері Шымкент қаласына осы жазда да келіп кеткен. Сол сапар барысында компанияның аймақтағы директоры Марина Констанян мен қала әкімі арасында инвестиция тарту мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. «АЕСОМ» АҚШ-та сәулет, құрылыс саласындағы ірі компания саналады. Оның жүзеге асырған ірі жобалардың қатарында Дүниежүзілік сауда орталығы, Әбу-Дабидің, Гонконгтың, Лос-Анджелестік әуежайлары, Мәскеудегі «Москва-City» жобасы бар көрінеді. Егер осындай ғаламат жобаларды жүзеге асырған компанияны Әбдірахымов Шымкентке алып келе алса, бұл шымкенттіктер үшін үлкен жаңалық болар еді. Егер алып келе алмаса ше?
Әбдірахымов ақымақ емес
Жалпы, осыдан бір жыл бұрын Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын мәслихат депутаттары мен сол кездегі облыс басшысы Бейбіт Атамқұловтың алдында қорғаған Әбдірахымов елді таң қалдырған болатын. «Құны 600 миллиард теңге болатын жобаларды жүзеге асыруға қаржыны қайдан табасыз?» деген депутаттардың сауалына Әбдірахымов «мен бала емеспін» деп жауап қайырғаны да есте. Алайда содан бергі бір жыл ішінде Шымкентте Әбдірахымовтың қандай әйдік жобасы жүзеге асты. Еске түсіріп көрелікші. Әр шайтан арбасының құны 432 евро тұратын «Shymkent Bike» жобасы ма? Қаладағы 40 велостанциялардың қызметін қазір шымкенттіктер жаппай пайдаланып жатыр деуге бола ма? Жалпы, арнайы веложолы жоқ қалада велосипедпен жүру кімге тиімді? Бұл қаншалықты қажет? Бұл өз алдына қозғалатын тақырып. Биыл жазда «Жайлаукөлі» саябағында ашылған Лондондағы атақты «London Eyе»нің кішірігім көшірмесі саналатын «Shymkent Altyn Eye» ма? Тәуелсіздік саябағында ашылған «Street workout» спорт алаңшалары ма? Тағы не бар еді? Бәлкім, Әбдірахымовтың жеке қиялынан туған «Шымкентсити» қалашығы құрылысының басталғанына тоқталармыз.
Наурызда қалалық қоғамдық кеңестің отырысында Әбдірахымов «Shymkent-City»-дің инвесторлардың қолдауымен жүзеге асатын шынайы жоба екендігін, қалашықта 60 мың халық тұратынын, қалашықтың өзі Нью-Иорктегі Манхэттен ауданын ескі түсіретінін айтқан еді. Алайда жоба басталмай жатып біраз қырсықтың шалғаны рас. Осы жобаға жауапты құрылыс бөлімінің басшысы Е.Бұхарбаевтың үстінен бюджеттің 170 миллион теңгесіне ұрлады деген айыппен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Әбдірахымовтың командасымен тіл табыс алмады ма, әйтеуір өз саласының майталманы саналатын Асқар Мамырбаев Шымкенттің бас сәулетшісі қызметінен кетіп қалды. Оның орнын басқан Б.Кенжеғұлов парамен ұсталып қалды. Бірақ осындай сәтсіздіктерге қарамастан қалалық әкімдік «Шымкентситидің» құрылысын бастадық деп жар салды. Басталғаны сол, қалашықтың инфрақұрылымы тартылып жатыр. Бірнеше тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Әрине, мұның бәрі де бюджеттің қаражатымен іске асып жатқан шаруалар. Әзірге Шымкенттің Манхэттеніне қызығушылық танытқаны болмаса, қаржы салап жатқан инвестор байқалмайды.
«Шымкентситидің» инфрақұрылымы мен басқа да әлеуметтік нысандарына қазынадан 11 миллиард теңге қаралған. Мұндай мәліметті қалалық құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы Еркін Бұхарбаев ақпарат құралдарына берген сұхбатында айтыпты. 11 миллиард теңгемен Шымкентте не жарыққа, не ауыз суға жарымай отырған қаншама мөлтекауданның мәселесін шешіп беруге болар ма еді, дейсің осындайда. Ресми мәліметтерге қарағанда, бүгінде Шымкент халқының 15 пайызы сапалы жарықпен қамтамасыз етілмеген. Қаланың айналасындағы елдімекендердің күні жекеменшік трансформаторларға қарап отыр. 15 пайыздан астамы ауыз сусыз отырса, 35 пайызына табиғи газ тартылмаған. Бұған тас төселмеген, жарықтандырылмаған көшелерді қосыңыз. Көпқабатты үйлерді сапалы жылумен қамтамасыз ету де күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Қаладағы ең өзекті проблеманың бірі көлік кептелісі. Биыл Жібек жолы мен Алматы көшелері күрделі жөндеуден өтіп, Қапал батыр көшесіндегі көпір қайта салынды. Алайда бұл жұмыстар облыстың бұрынғы басшысы Асқар Мырзахметовтың тұсында басталған тірлік. Шымкенттің жүгін жеңілдететін ірі жобалар әзірге байқалмайды. Әбдірахымов әйтеуір, «Шымкентситиде» тұратын айналдырған 60 мың адамның жағдайын жасаймын деп, басқаны ұмытып кетпесе болғаны ғой. Қанша дегенмен Әбдірахымов өз қиялынан тудырған «Шымкентситидің» емес миллионға жуық халқы бар Шымкенттің әкімі ғой.
P.S. Жаңарған, жасарған Шымкентте соңғы кездері көшірме дүниелер көбейіп барады. «Шымкентсити» жобасының да еліктеуден туғанын мойындау керек шығар. Шенеуніктердің арасында іскерлігімен танылған Қырымбек Көшербаев Маңғыстаудың әкімі болған жылдары «Ақтаусити» жобасын қолға алып, Каспийдің жағалауынан екінші Дубай тұрғызбақ болған. Алайда инвесторлардың айнып кетуіне байланысты бұл жоба іске аспай қалды. Қазір Көшербаев Астанаға еліктеп, Сырдарияның бойында орналасқан Қызылорданың сол жағалауын салып жатыр. 2025 жылға дейін Қызылордада түркі стилімен жаңа қалашық бой көтермек. Бұл жобаның да қаншалықты баянды боларын кім білсін. Дегенмен Көшербаев кеш те болса көшірме дүниемен көгермесін түсінген сияқты. Ғабидолла Әбдірахымовтың да «Шымкентситиі» «Ақтауситидің» кебін құшып қалмаса жарар еді.
Айтқандай, біз былтыр жарнамасы жер жарған «Shymkent mall» жобасын ұмытып барады екенбіз ғой. Қазақстан түгілі Орталық Азиядағы ең ірі сауда, ойын-сауық орталығы Шымкенттің жарқын келешегінің сиволы болады деген еді сол кездегі әкімдер. Алайда бүгінде осындай жобаның барын олардың өздері де ұмыта бастаған сияқты. Есесіне Орталық Азиядағы ең ірі сауда, ойын-сауық орталығының құрылысы Таразда қызу жүріп жатыр. «Taraz mall»-дың құрылысы келесі жылы бітеді.
Мұрағаттан, 2016 ж