«Посттарымды өшір деп қысым жасап жүрді»: 10 миллион теңге алды деп айыпталған заңгер не дейді?
Шымкенттік жергілікті кәсіпкер Эльмира Дүйсенқызы өзін қорғауға уәде берген заңгердің одан 10 миллион теңге алғанын айтып шағымданды, деп хабрлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Кәсіпкердің сөзінше, заңгердің адвокаттық лицензиясының жоқтығы анықталып, уәде еткен қорғау қызметін орындай алмаған. Бұл жағдайдан кейін Эльмира заңгерді екіжүзділік жасады деп айыптап, қаражатын қайтаруды талап еткен. Ақыры кәсіпкер полицияға арыз жазып, қоғам белсендісін алаяқтық жасады деп сотқа берді. Алайда Айгүл Орынбек Stan.kz тілшісіне өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, Эльмира Дүйсенқызымен арада заңды келісімшарт жасалғанын айтып берді.
Заңгердің 10 миллион теңге алғаны рас па?
Кәсіпкер Эльмира Дүйсенқызы сотта берген мәлімдемесінде заңгер Айгүл Орынбекке 10 миллион теңге көлемінде ақша төлегенін айтқан. Алайда заңгердің қызметі көрсетілмегендіктен, бұл қаражатты кері қайтаруды талап еткенін, әрі полицияға арыз жазғанын жеткізді.
Эльмира Дүйсенқызы – бұрынғы Шымкенттегі ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты басшысының экс-орынбасары Манат Сарбасовтың ісі бойынша айыптау актісінде аты аталған куәгерлердің бірі. Құжатта блогер Айгүл Орынбекке де бірнеше абзац арналып, оның айыпталушы мен куәгермен арадағы қарым-қатынасы егжей-тегжейлі сипатталған.
Іс материалдарына сенсек, Орынбек екі тараппен де тиімді байланыс орнатуға тырысқан. 2023 жылдың күзіне қарай, Сарбасовқа қарсы арыз жазған Эльмира Дүйсенқызымен кездесуді өзі сұрап, оған "құқықтарын қорғау" қызметін ұсынған. "Әйелді әйел ғана қорғай алады" деп, бірақ бұл қызмет тегін емес екенін ескерткен. Құны 10 миллион теңге дейді кәсіпкер әйел.
"Айгүл маған өз қызметінің құны 10 екенін айтты. Басында мен бұл 10 мың доллар шығар деп ойладым, сөйтсем 10 миллион теңге екен. Ол өзін адвокатпын деді, бірақ кейін лицензиясы жоқ екенін білдім. Сол сәттен бастап мен оның қос тарапқа жұмыс істеп жүргеніне күмәндана бастадым", – деді Эльмира сотта.
Бірақ Шымкент қалалық полиция департаменті Орынбекке қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпаратты растамады. Сонымен қатар арыз негізінде қылмыстық іс қозғалмағанын мәлімдеді.
"Былтыр қазан айында тараған "Орынбек ұсталды" деген қауесет те шындыққа жанаспайды. Ол тек әңгімелесуге шақырылған", – делінген полиция департаментінің жауабында.
Бұдан бөлек полиция департаменті блогер Айгүл Орынбекке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілмейтінін атап өтті.
Заңгерлік қызмет атқаратынымды бәрі біледі
Сонымен қатар Halyqstan арнасы іс құжаттарын алға тарта отырып, Орынбектің Сарбасовпен бұрыннан сенімді қатынаста болғаны туралы келтіреді. Эльмира Дүйсенқызының сеніміне кіру тапсырмасын оған дәл осы Сарбасовтың өзі берген. Орынбек арқылы алған мәліметтеріне сене отырып, Сарбасов кейін өзіне ақша бопсалау әрекеті болды деген желеумен рапорт жазған. Ал Эльмира блогерден алған ақшасын қайтаруды талап етіп, кейін оны алаяқтық жасады деп полицияға арыз түсірген.
Алайда Айгүл Орынбектің айтуынша, тергеуші Эльмира Дүйсенқызына үй жағдайында арыз жаздырған. Сондықтан, кейін айыптау актісінде Орынбекті осы іске байланыстырып жазуы заңдылықтан алшақ әрекет деп санайды. Заңгер кәсіпкердің сөзін жоққа шығарып, шын мәнінде қанша теңге төлегенін атап өтті.
“Маған 4 миллион ғана төледі. Тергеуші Эльмира Дүйсенқызына үйінде жатып арыз жаздырғанда, айыптау актісін мені байланыстып жаза алмайды дейсіз бе? Менің Сарабасов пен Жұмашовпен байланысым болса, Бас прокуратураға өзім барып мені тергеңдер деп арыз жазбас едім. Дәл сол уақыттарда мен Шымкент қаласының ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысынан бастап біраз қызметкерлері маған қысым көп болды. Себебі наурызға жұмсалған қаражат мәдениетке байланысты, қуат жылу орталығын тексеру керек деген арызымды олар кері қайтарып ал, посттарымды өшір деп қысым жасап жүрді. Ол тергеушінің өз қылмысын жабу үшін ойлап тапқан эллюзиясы деп ойлаймын. Мен де сол кезде жазылған арыздар әлі жауапсыз е-өтініште ілініп тұр айғақ ретінде”, – деді Айгүл Орынбек.
Айгүл Орынбек өзін қоғам белсендісінен бұрын заңгер ретінде таныстырып, келісімде бұл мәртебесінің нақты көрсетілгенін жеткізді. Заңгердің айтуынша, істі қарау барысында Эльмира Дүйсенқызы ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерімен (ҰҚК) келіспей жүргенін айтып, дүрліктіретін ескерткен. Ал Айгүл Орынбек өз ісінде ешқандай заң бұзушылық болмағанын және барлық әрекетіне жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.
"Мен жайлы ақпарат бүкіл әлеуметтік желіде бар. Менің қорғаушы емес заңгерлік қызмет атқаратынымды бәрі біледі. Эльмира Дүйсенқызымен 2024 жылғы 30 қазанда келісім шартқа отырдық. Ол кісі менің қоғам белсендісі әрі заңгер, жәбірленуші тараптан қатыса алатынымды жақсы білді. Екі-үш күн өткен соң, маған хабарласып, ҰҚК қызметкерлері менен бас тарт деп жатыр деді. Басында мән бермедім, неге олар олай айтып жатыр деп таңғалдым. Келісімшартқа енді ғана отырған едік, бұл жағдай маған қызық көрінді. Содан мен "Онда сіз келісімшарттан бас тартасыз ба?" деп сұрадым. Ол кісі "Жоқ, сіз ертең бәрін факт-фактімен видео арқылы айтасыз, бұл іс бойынша резонанс болады ғой" деді. Ойымда білім саласындағы жемқорлықты ашу болған соң жарайды деп келісім бердім", – деді қоғам белсендісі Айгүл Орынбек.
Айгүл Орынбектің айтуынша, Эльмира Дүйсенқызы оған алғаш хабарласқанда-ақ ҰҚК қызметкерлерімен келіспей, жанжалдасып жүргенін айтқан. Оның сөзінше, Дүйсенқызы маусым айында арыз түсіргенімен, іс ілгерілемей жатқанын айтып шағымданған.
"Келісімшартқа тұрып болған енді ҰҚК қызметкерлері бас тарт деп жатыр деген соң Эльмира Дүйсенқызының сөзіне күмәнданып, 13 қарашада әңгімеміздің жазбасын телефонға жазып алған болуым мүмкін. Сол аудиожазбада ол кісі ҰҚК қызметкерлерімен ұрсысып жатқанын, мені іске кіргізгілері келмей жатқанын айтқан. Мен қоғам белсендісінен бұрын заңгер екенімді жеткіздім. Сонымен қатар келісімшартымда заңгер екенім нақты көрсетілген. Бір емес, бірнеше қылмыс жасаған алаяқ адам, өзіне жаза қолданылмауы үшін, өзін қорғау мақсатында тергеушілер не десе, соны айта салады. Мен оған өзім куә және құрбаны болып отырмын. Мен еш жерде заңды бұзғаным жоқ, өз іс әрекетіме жауап бере аламын", – деді Айгүл Орынбек.
Айгүл Орынбектің айтуынша, бұл жағдайдың мән-жайын толығырақ білгісі келгендер оның "Әділдік іздеймін" бағдарламасындағы шығарылымды көре алады.
Айгүл Орынбек Ұлттық құрылтай неліктен шығарылды?
Бүгін, яғни 20 мамырда белгілі болғандай, өзін құқық қорғаушы және заңгер ретінде таныстыратын Айгүл Орынбек Ұлттық құрылтай құрамынан ротация аясында шығарылған.
Қоғам белсендісі желідегі парақшасында бұл туралы мәлімдеп, иығынан ауыр жүк түскендей сезінетінін жеткізді. Айгүл Орынбектің айтуынша, халықтың сенімін арқалау – үлкен жауапкершілік, әрі бұл міндетті адал атқаруға тырысқан.
"2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Сол кезде мені қоғамда азаматтық ұстанымын ашық айтып жүрген белсенді қайраткер ретінде кеңес құрамына шақырды. Жай отырған жоқпын. Үнсіз қалған жоқпын. Ауыл-аймақтың шынайы мәселелерін ашық айтып, өңірлердегі түйткілді түйіндерді тік көтердім. Бірқатар ұсыныстарым Мемлекет басшысының тарапынан қолдау тапты. Бұл – мен үшін ғана емес, ел үшін жасалған игі іс болды. 2022 жылы Ұлттық кеңестің орнына Ұлттық құрылтай құрылды. Бұл жаңа алаң – халықтың, қоғам белсенділерінің үнін еститін, пікірін тыңдайтын ашық диалог алаңына айналды. Бұл жерде лауазым да жоқ, мансап та жоқ. Бұл – қоғамдық миссия. Бүгін сен болсаң, ертең өзге азамат келеді – бұл заңдылық. Ротация – тазалық. Жаңару – даму!" – деп жазды Айгүл Орынбек.
Заңгер өзін ұзақ жыл бір орында отыратын тұлға емес екенін айтып, уақытымен келіп, уақытымен кетуді парасаттылық деп бағалайды. Өз қызметі барысында халықтың сенімін ақтағанына сенімді екенін жеткізді.
Күдікті ҰҚК-нің экс-басшысы Манат Сарбасов пен Эльмира Дүйсенқызын не байланыстырады?
Айта кетейік, Шымкенттегі ҰҚК-нің экс-басшысы Манат Сарбасов пен бірнеше шенеунікке қатысты қылмыстық іс қоғам назарын аударды. Себеп – пара көлемінің ірі болуы, алаяқтық схемалар мен ықпалды тұлғалардың қатысуы.
Сарбасов 20 жыл ҰҚК-де қызмет етіп, соңғы кезде қалалық департамент басшысының бірінші орынбасары болған. Оған бірқатар ауыр айып тағылған: алаяқтық, пара алу, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, ақшаны заңдастыру және әрекетсіздік.
Айыпталушы Сарбасовтың ісінде екі негізгі эпизод бар, олар білім және денсаулық сақтау салаларындағы жемқорлық. Мұнда істің басты фигуранттарының бірі "Рияна" мектебінің директоры, кәсіпкер Эльмира Дүйсенқызы болып отыр. Кәсіпкер бұрын да алаяқтық пен делдалдық бойынша шартты жаза алып, қылмыстық істерге тартылған. Эльмираның айтуынша, ол Сарбасовқа бірнеше жыл бойы пара беріп отырған, жалпы сомасы 435 миллион теңге. Эльмира Дүйсенқызы экс-шенеунік Сарбасовқа 2007 жылдан бері ай сайын ақша беріп келген көрінеді.
Біртіндеп бұл “ставка” 5 миллион теңгеге дейін өскен. Кейін Сарбасов өз таныстарын колледждерге “өлі жандар” ретінде жұмысқа тұрғызуға мәжбүрлеген делінеді. Эльмира 2021 жылы антикорға арыз бергеннен кейін, өзі ұсталып, артынша Сарбасовқа қарсы дәлелдер ұсынатынын айтып саудаласқан. Ақырында тойханасын сатып, мемлекетке 278 миллион теңге қайтарған.
Пандемия кезінде медициналық құралдар мен маскалар нарықтағы бағадан қымбатқа сатып алынған. Бұл іске денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшылары, кәсіпкерлер және Сарбасовтың көмекшісі тартылған. Бюджетке 45 миллион теңге шығын келіп, 51 миллион теңге заңсыз табыс түскен.
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылғы 30 қазанда журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында құқық қорғаушы, қоғам белсендісі Айгүл Орынбектің Шымкентте ұсталғанын хабарлаған болатын. Алайда Шымкент қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.