Исахов. Жұмашев. Сарбасов – Елді шулатқан қылмыстық істерді не байланыстырады?
Шымкенттің аты былтыр бюджеттің қаржысын талан-таражға салған, пара алған, берген шенеуніктердің қылмыстық істерімен танылып еді. Үшінші мегаполис жылан жылы да жемқорлыққа қатысты дау-дамайлардан құтыла алмады.
Биыл қызмет бабын пайдаланып пара алған, алаяқтық жасаған құзырлы органдардың қызметкерлері сотталып жатыр.
Естеріңізде болса, ақпанда Шымкентте судья Жанат Мүсірәлі алаяқтық жасады деген айып бойынша 7 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Жуырда қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарған Дәуренбек Қожабаев аса ірі мөлшерде пара алды деген айып бойынша 11 жылға сотталды (бір жарым жыл бұрын оның туған ағасы, уақтысында Шымкент қаласының прокуроры болған Мақсат Қожабаевты Шымкент соты алаяқтық бабы бойынша 5,6 жылға соттаған). Одан кейін Шымкент қалалық Полиция департаментіндегі бір топ лауазым иелері сыбайлас жемқорлық баптары бойынша тиісті жазасын алған. Ендігі кезек құрығы ұзын Ұлттық қауіпсіздік комитетіне келді.
Халықтың құқығын қорғайды деген мекемелердің жауапты шенділері шетінен сотталып жатыр. Бұл құзырлы органдарда алаяқтық пен жемқорлықтың асқынғанын білдіре ме, әлде шын мәнінде «Әділетті Қазақстанның» орнап, «сатқындар» мен «арқаға пышақ ұратындармен» күрестің күшейе түскенін білдіре ме? Бұл сұраққа жауапты кім береді?
«Рейтинг» газетінің өткен нөмірінде хабарлағанымыздай, үшінші мегаполисте ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаментінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған Манат Сарбасовтың соты басталды. Оны әріптестері былтыр ұстаған болатын. Сарбасов былтыр мамырда 8,5 жылға сотталған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың ісіне басты куәгер ретінде қатысқан. Үкімге қарағанда әкім орынбасары өзіне қатысты қозғалған қылмыстық істі оң шешу үшін Сарбасовқа 200 мың доллар көлемінде пара берген. Алайда сол кезде өзін ешкімге сатылмайтын, заңнан аттамайтын қызметкер ретінде көрсеткен Сарбасов барлық уақытта антына адал, тәспісінен жаңылмайтын офицер болмаған сияқты. Бақсақ, оның да «әпетиті» бар болып шықты.
Әрине, соттың үкімі шықпайынша біреуді қылмыскер, парақор, алаяқ деуге ешкімнің де құқығы жоқ. Біз тек сот барысында, ақпарат құралдарында жазылған кейбір жәйттарға тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Orda.kz порталының жазуынша, осы іс бойынша басты куәгер, дәлірегі Манат Сарбасовтың заңсыз тірліктері бойынша құзырлы органдарға хабарлаған Элмира Дүйсенқызы жекеменшік білім ұйымдарын ашумен айналысқан (мектеп, колледж). Оның сотта мәлімдеуінше, Сарбасовпен арадағы таныстық 2007 жылдан басталған. Осы кезден бастап ҰҚК-нің шенді қызметкері Дүйсенқызының білім ұяларына қамқорлық көрсете бастайды. Әрине, тегін емес. Ол үшін ай сайын 1 млн. теңге алып отырған. Қаржыдан қысылып жүргеніне қарамастан кәсіпкер бұл талапқа келіскен. Алғашқыда конвертке салынған қаржыларды Сарбасовтың өзі, кейін арнайы жіберген адамдары арқылы алып отырған. Бір жылдан кейін ставка 1,5 млн. теңгеге, екі жылдан кейін 2,5 млн. теңгеге көтерілген. Сарбасов біраз уақыттан соң Алматыға қызмет ауыстырады. Алайда алым-салық тоқтамаған. Ол бұл жұмысты қарамағындағы қызметкер Шотановқа тапсырған көрінеді. Тоқта, бұл қай Шотанов? Осыдан екі-үш жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік органдарынан ауысып келіп, Шымкент қалалық әкімдігінде ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарған Шотановты ел ұмыта қойған жоқ. Бұл туралы алдағы уақытта бөлек әңгіме қозғайтын боламыз.
2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласы мен Түркістан облысына бөлінеді. Дүйсенқызының колледжі Түркістан облысының құрамында қалады. Осыған байланысты ставка екі есеге өседі. Себебі ақшаның жартысын Сарбасовтың Түркістан облысындағы әріптестеріне беріп отыруға тура келген көрінеді (елдің қауіпсіздігін қорғайды деген «комитетчиктерге» бопсалау мен алым-салық жинаудан басқа айналысатын тірлік қалмаған ба?).
2019 жылы Дүйсенқызы «Риана» деп аталатын жекеменшік мектеп ашады. Алғаш¶ы кезде оның мектебі мемлекеттік тапсырысқа іліге алмаған. Алайда іске Сарбасов кіріскен бойда жағдай күрт өзгерген. Тіпті ол басқарманың сол кездегі басшысы Ақерке Абылайханды да қорқытқан көрінеді. «Риана» мектебіне мемлекеттік тапсырыстың көлемі күрт артқан. Есесіне Сарбасов ай сайын алатын алым-салықты 5 миллионға көтерген. Жекеменшік мектептерді қаржыландыру Білім және ғылым министрлігіндегі Қаржы орталығы арқылы жүргізілген. Дүйсенқызының мектебіне қатысты мәселелерді шешуге комитет төрағасының орынбасары лауазымын атқарып жүрген Ғалымжан Жұмашевтың да ықпалы болғанға ұқсайды.
Алайда көп ұзамай «Рианадағы» заңсыз тірліктерді қадағалаушы органдар анықтап, іс насырға шабады. Алғашқыда Сарбасов пен Жұмашев мәселенің оң шешілетініне сендірген. Алайда 2021 жылдың қыркүйегінде Дүйсенқызы қамауға алынған. Артынша сотталып кеткен...
Жұмашевтың ісі де қазір Шымкентте қаралып жатыр. Ол 2023 жылдың қазанында комитет төрағасының орынбасары лауазымынан басынан шу кетпеген Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол былтыр ақпанда ұсталды. Биыл жыл басында ісі сотқа берілді. Жұмашевтың ісі бойынша да арызданушы Э.Дүйсенқызы. Яғни, Жұмашев пен Сарбасовтың істері бөлек қаралғанымен, мән-жайы бір деген сөз.
Қайбір жолы ақпарат құралдарында адвокаттары Жұмашевтың жоғарыдан келген тапсырыс, жаламен ұсталғанын мәлімдеген болатын. Себебі ол басқарма басшысы болған бойда білім саласындағы қаржылық қитұрқылықтарды әшкерелеген көрінеді. Бұл әрине, осыдан нан жеп жүрген әлдебіреулерге ұнамаған. Әлеуметтік желіде біреулер Сарбасовтың ісін де жоғарыдан келген тапсырыстармен байланыстырған. Алайда мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын, сотталушыларға тағылған айыптардың қаншалықты дәлелді екендігін енді тек сот шешеді. Тек жоғарыдағылар бұл істің мән-жайын халықтан жасырып-жаппай, ашық жарияласа дейміз.
Осы жерде айта кетері, біз 2022 жылы «Рейтинг» газетінде Э.Дүйсенқызының не үшін сотталғанын жазған болатынбыз. Сотта берген жауабына қарағанда, кәсіпкер жекеменшік мектебін 2018 жылы ашып, тіркеуден өткізген. Оның сөзіне сенсек, бюджеттің қаражатын жымқыруды, дәлірегі сыбайластықтың схемасын оған сол кездегі қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Текебаеваның өзі ұсынған.
2019 жылғы болған конкурс нәтижесінде Дүйсенқызының мектебіне 693 оқушыға қаражат бөлінеді. Наурызда Текебаева басшының міндетін атқаруға кіріседі. Сәуірде мектептегі оқушы саны тағы 414-ке көбейген. Ал мектеп директорының айтуынша, шын мәнінде бұл кезде білім ұясында оқитын шәкірттердің саны жүзге жуық қана болған. Құрылтайшы «ауадан оқушы жасап», құжаттарды білім басқармасына өткізіп отырған, бас маман оны тексеріп қабылдаған, Текебаева қол қойған. Осы құжаттарға сүйене отырып, қазынадан қаржы бөлінген. Нәтижесінде Э.Дүйсенқызы алдау жолымен Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамына өзінің жалпы білім беру мектебінде іс жүзінде оқымайтын балаларға мемлекеттік тапсырыс бойынша орта білім беру қызметін көрсеткені жөнінде актілерді өткізіп, мемлекеттен 155 474 924 теңге қаражатты жымқырып, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған. Э.Дүйсенқызы түскен ақшалардың бір бөлігін бас маман М.Айкөзовке және А.Текебаеваға мектеп директоры арқылы беріп отырған. Сот үкімімен сол жолы Текебаеваға «салғырттық» бабы бойынша 1,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалғанымен, ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап жарияланған рақымшылыққа ілікті. Бас маманның ісі «пара алу» бабымен сараланып, сот оны 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ал, Э.Дүйсенқызының өзі алаяқтық айыбымен 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сотта ол Сарбасов пен Жұмашев туралы айтты ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ, үкімде бұл жөнінде ештеңе жазылмаған.
Шамасы, Дүйсенқызы түрмеден шыққан бойда өзінің бұрынғы «қамқоршыларын» заң алдында жауапқа тартуға кіріссе керек. Айтпақшы, Сарбасовтың ісінің екінші эпизоды да бар. Пандемияның кезінде қалалық Денсаулық сақтау басқармасында құрал-жабдықтарды алуға бөлінген қаржылар талан-таражға түскен. Бұл іс бойынша тағы бірнеше адам сотталып жатыр. Оның ішінде уақтысында қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, бас дәрігер қызметтерін атқарған, есімі елге белгілі дәрігер де бар. Бұл туралы алдағы нөмірлерімізде баяндайтын боламыз.