«Машкевичтің мұрасы»: Шымкенттегі жалғыз жылу орталығының жайы не болады?

Oinet.kz 10-04-2025 139

Жуырда қайтыс болған атышулы қазақстандық миллиардер Александр Машкевичтің артында қыруар байлықтан бөлек біраз ашылмаған құпиялар қалды.

Screenshot_24.jpg

Машкевич Голощекиннің туысы, тіпті ұрпағы деген әңгімелердің рас-өтірігі әлі күнге белгісіз. Голощекин Қазақстан өлкелік партия комитетін 1925-1933 жылдары басқарған жауыз-жендет. Миллиондаған қазақты қырғынға ұшыратқан 1932-33 жылдарғы ашаршылыққа басты кінәлі басшылардың бірі. Машкевич расында да тарихтағы осындай жағымсыз тұлғаның ұрпағы ма? 

Машкевич Голощекиннің немересі деген мәлімет алғаш рет осыдан оншақты жыл бұрын жарық көрген Сағат Жүсіптің «Ашаршылық ақиқаты» атты кітабында келтірілген:

«Бүгінде көпшілік біле бермейді, бірақ миллиардер Александр Антонович Машкевич – 1931-1933 жылдары қазақ даласында ашаршылық ұйымдастырған Шая Голощекиннің ана жағынан туған немересі. Бұл мәліметті бізге ұзақ жылдар бойы Бішкек мемлекеттік университетінің экономика кафедрасын басқарған ғалым Мырзахметов Хамза Аленұлы жеткізген»,– деп жазылған кітапта.

Алайда бұл Мырзахметовтің жеке пайымы ма, әлде бұған нақты дәлел бар ма? Егер бар болса ол неге жарияланбайды? Уикипедиядағы мәліметтерде Машкевичтің ұлтының қарайым екендігі жазылған. Бірақ ол 2011 жылы Израиль билігінен арнайы куәлік алып, оралман мәртебесін иеленген.

Машкевич – қазақстандық миллиардер. 2016 жылғы мәлімет бойынша оның дәулеті 1,5 миллиард долларды құраған.

Осыдан бірнеше жыл бұрын   Шымкенттегі жалғыз жылу орталығы «Энергоорталық 3» кәсіпорны атышулы миллиардерлер  Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимовке тиесілі  Eurasіan Resources Group (ERG) тобының меншігіне өткен болатын.

«Еуразиялық топ»  Шымкентті жылумен қамтамасыз ететін жалғыз кәсіпорын «Энергоорталық-3» АҚ-ның 94 пайыз акциясын 2018 жылы «Южэнергопром» ЖШС-нан алған. Екіарада қандай келісімнің болғандығы сол кезде ашық айтылмады. 

«Соңғы жылдары «3-Энергоорталықтың» бюджет және өзіне тауар жеткізіп беруші компаниялар алдындағы қарызы қордаланып қалған болатын. Әсіресе, жылу орталығының «ҚазТрансГаз» алдындағы қарызы көбейіп кеткен еді. Кәсіпорынның жаңа қожайыны қарыздардан тезірек құтылудың жоспарын жасап, сондай-ақ, электр энергиясын тиімді жолмен өндіру үшін құрал жабдықтарды жаңартуға инвестиция құятыны айтылған еді. Компания бұл міндеттемесін қаншалықты орындай алды? Бұған бір тексеру жүргізу керек-ау. Шымкентте – Машкевич, Екібастұзда – Клебанов, Өскенменде– Ыдырысов. Жылу орталықтарын атышулы олигархтардың қанжығасына байлап бергеннен  ұтқанымыз қайсы, ұтылғанымыз қайсы?», – деп жазған едік осыдан екі жыл бұрын «Рейтинг» газетінде. 

Алайда сол кезде «Энергоорталық-3» басшылығы бұған жауап қатып, ERG-тің ауқымды инвестициялық бағдарламасы аясында 2019-2022 жылдар аралығында электр станциясы күрделі жөнделіп, 1 млрд теңгенің жабдықтары сатып алынғанын мәлім еткен болатын. 

Соңғы уақытта бір кездері әртүрлі жолдармен жекешеленіп  кеткен қаладағы стратегиялық нысандарды мемлекетке қайтарып жатқан Шымкент қалалық әкімдігінің жалғыз жылу орталығына қатысты қандай жоспары бар?

Еділ Жаңбыршин: Шетелден қаржы алатын ұйымдарды тексеру керек
Қозбеков Көшеровтің орнын басты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу