Қозбеков Көшеровтің орнын басты
10-04-2025
«Жаһандану үдерісінің мән-маңызы жоғалып барады. Мемлекеттік ұлтшылдық, ықпал жүргізетін аумақтарды бөліске салу, әлемдік саясатта аймақтарға бөліну үрдісі алдыңғы қатарға шықты».
Президенттің Ұлттық құрылтайда айтқан осы сөздерін мысалға келтірген Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Премьерге депутаттық сауал жолдап, ішкі саясаттың ішкі иірімдеріне қатысты бірқатар мәселелерді көтерді.
«Геосаясаттағы доминант мемлекеттер өзінің жеке мүддесі мен саяси ықпалын жүргізіп қана қоймай, оны іске асыру үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып келді. Мысалы, мемлекеттердің ұлттық құндылықтарын жоюға бағытталған әсірефеминистік, ЛГБТ, эмо және басқа да субъмәдениеттік қозғалыстар арнайы, жоспарлы түрде миллиондаған АҚШ долларымен қаржыландырылып насихатталды. Одан қалса, олар ұлтараздық пен діни алауыздықты, сепаратизм мен трайбализмді біздің саяси күн тәртібімізге енгізуге күш салды. Мұны Президент құрылтайда «халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар көптеген елдің ішкі ісіне негізсіз араласты», – деп қадап айтты.
Дегенмен, соңғы кезде АҚШ-тың билігі өзінің ішкі және сыртқы саясатын қайта қарауда. Тіпті Конгресінде Халықаралық даму агенттігінің, яғни USAІD-тің жұмысы тоқтатылатыны туралы мәселе қаралып жатыр. Соңғы он жылдықта Қазақстанның ішкі саясатына ықпал ету үшін USAІD-тен 150 млн АҚШ долларыннан астам қаражат бөлініпті. Осындай ұйымдар демократиялық қағидаттарды желеу етіп, жалаң ұранмен «жұмсақ күш» арқылы өзінің жымысқы саясатын іске асыру үшін, өзге мемлекеттерге қанша қаражат бөлгенін елестетіп көріңіз. Мысалы, Қиыр Шығыстағы, Орталық Азиядағы, Африкадағы, Еуропадағы бірқатар дамушы елдерде билікке қарсы төңкерістер ұйымдастырылғаны белгілі. Бізде шетелдік грант «емізігіне» отырып алған кейбір, тағы да айтам кейбір үкіметтік емес ұйымдар көбінесе, түймедейді түйедей қылып, негативті теріп-жинап, кураторларына жалған есеп беріп, «ойбай бұл елде адам құқығы тапталған», «сөз бостандығы шектелген», «сіздер араласпасаңыздар құрдымға кетудің алдында тұрмыз» – деп байбалам салады. Тіпті біздегі жағдайды дамымай қалған үшінші мемлекеттермен негізсіз, дәлел-дәйексіз теңестіреді. Оларға Қазақстанның жақсарғаны емес, шайқалғаны пайдалы. Себебі өздерінің жеке басының пайдасына, яғни «гуманитарлық бизнестеріне» қаржы керек.
Осыларды назарға алып, Бурабайда Тоқаев мырза өз сөзінде: «Шетелдегі жағдайды үнемі ескеріп отыру маңызды. Бірақ біз алдымен өз еліміздің ішкі мәселелеріне ден қоюымыз керек. Біз ұлттық мүддемізді қорғау үшін алдағы уақытта да ұтымды әрі байыпты әрекет етеміз», – деп нақты айтты.
Осы ретте, біріншіден, Қазақстанда ішкі саясатты іске асыратын, оның бағыт-бағдарын анықтайтын билік институттары, Құдайға шүкір, бар. Екіншіден, еліміздің ішкі ісіне, ұлттық идеологиясына, рухани-мәдени дүниетанымымызға, яғни ішкі саясатымызға сыртқы күштердің араласуына жол бермейміз және заң аясында батыл жауап береміз. Мәселен, АҚШ, Қытай, Ресей сияқты алпауыт мемлекеттер ішкі саясаттарына өзгелердің араласуына жол бермейтін заңдар қабылдаған. Осыған байланысты Үкімет тез арада келесі мәселелерді қолға алуы керек: Ең алдымен, Қаржы министрлігі мен тиісті мемлекеттік органдарды іске қосып, еліміздің ішкі саясатына араласуға бағытталған сырттан құйылған қаржыны анықтап, тиісті шаралар қабылдасын. Келесі, шетелден қаржыландырылатын ұйымдардың қызметін реттейтін қолданыстағы заңнаманың тиімділігіне талдау жүргізсін.
Сондай-ақ, шетелдік гранттар арқылы қаржыландырылатын жобалар мен ұйымдардың қызметін бақылау және реттеу механизмдерін жетілдіру қажет. Осыған орай бір мәселенің басын ашып алайық. Сырттан келетін қаржы, егер таза болып, инвестиция ретінде экономиканы дамытуға құйылатын болса, экология мен денсаулық сақтау саласын жақсартатын болса, онда оған жол ашық. Ал, егер ішкі саясатымызға қарсы, ұлттық дүниетанымымызға жат, тұрақтылығымызды шайқайтын жобаларды қаржыландырса, онда ондай ұйымдарға жол жабық. Одан қалса Мемлекет басшысының құрылтайдағы тапсырмасына сәйкес, Тәуелсіздік алғалы бірінші рет елімізде ішкі саясат Тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл – ұлттық құндылықтарымыздың негізінде ішкі саясаттың бағыт-бағдарын, құрылымын және Ережелерін айқындайтын, ел мүддесі үшін саяси топтарды біріктіретін, осы шаралардың нәтижесінде мемлекетіміздің ішкі шаруасына араласқысы келетін саяси авантюристер мен деструктивті топтарға тосқауыл қоюға мүмкіндік туғызатын стратегиялық құжат болмақ», 7– делінген депутаттық сауалда.
Расында да депутаттың көтеріп отырған мәселесі өте өзекті. Бірақ осы мәселеге қозғау салып, көп құпияларды жарыққа шығарған мұхиттың арғы жағындағы АҚШ Президенті Дональд Трамп екендігі айтпаса да түсінікті ғой. Қазақстанның ішкі идеологиясы шетелдік алпауыт елдердің ықпалына түсе бастағаны осыған дейін неге көтерілмеді?