Қозбеков Көшеровтің орнын басты
10-04-2025
«Рейтинг» жазған сынға жауап келді:
«Рейтинг» газетінің өткен нөмірінде біз құзырлы органдардың «Ордабасы» футбол клубынан қаржылық жымқырулар анықтап, осыған қатысты тереу амалдарының жүргізіліп жатқанын алға тартып, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты мәселе көтергенбіз. Мақаладан кейін өткен аптада Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы редакцияға мынандай мазмұндағы хат жолдапты:
– 2023 жылы «Ордабасы» Қазақстан Премьер-лигасының жеңімпазы атанып, тарихи жетістікке қол жеткізгені туралы барша халыққа мәлім. Алайда, сол жылы клубтың басқару жүйесінде біршама келіспеушіліктер мен бірқатар заң бұзушылық орын алғандығы белгілі болды. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары басталып кетті. Жалпы, 2023 жылы «Ордабасы» футбол клубына 5,67 миллиард теңге бөлінді. Оның 5,06 миллиарды түрлі шығындарға жұмсалған. Сонымен қатар, клуб УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіне қатысқаны үшін 221,2 миллион теңге сыйақы алды. Ал негізгі құрамдағы ойыншылардың жалақысы ай сайын 245,7 миллион теңгені құрады. «Ордабасы» чемпиондық маусымнан кейін құрамын айтарлықтай өзгертпеді. Тек үш қақпашының екеуі ауысты, жартылай қорғаушылар саны қысқартылды, Қорғаушылар мен шабуылшылар қатары көбейді.
Қаржы қайда жұмсалды? Клубқа бөлінген қомақты қаражат тек негізгі командаға ғана емес, бірнеше бағытқа бөлінеді. Атап айтқанда: «Ордабасы» негізгі құрам ойыншылары мен жаттықтырушылар штабының жалақысы; Оқу-жаттығу жиындары, іссапарлар, УЕФА ойындарына қатысу (ұшақ билеттері, қонақүй, көлік шығындары); Клубтың жарнамаға жұмсаған шығындары; «Ордабасы» кәсіби футзал командасы және оның резервтік құрамы; «Ордабасы» футбол клубының екінші лигадағы командасы; Клубтың футбол академиясы (500-ден астам бала жаттығып, 30-дан астам бапкер жұмыс істейді); Әйелдер кәсіби командасы және оның резерві. 2024 жылы клуб үшін қаржылық тұрғыдан тұрақты кезең басталды. Мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіліп, командаға бөлінген қаражат уақытылы әрі толық көлемде жеткізілді. Бұған дейінгі жылдардан қалған қарыздар толық өтеліп, маусым қаржылық қиындықсыз басталды. Дегенмен, клуб құрамындағы бірқатар ойыншылардың ұзақ мерзімді келісімшарттарына байланысты биыл да белгілі бір қаржылық міндеттемелер орындалды. Жыл басында келісімшарт негізінде бөлінген қаражат көлемі 4,3 миллиард теңгені құрады. Ал клубтың жалпы шығыны 3,83 миллиард теңге деңгейінде болды. Бұдан бөлек, бюджеттен 2 миллиард теңге көлемінде қосымша құн салығы (ҚҚС) төленді. УЕФА Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңіне қатысқаны үшін клубқа қаржылық төлем жасалған жоқ.
2025 жылғы маусым «Ордабасы» футбол клубы үшін түбегейлі өзгерістермен басталды. Команданың негізгі құрамы 90%-ға жаңарып, өткен маусымда өнер көрсеткен легионерлермен келісімшарттар ұзартылмады. Олардың орнына жаңа шетелдік ойыншылар шақырылып, ұжымның тактикалық әлеуетін арттыруға басымдық берілді. Айта кетерлігі, клуб тек ойыншыларды ғана емес, бапкерлік штабты да түбегейлі жаңартты. Басшылық бұл шешім арқылы команданы жаңа даму кезеңіне шығарып, жанкүйерлер күткен нәтижелерге қол жеткізуді көздейді. Қаржы мәселесіне келсек, 2025 жылы «Ордабасының» бюджеті 3,2 миллиард теңгені құрады. Бұл қаражат қала әкімінің тікелей бақылауында. Сонымен қатар, команданың негізгі құрам ойыншыларының жалақысы өткен жылмен салыстырғанда 70-75%-ға қысқартылды. Мұндай қадам клубтың қаржылық тұрақтылығын сақтап, ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған, – делінген хатта.
Маратбек Мықтыбеков басқаратын басқарманың жауабына қарағанда, «Ордабасыда» ешқандай қаржылық жымқырулар болмаған сияқты. Бұған енді құзырлы органдар не айтады? Не де болса тергеу амалдарының қорытындысын күтіп көрейік.