Ойынқұмар адам антикорда қалай басшы болды?
Шымкентте қоғамда резонанс тудырған тағы бір сот отырысы аяқталды.
Естеріңізде болса, 2023 жылдың күзінде мегаполисте уақтысында Шымкент қаласының прокуроры, одан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (антикор) төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарған Мақсат Қожабаев сотталды. Сот оны қызмет бабын пайдаланып, ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін 5,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Істің мән-жайына қарағанда, Қожабаев агенттік төрағасының орынбасары болып жүріп, елордада қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан шенеуніктің жазасын жеңілдету үшін, оның туыстарынан ірі көлемде қаражат алған. Бірақ уәдесінде тұрмаған... Өткен аптада Қожабаевтың туған інісі 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Дәуренбек Қожабаевтың тірлігі де ағасының ісіне ұқсас. Ол қызмет бабын пайдаланып, ірі көлемде пара алған. Кеше ағасы алаяқтықпен, бүгін інісі парақорлықпен сотталды. Уақтысында құзырлы органдарды дүрілдеткен қос Қожабаевтың дәурені осылай аяқталды.
2022 жылдың қыркүйегінде Шымкент қаласындағы мектептердің бірінің директоры жұмысқа маман қабылдау үшін делдал арқылы 1 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке іліккен. Осы факті бойынша тергеу амалдары басталған. Күдікті азаматша басына қиын іс түскенін алдымен әпкесіне айтқан. Не істеу керектігін ақылдасқан. Әпкесі мен оның қызы осы кездері іске бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық антикорда жұмыс істеген Р.Құлымбетова деген азаматшаны тартады.
Құлымбетова 6 қазанда бұрынғы қызметтесі Қожабаевпен кездесу үшін антикордың Шымкент қаласы бойынша департаментіне барады. Сол жерде ол орынбасарға мәселенің мән-жайын түсіндірген. Екіарадағы әңгімеде пара туралы сөздер ашық айтылғанға ұқсайды.
7 қазанда Қожабаев пен Құлымбетова антикор ғимаратының алдында тағы кездеседі. Қожабаев осы жерде директордың ісі сотқа өткен жағдайда 60 миллион теңге айыппұл төлейтінін, сонымен бірге атқарып отырған лауазымынан босатылатынын мәлім етеді. Осыдан кейін егер сол 60 миллион теңгені пара ретінде өзіне берсе, істі сотқа жібермей, қысқартатынын алға тартқан. Құлымбетова бұл сәлемдемені директорға жеткізеді. Сонымен ақша жинау басталған.
Сот үкімінде жазылғандай, директор қарызданып, несие алып әзер дегенде жинаған 42 миллион теңгені Құлымбетоваға берген. Одан ақшаны Қожабаев көлікпен келіп алып кеткен. Кетіп бара жатып ол екіортада дәнекер болғаны үшін Құлымбетоваға 1 миллион теңге берген.
Сотта куәлік берген директордың туыстарының айтуынша, пара берілгенімен, істің бағыты өзгермеген сияқты. Директорды антикор тергеушілері шақырып, жауап алуды жалғастыра берген. Алғашқыда Қожабаев істің оң шешілетінін айтып сендірумен болған. Бірақ қарашаның аяғына қарай, ол ұялы телефонға жауап беруді доғарады. Кейінірек Қожабаевтың жұмыстан 11 қарашада босатылып кеткені белгілі болған. Не істеу керек? Енді сан соғып қалған жақ берілген ақшаны қайтарып алуға кіріскен. Ол үшін Қожабаевтың үйіне барып, жұбайына жолыққан, араға адам салып бауырларына хабар берген, тіпті оның Келес ауданында тұратын анасының да алдынан өткен.
Бұл оқиғаның ең аянышты жері: осындай аласапыран күндердің бірінде, қатты күйзеліске түскен директор өз-өзіне қол салып, қайтыс болады. Оның қырық күндік асы өткен соң Қожабаевтың анасы мен бауыры әлдебіреулер арқылы марқұм директордың туыстарына 40 миллион теңге шамасында қаражатты берген.
Ақшаны Қожабаевтың туыстарының беріп жібергені тереу барысында телефон арқылы сөйлескен сөздер, дәлірегі аудиожазбалар арқылы дәлелденген.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, желтоқсанның басында Қожабаевтың пара алғаны жөнінде арызды Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне алдымен директордың өзі қайтыс боларынан бір күн бұрын жазған. 13 желтоқсанда антикор марқұм директордың туысын шақырып, одан тағы да арыз жаздырып алған. Марқұмның әпкесі Қожабаевтың туыстарымен арада болған ұялы телефон байланысының аудиожазбаларын да табыс еткен. Шамасы Қожабаевқа қатысты тергеу амалдары осы кезде басталған сияқты.
Осы жерде айта кетері, Р.Құлымбетова 2023 жылдың қаңтарында параға делдалдық жасады деген айыппен тұтқындалып, сол жылдың қарашасында бір жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Ол Қожабаевтан алған 1 миллион теңгені марқұм директордың туыстарына қайтарып берген, одан бөлек мемлекетке тағы 1 миллион теңге төлеген.
Ал, Қожабаевтың өзі сотта кінәсін мойындамаған. Ол Құлымбетовамен антикор департаментінің ғимаратында кездескенін, жалпы директордың туыстарымен байланыс жасағанын, телефон арқылы сөйлескенін жоққа шығарған. Ол 2022 жылдың сәуірінде ағасы Мақсат Қожабаевтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары лауазамынан босатылғанын, осы кезден бастап оның соңына ҰҚК түскенін, отбасы мүшелеріне қатысты қуғын-сүргін басталғанын, ақыр аяғында өз еркімен жұмыстан босап кеткенін, арандатушылықтан аулақ жүру үшін ешкіммен байланыспағанын алға тартыпты. Жұмыстан босаған соң ішімдікке салынып, туыстарымен де араласпай кеткен көрінеді. Ол, тіпті, өзінің халықаралық іздеуде жүргенін де білмейтін болып шықты. Оның бұл айтқандарына сенуге бола ма? Үкімдегі мәліметтерге қарағанда, тергеу амалдарынан бой тасалып кеткен Қожабаевқа халықаралық іздеу 2023 жылдың маусымында жарияланған. Қожабаевтың өзінің айтуынша, ол бұл кезде Павлодар облысында және Шымкент қаласында жүрген. Экс-орынбасар 2024 жылдың 30 қарашасында Шымкент қаласына жақын маңдағы елді мекендердің бірінде ұсталған.
Тергеу барысында анықталғандай, Қожабаев құмар ойындарға ірі көлемде ақша құртқан. Бір ғана факті: ол букмекерлік кеңседегі есепшотына 2022 жылдың қазан-қараша айларында 96 миллион теңге салған.
«Бұл факті сотталушы Қожабаевтың лудоманиямен ауыратынын, яғни ойынқұмарлыққа салынғанын растайды»,– делінген сот үкімінде.
Сонда бұл қалай? Елдегі сыбайлас жемқорлықпен күресетін орган – антикордың лауазымды қызметкерінің, дәлірегі департамент басшысының тергеу жөніндегі орынбасарының ойынқұмарлыққа салынғанын әріптестері білмеген бе? Департаменттегі өзіндік қауіпсіздік қызметі, Қожабаевтың тікелей басшысы қайда қарап отырған?
Ал енді ақшаға бір табан жақын жүретін осындай азамат жауапты қызметке қалай келіп қалған? Оның қолдаушысы кім? Үкімге қарағанда, Қожабаев антикордың Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары лауазымына 2021 жылдың қазанында Сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұйрығымен тағайындалған. Бұл кезде агенттікке Марат Ахметжановтың төрағалық еткені белгілі. Ал, Д.Қожабаевтың ағасы, Мақсат Қожабаев бұл кезде агенттік төрағасының орынбасары лауазымында отырған. Мақсат Қожабаев Марат Ахметжановтың ең жақын кадрларының бірі болғаны жөнінде әңгімелер көп айтылады. Ахметжанов 2022 жылдың ақпанында Ішкі істер министрі болып ауысып кетті. Қазіргі уақытта Ақмола облысының әкімі екені белгілі.
Әдетте шенеунік сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса, оның тікелей басшысы отставкіге кетеді немесе тәртіптік жауапқа тартылады. Ал Дәуренбек Қожабаевтың жемқорлық қылмысы үшін кім жауап береді?
11 жылға бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек Д.Қожабаевтан мемлекет пайдасына 41 миллион теңге (алған парасының көлемінде) өндірілуі тиіс. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
«Рейтинг» газеті, 9 сәуір 2025 жыл.