Нұралхан Көшеров: Кіріс көзін ұлғайтыңыздар

Oinet.kz 12-03-2025 40

Түркістан облысы бүгінде республикадан қаржы алатын өңірлердің көшін бастап тұр. Өңірдің өзіндік кірісі 10 пайызға да жетпейді. 

Screenshot_2.jpg

Бұл біріншіден, Түркістан облысында халықтың көптігімен байланысты. Екіншіден, құрылғанына биыл 7 жыл толатын өңірдің өндірісі енді өркендеп жатыр. 

 Түркістан облысында 2025 жылдың 1 наурыздағы жағдай бойынша жергілікті бюджетке 44,6 млрд. теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 180,7%-ға орындалды. Бұл – республика деңгейінде 5-ші нәтиже. Қаржы саласындағы мәселелер, облыстың өзіндік табысы мен кіріс көздерін ұлғайту жоспары облыс әкімі аппаратының мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров осы бағытта жұмысты жандандыра түсуді тапсырды. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірдегі халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмыс сапасын жақсарту міндетін жүктеді. Қаржы және салық саласындағы жұмысты жандандыра түсу қажет. Кіріс көздерін ұлғайтыңыздар. Аудан, қала әкімдері жауапты басқарма мен департаментпен бірлесе жұмыс атқарсын. Біз Түркістан өңірінің өзіндік табысын арттыруымыз керек, – деді Нұралхан Көшеров. 

Мәжілісте Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы Қайрат Елібаевтың айтуынша, жоспардың артығымен орындалуы табыс салығынан – 8,1 млрд. теңге, меншік салығынан – 1,7 млрд. теңге, жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдарынан – 1,7 млрд. теңге және өзге де түсімдер есебінен орындалып отыр. Салықтық түсімдер бойынша бюджетке 38,5 млрд. теңге түссе, салықтық емес түсімдер бойынша 4,6 млрд. теңге түсіп, жоспар артығымен орындалды. 

Мәжілісте облыста «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылуы және хаттамалық тапсырмалардың орындалуы бойынша да есептер тыңдалып, жауаптыларға тиісті міндеттер жүктелді.

Айта кетері, бұған дейін Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қызметінің тиімділігін бағалайтын 86 индикатор әзірленді. Индикаторлардың маңыздылығы ескеріліп, ол 9 блокқа жіктелді. Индикаторлардың 77-сі салалық басқармалар тарапынан ұсынылған болса, қалған 9 индикатор облыс әкімі аппаратының ұсынысы бойынша енгізілген. Осы арқылы аймақта басшылар мен мемлекеттік қызметшілердің жұмысын жандандыру, белсенділігін арттырып, нақты индикаторларға қол жеткізу көзделіп отыр. Облыс әкімі аталған бағалау жүйесін тағы да бір зерделеп, толықтырып, айналымға енгізуді тапсырды. 

– Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының жұмыстары енді осы көрсеткіштердің орындалуы арқылы бағаланады. Оны орындау бойынша нақты іс-шара жоспарларын бекітуді тапсырамын. 2025 жылға белгіленген көрсеткіштердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет. Бекітілген жоспардың орындалуы бойынша соңғы 3 орында тұрған аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының жауапкершілігі қаралады. Ал үздік үштіктегілерді ынталандыру жолдары жүйеленеді, – деген болатын осыған қатысты өткен жиында Нұралхан Көшеров. 

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек бағалау жүйесі бойынша индикаторлар саны көбейіп, 86-ға жеткенін мәлімдеді. Барлық индикатордың өзіне тән есептеу әдістемесі бар. Егер жоспар орындалмаса, ұпай шегеріледі, ал асыра орындалған жағдайда ұпай беріледі. Бағалау жүйесіне енген Экономикалық даму блогы ай сайын есептелетін болса, қалған 8 блок бойынша аудан қала әкімдерінің рейтингі тоқсан сайын шығарылады

Өткен аптада  Нұралхан Көшеровті Ақордада Мемлекет басшысы қабылдады. Осы кездесуде облыс әкімі бірқатар жоба-жоспарларын жария етті.  Атап айтқанда Ислам даму банкі 135,5 миллиард теңгеге 24 ирригациялық жобаны қаржыландыруды мақұлдаған;  Түркістан қаласы мен жақын маңдағы 6 ауданды сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр; мақта-тоқыма кластерінде құны 197 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылады; жүгері-сірне зауытының құрылысы басталған; Австралия тәжірибесіне сай ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту қолға алынған; биыл өңірде 32 мектеп салынып, 41 білім ошағына күрделі жөндеу жүргізіледі; медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 32 нысан пайдалануға беріледі; 45 елді мекенге табиғи газ құбыры тартылады. Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың жаңа басшысына кеше қол қойылған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңда айқындалған міндеттерді сапалы жүзеге асыру үшін Үкіметпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырды. Президент облыс тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсарту, туризм, ауыл шаруашылығы және шағын кәсіпкерлік бағыттарын дамыту, елді мекендерді ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету міндеттерін жүктеді.

«Жемқорлықты 100 пайыз жеңген қала». Немесе «Бэтмен» не дейді, депутат Базарбек не дейді?
Мәулен Айманбетовтың «майлы» мектептері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу