«Жемқорлықты 100 пайыз жеңген қала». Немесе «Бэтмен» не дейді, депутат Базарбек не дейді?
Шымкент қаласы әкімінің су жаңа орынбасары, ел арасында «Бэтмен» қиял-ғажайып бейнесімен танылған Руслан Берденовтің «Шымкент – жемқорлықты тоқтатқан Қазақстандағы алғашқы қала» деген мәлімдемесі қызу талқыланып жатыр. Бұған дейін бизнесмен, одан кейін «Республика» партиясы атынан Мәжіліс депутаты болған, мемлекеттік қызметте бір күндік те тәжірбиесі жоқ Берденов қайбір күні журналистерге берген сұхбатында осы сөзін тағы қайталады. Орынбасардың айтуынша, Шымкентте мемлекеттік сатып алулар мен құрылыс саласында сыбайлас жемқорлық 100 пайыз жойылды. 100 пайыз (80 пайыз немесе 99 пайыз емес). Алайда мына ақпаратқа не дейсіз? Дәлірегі Шымкент қалалық әкімдігіндегілердің қойған заңсыз талабына, қоқан-лоқысына көнбеген бір белгілі кәсіпкердің бүгінде пайдалануға беріліп қойған ғимаратын бұздыруға әрекет жасап жатқаны туралы сұмдық жағдайды өз аузынан естідік. Мұның анық-қанығын алдағы журналистік зерттеу жүргізу аяқталғаннан кейін айта жатармыз.
– Осылай деп ашық әрі ресми түрде мәлімдей аламын. Бұл сөзді мен ғана емес, осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер де айтып жүр, – деді Берденов.
Әлі әкімдіктің «ішкі асханасына» кіріп үлгермеген шенеуніктің мәлімдемесін қалай қабылдауға болады? Мемлекеттік қызметке Ғабит Сыздықбековтің тікелей шақыртуымен келген Берденовтің мұнысы не ертегі? Басшысының жұмысына берген бағасы ма, әлде рақметі ме, айыра алмадық. Әлде Шымкентте сыбайластықтың 100 пайыз жойылғаны шындық па? Бұлай болуы мүмкін бе? Сіз қалай ойлайсыз?
Берденовтің осы сөзіне қызу пікірталас туындап тұрған кезде, өткен аптада Мәжіліс қабырғасында Шымкент қалалық әкімдігінің жерге қатысты шығарған шешіміне «қулық іс» деген баға берілді. Дәлірегі, Берденовтің бұрынғы әріптесі, үшінші мегаполисте уақтысында оңды-солды заңсыз таратылған жерлерді түгендеп, олардың заңдылығын тексеріп жүрген «Аманат» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» республикалық комиссиясы төрағасының орынбасары, депутат Бақытжан Базарбек бас прокурор Берік Асыловтың атына жолдаған сауалында осылай деді.
«Барлықтарыңызға белгілі, «Жер аманаты» республикалық жер комиссиясы Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша заңсыз берілген және игерілмеген жерлерді мемлекетке қайтару үшін құрылған. Бірақ сотпен қайтарып жатқан жерлеріміз қағаз жүзінде қайтып, ақыры білдіртпей кімнен біз жерді алып қойдық, соған қайтара салған қулық іспен қалай күресеміз ағайын?!» деп басталады Базарбектің хаты
(депутаттың сөздерін өзгеріссіз беріп отырмыз – Ж.Т.). Әңгіменің төркіні атышулы «BІ Group» компаниясының Шымкенттегі Назарбаев-Бәйтереков көшелерінің қиылысында салған «Ұлы дала» тұрғын үй кешеніне қатысты. Осы жерде кішкене шегініс жасайық.
«Рейтинг» газетінде біз осы мәселеге қатысты 3-4 мақала жарияладық. Мәселенің қысқаша мәнісі былай: 2022 жылы Мұрат Әйтенов басшылық ететін Шымкент қалалық әкімдігі Назарбаев-Бәйтереков көшелерінің қиылысындағы 2,2 гектар жерді «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына берген. Әдеттегіше, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін деген желеумен. Ал, корпорация сол баяғы сценарий бойынша оны «BІ Group»-тің аффилирленген компаниясы – «ШығысМонтажСтрой» ЖШС-не сатып жіберген.
Бақытжан Базарбек осы мәселені былтырдан бастап көтерді. Оның айтуынша, Шымкент қаласы әкімдігі мен «Shymkent» ӘКК жер заңнамасы мен Кәсіпкерлік кодексі талаптарын қасақана бұзған. Себебі әкімдік тұрғын үйді инвестициялық жоба ретінде қарастырып, 2,2 гектар жерді серіктестікке аукционсыз сатқан. Осы әрекеттің арғы жағында біраз күдіктің құлағы қылтияды. Жер компанияға неге аукционсыз сатылды?
Мәселеге «Жер аманаты» комиссиясы кіріскен соң, 2023 жылы Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті сотқа талап арыз береді. Мамырда Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, «Shymkent» ӘКК мен компания арасындағы жерді алу, сату туралы барлық келісімдердің күші жойылады, жер қайтадан мемлекетке қайтарылады. Апелляциялық алқа, Жоғарғы сот шешімді өзгеріссіз қалдырады. Бірақ, осыған қарамастан «ШығысСтройМонтаж» ЖШС жерге заманауи тұрғын үй салуды жалғастыра береді. Жер ресурсарын басқару департаменті осыған байланысты былтыр сотқа қайта шағымданып, компанияға құрылысты тоқтатуды талап етеді. Бұл талап арыз да қанағаттандырылған. Алайда «ШығысСтройМонтаж» ЖШС құрылысты осыдан кейін де тоқтатпайды (жоғарыда сүйенетін, сенетін бір тіреуі бар болып тұр ғой). Тіпті былтыр жыл соңында пәтерлердің алғашқы кезеңін аяқтап, оларды сатып үлгерген. Екінші кезектегі пәтерлерді биыл жыл соңына дейін аяқтауды көздеп отыр (бұл туралы біз «Рейтингтің» 12 ақпандағы №5 нөмірінде «BІ Group» білгенін істеуде» деген тақырыппен жариялаған мақаламызда жан-жақты жазған болатынбыз).
«Осы жерде енді қызық басталады. Бақытжан Базарбек Парламент Мәжілісінің төрінде соттың шешімі неге орындалмай жатыр деп айқайлап жүргенде осы соттың заңды күшіне енген шешімдеріне, атқару өндірісінің ашылуына қарамастан «ШығысСтройМонтаж» ЖШС-і «Үміт қала» ЖШС-мен 29 ақпан 2024 жылы аяқталмаған құрылысты сатып алу сату шартын бекітеді де, даулы мемлекетке қайтарылған жерді сатып жібереді. Ал, 29 наурыз 2024 жылы Шымкент қаласының әкімдігі соттың шешімі бойынша мемлекетке қайтарылған 1 гектар жердің мемлекетке қайтармай, мемлекеттік қажеттіліктер үшін алынатын жердің есебінен құны тең жер учаскесін «Үміт қала» ЖШС-іне бергендей шешім шығарған. Артынша, Шымкент қаласының әкімдігінің 29 наурыз 2024 жылы қаулысы бойынша «Үміт қала» ЖШС-іне мемлекеттік қажеттіліктер үшін алынатын жердің есебінен құны тең жер учаскесі ретінде берілген жерге айырбастау шарты бекітілді, 01.04.2024 жылы жерді мемлекеттік қажеттіліктер үшін алу шарты бекітілді. Мұны қалай түсінуге болады? Басқаша айтқанда соттың шешімі шықты және соттың шешімі бойынша заңсыз берілген жер мемлекетке қайту керек, бірақ Шымкент қаласының әкімдігінің шешімі бойынша мемлекетке жер қайтарылмады. Керісінше, соттың шешімі бойынша мемлекетке қайтарылған 1 гектар жер, мемлекеттік қажеттіліктер үшін алынатын жердің есебінен құны тең жер учаскесін беру сылтауымен өзге коммерциялық ұйымға өтіп кеткен. Қайдағы жерді мемлекеттік қажеттіліктер үшін алу? Қайдағы айырбастау шарты? Қайдағы құны тең жер учаскесін беру?» делінген Базарбектің өткен аптадағы депутаттық сауалында.
Депутаттың айтуынша, Шымкент қалалық әкімдігі дәл осындай схеманы «Hyundaі Premіum Shymkent» көлік салонының жеріне де қолданған.
– Бізде соттың шешімін орындамау модаға айналған ба? Жоқ, соттың шешімін орындамай айналып өтетін айла жоспарлау мода болды ма? Онда соттың қажеті не бізге? – деген депутат бас прокурор Берік Асыловтан Шымкент қаласы әкімдігінің «ШығысСтройМонтаж» ЖШС мен «Hyundaі Premіum Shymkent» көлік салонының жеріне қатысты қабылдаған шешімдерінің заңдылығын тексеруіңізді сұрады.
Осы жерде көпшілікке жұмбақ біраз сұрақ туындайды? «Ұлы дала» тұрғын үй кешенін салған қай компания? Тұрғын үй «BІ Group» компаниясының атынан сатылуда. Алайда құжаттарда, сот шешімдерінде «BІ Group»-тің аты кездеспейді. Неге? Құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы сот шешімі неге орындалмады? «ШығысСтройМонтаж ЖШС жерді «Үміт қала» компаниясына қалай сатқан? «Үміт қала» серіктестігі де «BІ Group»-тің аффириленген компаниясы ма?
Депутат Бақытжан Базарбектің осы жанайқайына құзырлы органдардың құлақ аса қоятынына күмәніміз бар. Сот шешіміне пысқырмайтын, ал қара қылды қақ жарады деген судьялар жемқорлық қылмыстары үшін сотталып жатқан қалада әділдік туралы әңгіме қозғауға әлі ертерек шығар, сірә. Олай болса, «Жер аманаты» комиссиясын құрып, жерге қатысты заңсыздықтарды анықтау кімге керек? Не үшін керек? Бұл сауалға кім жауап береді?
P.S. Айтпақшы, мақаламызға тұздық болған «жемқорлықты 100 пайыз жеңген қала» туралы әңгімеге қайта оралсақ. Руслан Берденов айтқандай, расында да Шымкентте жең ұшынан жалғасқан жемқорлық атымен жоқ па? Қазір мегаполис кәсіпкерлері арасында қалалық әкімдіктегі жерге жауапты лауазымды шенеунікке қатысты қылмыстық істің қозғалғаны туралы әңгіме гу-гу тарап жатыр. Бұл қаншалықты рас? Әзірге құзырлы органдар тым-тырыс. Әліптің артын бағып көрейік.
Жәнібек ТАРХАН.
«Рейтинг» газеті, 12 наурыз 2025 жыл.