Мәулен Айманбетовтың «майлы» мектептері

Oinet.kz 12-03-2025 40

Президенттің тапсырмасы бойынша салынып жатқан «Жайлы мектептердің» құны дәл сондай жекеменшік мектептерге қарағанда 3-4 есеге қымбат. 

Screenshot_8.jpg

Осы жобаның үйлестірушісі  Samruk-Kazyna Construction компаниясы  Ұлттық қордың триллиондарын тиімсіз пайдаланып жатыр. Қайбір күні Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттарының үкімет пен бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалы елдің аң-таң қалдырды.  

- Мемлекет басшысының бастамасымен салынып жатқан жаңа форматтағы 217 жайлы мектептің құрылысы биыл, 2025 жылы бітуі тиіс. Бұл керемет ұлттық жобаның басты мақсаты – апатты мектептерді, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындары тапшылығын жою. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына Ұлттық қордан 2023 – 2025 жылдар кезеңінде 1 триллион 493 млрд теңге бөлінді. (2023 жылы – 500 млрд теңге, 2024 жылы – 646 млрд теңге, 2025 жылы – 347 млрд теңге). Үйлестірушісі - Samruk-Kazyna Construction компаниясы. Басында ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін елімізде 842 мың оқушыға арналған 401 жаңа мектеп салу қарастырылған еді. Жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге болған. Кейін бюджет тапшылығына байланысты 2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп салу жоспарланды. Алайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 19 желтоқсандағы №1079 қаулысымен, қаржыландыру сомасы 1 трлн. 493 млрд. теңгеге дейін кемітіліп, құрылатын жаңа оқушы орындары 460 400-ге дейін, 217 мектепке қысқартылды. Ал, Жоғары аудиторлық палата тексеруі бойынша, «Жайлы мектеп» жобасы аясында, тек 2023 жыл қорытындысы бойынша 311,9 млрд. теңге сомасында бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілері анықталды. Осы «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру барысында мектеп құнын нақты бағадан бірнеше есе асырып көрсетуден «социалистік жарыс» өткен секілді... Мектептердің құны 9,6 миллиард теңгеден асып кеткен, - деді депутаттық сауалды оқыған Қазыбек Иса. 

Оның айтуынша, биыл 2025 жылғы қаңтар айында өңірлерге депутаттық сапар барысында күшті жекеменшік мектептерді көріп, жеке құрылыс компанияларымен кездескенде, «жайлы мектептер» құны жайсыз асыра есептеуден пайда болғандығына көзіміз жеткізген. 

- Мысалға, Шымкент қаласында «Zangar Bilim» ЖШС салған, өте жоғары деңгейде озық жабдықталған, төрт қабатты, үш қанатты, 1338 оқушыға арналған 10 200 шаршы метр пайдалы алаңы бар жекеменшік «Auzhan KTL» мектебінің құны 1,72 млрд. теңге. Демек, 1 оқушының орны – 1 285 500 теңгені құрайды. Бұл қаражатқа – жер учаскесі, комуникация тарту, ұтымды жоба-сметалық құжаттама, заманауи дизайн, 25 жыл кепілдігі бар қымбат қасбет-фасад материалдары, жоғары сапалы гранит, айта берсек барлығы мықты, жоғары сапада салынған материалдар жатады. Ал мектеп ішіне келер болсақ, кеңейтілген лабораториялар, компьютер және интерактивті тақталар, жоғары сападағы парталар мен локерлер, оқу материалдары, көрнекі құралдар, тіптен үйірмелерге қажет инвентарларға дейін алынған. Ас әзірлеуге, музыка, тігін тігуге, үй жұмыстарын үйрену, жалпы 30 түрлі үйірме бар, бизнес-мектеп, компюьтер жөндеу шеберханасы бар. Бір сөзбен айтқанда, жайлы мектепке қойылатын талаптардан да артық, барлық материалдық-техникалық база артығымен жабдықталған. Бұл еліміздегі ең мықты салынған жекеменшік мектеп деуге болады. Ал, көлемі осы мектептен 138 орын аз болса да, 1200 орындық жайлы мектеп 6 млрд 413 млн 748 мың теңгеге салынуда, яғни бір орынның құны «Auzhan» мектебінен 4 еседен де (4,16) көп! Ал оқушы саны екі еседен де аз, 600 орындық жайлы мектеп 4 млрд 600 млн 327 мың теңгеге салынған, яғни бір орынның құны 6 есе артық! Ал 2000 орындық жайлы мектептер 9 млрд 630 млн-нан да асып кеткен! 3.Яғни, сапалары бірдей болса да, жекеменшік мектеп құнынан «жайлы мектептің» құны 4-5 еседей көп. Бұл үкілеп сақтап отырған Ұлттық қор қаржысының 4-5 еседей шығын болғаны емес пе?. Сонда бір мектептің орнына 4-5 мектеп салатын қаржы қайда кетіп жатыр? Бұл есепсіз миллиардтардың сұрауы кімде? «Жайлы мектептерді» майлы мектептерге айналдырып отырғандар кімдер?, -тдеді депутат. 

Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы мемлекет қаржысын тиімді игеру үшін мектеп құрылыстары күмәні көп тендер тәсілімен емес, жеке инвесторлардың ауқымды жобаларын қолдау арқылы салыну керектігін алға тартып отыр. 

Жоғарыда айтылғандай, «Жайлы мектеп» жобасының үйлестірушісі «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы. Ол «Самұрық-Қазынаға» бағынады. Аталған компанияның басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов оған дейін Шымкент қаласы әкімнің орынбасары лауазамын атқарған. Уақтысында Президенттің іс басқармасында Мұрат Әйтеновпен бірге жұмыс істеген Мәулен Айманбетов 2020 жылы қала әкімінің ең маңызды деген, миллиардттарды игеріп жатқан құрылыс, инфрақұрылым салалары бойынша орынбасары лауазымына кірісті. Осы жылдары мынандай бір қызық болған. 

2021 жылы Шымкент қалалық құрылыс басқармасының бөлім басшысының ісі сотта қаралды. Сот үкіміне қарағанда, шенеунік әлдебір мердігерден 1 миллион теңге «сындырған». Ақшаны «қала әкімінің орынбасарына «iPhone 12 Pro» ұялы телефонын алып береміз» деген сылтаумен алған. Үкімде аты аталмағанымен ол орынбасардың Мәулен Айманбетов екендігі айтпаса да түсінікті еді. Бөлім басшысы заң алдында тиісті жазасын алды. Ал «iPhone»  дауы Айманбетовтың карьерасына ешқандай кері әсерін тигізген жоқ. 2022 жылы ол «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының басқарма төрағасы болып жоғарылап кетті. 

Айтпақшы, былтыр ақпарат құралдарында М.Айманбетовтың орынбасары Боранбай Болатбековтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған. Болатбеков Айманбетовтың ең сенімді кадрларының бірі десек, қаталеспеуіміз мүмкін. Айманбетов Шымкентте әкім орынбасары болған жылдары Болатбеков қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына жетекшілік еткен. Ол сол жылдары әлдебір мердігерлермен бірлесіп, жемқорлық қылмыстарына шатылғанға ұқсайды. Қазынаға 2 миллиард теңге шығын келтірді деген ақпараттар да айтылған. Болатбеков басқарма басшылығынан кейін Тұран ауданының әкімі болды, 2023 жылдың соңында  жоғарыда айтылған «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтың орынбасары лауазымына өсіп кеткен еді.

Алайда Болатбековтың үстіне қозғалды деген қылмыстық істің бұдан кейінгі тағдыры осы уақытқа дейін белгісіз.

Нұралхан Көшеров: Кіріс көзін ұлғайтыңыздар
«Болашақтың» түлектері қулық-сұмдыққа барады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу