Ерекше мәртебе Түркістанға не береді?
Президент «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң тікелей Мемлекет басшысының бастамасы бойынша дайындалғаны белгілі.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, заң бірінші кезекте Түркістандағы тарихи ескерткіштерді сақтауға, туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
- Бұл – Түркістан қаласы ғана емес, тұтас өңіріміз, еліміз үшін маңызды оқиға. Бұл құжатта тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау, археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу, туризмді дамыту, қаланың әлеуетін көтеру жолдары қаралған. Түркістан – ықылым заманнан тарихи орталық болған. Қожа Ахмет Ясауи ғұлама өмір сүрген шаһарда ізгілік пен білім нұры шашылып, шартарапқа тараған. Қазақ хандығының астанасы ретінде ұлтымыздың айбынын асырып, халқымыздың бірлігі мен ерлігінің ордасына айналған. Сондықтан бұл шаһардың мәні де, маңызы да, беделі де, мәртебесі де әрдайым биік болатыны анық. Енді қазақ руханиятының темірқазығына айналған киелі мекеннің абыройы одан сайын асқақтап, рухани және тарихи-мәдени мұраларын қорғау, кеңінен таныту шаралары одан әрі жандана түспек. Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштері мен мұраларын сақтап, ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілік. Тарихы тереңде жатқан Түркістан қаласын жан-жақты дамыту бағытындағы жұмыстарға бар күш-жігерімізді саламыз. Барша Қазақ елін, Түркістан жұртшылығын осы тарихи сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің еңсесі биік болып, Түркістанымыз дами берсін! – деді Нұралхан Көшеров.
2018 жылы 19 маусымда Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Осы аз уақытта шаһар дамудың жаңа сатысына көтерілді. Түркістан қаласының халық саны соңғы 4 жылда 31,5%-ға артып, 2025 жылдың 1 қаңтарында 237503 адамды құрады. Облыс орталығы болғалы жалпы өңірлік өнім көлемі 4,5 есе өсіп, 2024 жылға 452,6 млрд теңгеге жеткен. Түркістан қаласында мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің көлемі 2,8 есе өсіп, 2023 жылы 66,2 млрд теңгеге жетсе, 2024 жылы 80,1 млрд теңге түсті. Оның ішінде салықтық түсімдер 2,3 есе өскен. Облыс орталығы болғалы қала бюджеті 3 есе өсіп, 147,2 млрд теңгеге жетті. Инвестиция көлемі жыл сайын өсуде. 2023 жылы 323,5 млрд теңге инвестиция тартылса, өткен жылы шаһарға 400,2 млрд теңге инвестиция тартылып, жұмыс қарқыны арта түсті. Арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта маңызды жобалар жүзеге асырылып, зауыттар салынуда. Өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемінің көлемі соңғы үш жылда 1,7 есе өсіп, өткен жылы 34,8 млрд теңгені құрады.
P.S. Осыдан төрт жыл бұрын, наурызда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдері басшыларының онлайн саммитінде Түркістан Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланғаны белгілі. Бұдан не өзгерді? Онсыз да мәртебеден кенде емес қалаға ерекше мәртебе не береді? Ол қаланың дамуына қаншалықты серпін әкеледі?
Мұның бәрі әзірге жұмбақ болып тұрғаны жасырын емес.