Қытайлар 18 қабатты қонақ үй салады

Oinet.kz 06-03-2025 145

Қытай инвесторлары Түркістанда 18 қабатты бесжұлдызды қонақ үй салады. Бұл туралы Түркістан облыстық әкімдігі хабарлады. 

Screenshot_10.jpg

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қытайлық инвесторлармен кездесіп, бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асу барысын талқылады. Облыс орталығында салынатын бес жұлдызды қонақүй кешені мен аквапарк құрылысы басталу үстінде. Аталған жобалар Түркістан қаласы үшін маңызды. Туризмі өркендеп жыл сайын келушілер саны артып жатқан шаһарға аталған жоба тың серпіліс бермек.

Түркістан облысы – ҚХР-мен тиімді және тұрақты ынтымақтастықты дамыту бойынша маңызды жетістіктерге қол жеткізген өңір. Бүгінде екіжақты қатынастар экономика, сауда, білім беру, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларында жүйелі түрде өркендеп, қытайлық инвестициялар мен бірлескен жобалардың жүзеге асуы өңірлер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуда оң нәтижелер көрсетуде.

Атап айтқанда, Вэйнань қаласының инвесторлары Түркістанға инвестиция салуға қызығушылық танытуда. Осыған орай Қытайда «Вэйнань қаласының Қазақстандағы Инвестициялық Сауда Ассоциациясы» құрылды. Кездесуде пилоттық жоба ретінде бірқатар ұсыныстар айтылды. Облыс әкімі шетелдік инвесторлармен жаңа жобаларды талқылап, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымы» Cаммиті аясында өткен Қазақстан-Қытай бірлескен іскерлік кеңесінде қытайлық бизнесмендермен жалпы құны 1 млрд 615 млн АҚШ долларын құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Атап айтқанда, Түркістан қаласында бес жұлдызды 18 қабатты қонақ үй мен вилла кешені, аквапарк және бейнебақылау камераларын шығаратын зауыт салынады. Қуат көзі тапшы Түркістан облысы үшін маңызды баламалы энергия көздерін өндіру бойынша бірқатар ірі жобалар қолға алынды.

Бахадыр Нарымбетов есеп берді
Ерекше мәртебе Түркістанға не береді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу