Жерұйық іздеген Жақып Асанов неге соңғы кездері жым-жырт қалды?
Бұрын жұрт Жақып Асановты жап-жақсы танитын. Қанша дегенмен еліміздің Бас прокуроры, Жоғарғы соттың төрағасы қызметтерін атқарған лауазымды тұлға емес пе?
Бірақ неге екенін қайдам, соңғы кездері Асанов баспасөз бетінен де, көгілдір экраннан да мүлдем көрінбейтін болды.
Тек өткен жылдың соңында Талғарда жасөпірім Шерзат Болаттың қазасынан кейін «ОПГ лидері Хасан Қасымбаевтың қазіргі сенатор – бұрынғы Жоғарғы сот төрағасы болған Жақып Асановпен таныстығы бар екен" деген әңгіме жел тигендей тарап, сол кезде Жақып Асанов «Оның бәрі өтірік, жалған. Ол адамдарды танымаймын, білмеймін, көрген емеспін. Қазір қоғамда осылай адастыратын ақпараттар көбейіп кетті. Олардың авторларын анықтап, жариялауымыз керек. Жұртшылыққа жеткізуіміз керек. Талғарда бірде-бір туысқаным жоқ» деп ақталуға мәжбүр болған.
Міне, сол кезде көпшілік Жақып Асановтың бар екенін естеріне бір түсіріп еді, одан кейін қайтадан экраннан жоқ боп кетті.
Әрине, пайғамбар жасына жақындаған Жақып Қажманұлы енді үлкен қызметтер атқарудан күдер үзіп, небәрі бір жарым жылдай уақыт қалған зейнет жасын сенаттың төрінде тып-тыныш қарсы алайын деп шешкен де болар. Айтпақшы өмір бойы лауазымды қызметтер атқарған Асанов сенатор болатынын соңғы сәтке дейін өзі де білмегенін журналистерге жасырмай айтқан болатын.
«Маған осындай үлкен сенім артылғанын кеше ғана білдім. Бірақ, әрине, менің жеке қоржынымда құқық қорғау және сот жүйесіне әсер ететін заң жобалары бар. Дегенмен тамыз айынан бастап біз Сенат депутаттарымен өте тығыз жұмыс істедік. Көптеген шешімдер қабылданды», деген болатын жаңадан сенатор боп сайланған Ж. Асанов журналистер алдында.
Бірақ шынын айту керек, үлкен қызметте жүрген кезде Жақып Қажманұлы тым белсенді, идеяшыл, бастама көтергіш еді. Адамның ойына келмейтін түрлі бастамалар көтеріп, заң органдарын ғана емес, қарапайым жұртшылықты да айран-асыр қып тастайтын.
Мысалы, еліміздің бас прокуроры қызметін атқарып жүрген кезде бір бастама көтергені бар. Шамасы Сыр елінде шыр етіп дүниеге келіп, мектеп бітіріп, жоғары білімді Алматыда алып, шырайлы Шымкентте шып-шып терлеп қызмет еткен Ж. Асанов Оңтүстікте көп мәселе шайдың үстінде шешілетінін жадына түйіп өссе керек. Шынында үлкен лауазымды адамдармен дастархандас болу, бірге ас ішу жолыңды ашып, шаруаңды оңалтып жіберетіні бар. Бірақ, басқа-басқа бас прокурормен бірге ас ішу бақыты қарапайым қызметкерге бұйыруы мүмкін бе?
Жақып Асанов алдымен прокурорлардың барлығына кітап оқу туралы бастама көтерді. Тіпті, түнде төсекке жатар алдында қандай кітап оқу керектігін де өзі айтып берді. «Прокурорлардың тілі түсініксіз, жауаптары жұтаң» деп жазғырған бас прокурор «Абай жолын» немесе қазақтың басқа да классикалық шығармаларын атай ма деп едік. Жоқ, Стивен Кови, Радислав Гандапастардың психологиялық кітаптарын оқуға кеңес берді. Мейлі ғой, қайсысы болса да әйтеуір, кітапты көп оқыған адамнан жаманшылық шықпас. Мұның ең тамашасы, бас алмай кітап оқып, оқымысты атанған және өз ойын қағазға еркін түсіріп, жап-жақсы шығарма жаза білген қызметкерді Жақып Асановпен түскі ас ішу бақыты күтіп тұрды.
Бас прокурор мен жас прокурордың шай үстіндегі әңгімесі әрине, кітапта жазылған дүниеге пікір таластырумен ғана шектеліп қалмас. Шай құйып отырып Жақып Қажманұлына жан-жақты жақындай түсуге прокурорлардың барлығы күш-жігерін салатыны анық.
Дегенменде бас прокурормен бірге ас ішкен қызметкер туралы сол күйі естігеніміз жоқ. Әлде прокуратурада кітапты көп оқитын қызметкер қалмады ма, жоқ, әлде Жақып Асановпен бірге ас ішуге жүректері дауаламады ма? Әйтеуір, бұл бастаманың соңы не болғаны туралы сол күйі ешкім ештеңе білмей, аяқсыз қалды.
Сөз жоқ, Жақып Асанов жаңашыл басшы. Әйтеуір, аттың басын жіберіп қойып, «қайда апарсаң, онда апар, құлап қалмасам, болды» деп, ердің басынан тас қып ұстап отыра беретін адам емес. Жерұйық іздеген Асан Қайғы сияқты Асанов та қай қызметте жүрсе де ерекшелініп, бір жаңашылдық іздеп жүрді.
Оның бас прокурор болған кездегі түрлі жиындарда сөйлеген сөздерін, жалпы ол туралы жазылған мақалаларды оқыған жұрт еліміздің құқық қорғау саласы мүлдем артта қалғанын, өз құқымызды талап ете алмайтын, айдағанға жүріп, айтқанға көнетін көнбіс халық екенімізді тағы бір мойындағаны анық. Сенбесеңіз, Жақып Асановтың жалынды сөздерінің кейбірін Сіз де бір оқып көріңізші:
– Біз әлі күнге қылмыскерді «дубинкамен» қуып жүргенде, АҚШ құқық қорғаушылары Big Data (Биг Дата) теxнологиясымен қылмыстың қайда және қашан боларын алдын-ала біліп отырады.
– Оқуды жарытып оқымаған. Жазу-сызуды білмейді. Қызметке көкелерінің арқасында тұрғандар бұлар. Ойлағандары тек пайда. Заңды белшеден басқан прокурорларды да жұмыстан қуып жатқанда, мұндайларға да аяушылық болмауы керек. Кәсіпкерді аяқтан шалу – мемлекетті аяқтан шалу деген сөз.
– Прокуратура «кездейсоқ» адамдар мен көкесі барлар қызмет ететін мекемеге айналмауы тиіс. Қызметке кейде үздіктер емес, іскерлік қабілеті төмен, тек өз пайдасын ойлайтын кездейсоқ адамдар кіріп жатады. Танысың, көкең болмаса өз күшіңмен бізге орналасу мүмкін емес деген ой қалыптасқан.
– Әрбір қазақтың арманы – ұлтарақтай жер алып, мал асырап, бақша егу. Оның арманы сол. Кең үй салып, келін түсіріп, қолынан шәй ішіп, солай емес пе!? Біздің қанымызға сіңген қасиет, менталитетіміз. Адамға қанша пәтер берсек те, ол бәрібір жер үйге жетпейді...
Иә, басқа-басқа Жақып Асановтың қазақстандықтарға 10 сотық жер беру туралы заң жобасын жасауды ұсынғанын да қалай ұмытамыз?! Жұрттың сан жылдан бергі арманы. Нағыз күйіп тұрған мәселе.
Тіпті бас прокурордың «Ұрлықсыз өңір ашайық» деп, ұры-жемқорларға «соғыс» жариялауы да көпшілікті бей-жай қалдырмаған болатын.
Қысқасы үлкен қызметте жүрген Жақып Асанов шынында үнемі жерұйық іздеумен болды.
Әрине, әр бастама іске асуымен, орындалуымен бағалы емес пе? Айту оңай, іске асыру қиын. Жақып Асановтың бас прокурор қызметінде жүрген кездегі осынау бастамалары елін сүйген патриотизмнен туған тірлік пе еді, жоқ әлде мансап қуып, ұпай жинап қалуға тырысатын басы бар, аяғы жоқ популизмнен туған тірлік пе еді?
Әдетте іскер, жанашыр адамдар жұмыссыз отырса да бастаған тірлігін, идеясын ары қарай жалғастырып, сан салада жұмысты жандандырып жүре береді емес пе? Әлде белсенді болу үшін тек үлкен қызмет керек пе?
Қалай айтсақ та идеяшыл, үнемі бастама көтергіш Жақып Асановтың көптен бері жым-жырт жатып алғаны жұртты айран-асыр қылып тұр?
Ал, Сіз қалай ойлайсыз?