Асқар Қаныбеков – облыс әкімінің орынбасары
Оңтүстік өңіріне әйгілі Қаныбековтер әулетін таныстырып жату артық болар сірә. Солардың бірі, жастайынан мемлекеттік қызметке араласқан Асқар Қаныбеков жуырда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
Еңбек жолын салық инспекторы қызметінен бастаған ол кейіннен Шымкент қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы, Алматы облыстық мәдениет басқармасының ішкі бақылау қызметінің бас маманы, Алматы облысы Көксу ауданы Еңбекші ауылдық округінің әкімі болды.
Небәрі 24 жасында Шымкент қаласының кәсіпкерлік бөлім басшысы атанды. Бұдан кейінгі кезеңде облыстық ауыл шаруашылық басқарма басшысының орынбасары, Мәдениет және спорт министрлігінің әкімшілік департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Ғабидолла Әбдірахымовтың тұсында Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшылығына келді. Бұған дейінгі атқарған қызметі – Түркістан облысы әкімдігі аппарат басшысының орынбасары.
Асқар Қаныбековтің қызметтік карьерасында әр алуан алып қашпа әңгімелер аз өрбіген жоқ. Айталық, 2021 жылы әлеуметтік желілерде Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков желіде қылмыс жасады деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған болатын. Артынша Асқар Сәкенұлы Іnstagram-да видеоүндеу жариялап, бұл ақпараттың жалған екенін, өзінің жұмыс орнында отырғанын мәлімдеді.
Айта кетерлігі, Асқардың әкесі Сәкен Қаныбеков те кезінде облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарды, Парламент Мәжілісінің депутаты болған азамат. Әке жолын қуып, шенеунік карьерасындағы кезекті белесті бағындыра білген Асқар Қаныбековке жаңа қызметінде сәттілік тілейміз.