Жұмбақ Жұманғарин

Oinet.kz 12-02-2025 48

Жасыратыны жоқ, ақпарат құралдары Серік Жұманғарин туралы көп жазады және ол экрандардан жиі бой көрсетеді. Жиі сұхбат бергіш, жиі пікір білдіргіш.

Screenshot_8.jpg

Әрине, оның журналистерге жиі сұхбат беретіні бір жағынан қоғам жиі талқылайтын мәселелер көбінесе Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің саласына қатысты болғандықтан да шығар деп те ойлайсың. Алайда Серік Мақашұлының ақпарат құралдарының тұрақты кейіпкеріне айналуына қызметі ғана емес, оның тосыннан айтқан сөздері, эмоциясын жасыра алмауы да себеп болғаны рас. Осы қасиеті оны басқалардан ерекшелеп, танымал болуына жол ашты. Иә, қашан көрсең Жұманғарин баспасөздің хит тақырыбына айналып жатады.

Жақында ғана Сенат кулуарында «Ұлысмедиа» сайтының тілшісі Серік Жұманғариннен қосымша құн салығын көтеру туралы ұсыныстың авторы кім екенін сұрағанда «Оны не істейсіз?» деп қарсы сұрақ қоюы қоғамның қызуын лезде көтеріп жіберді. Қарсы пікірлер қарша борады. Тіпті министрдің осы бір ауыз сөзіне бола әлеуметтік желідегілер бүкіл Үкіметті, оның салыққа байланысты реформаларын жерден алып, жерге салып жатты. 

Әрине, қосымша құн салығы соңғы кездері жиі талқыланған тақырып. Тіпті осыған байланысты пікірлер тым өрістеп кеткендіктен де болар Мемлекет басшысы бұл мәселені қайта қарауды ұсынды. Ал осындай сәтте Серік Жұманғариннің журналистерге қисық жауап беруі жүйкеге тиді. Көпшілік көтере алмады, түсіне алмады. Осыдан-ақ қоғамның осынау реформаларға деген көзқарасын, көңіл-күйін байқай беріңіз.

Мұндайда қазекем Серік Жұманғаринның тұзы жеңіл деп айтатын ба еді?!. Шынында аңдамай сөйлеп қалып, артынан ақталып жату Серік Мақашұлына әдет болып кеткен. Былайша айтқанда, бірнәрсе айтамын деп «бомбаға» жиі түсіп қала береді. Дегенменде «қорқа-қорқа батыр болдық» демекші, Серік Мақашұлы да жиі сұхбат бергеннен бе, әйтеуір, кейде батылдығы да бар екенін мойындау қажет. Оның: «Қосымша құн салығы туралы білмейсіздер ме? Жазбаңыздар! Сіздер жай ғана халықты алдап, шу тудырып жатырсыздар. Кей белсенділердің есебі, тіпті, ақылға сыймайды», деп журналистерден айылын жыймай, айтарын айтып кетуі оның алған бетінен қайтпайтынын, бірбеткей мінезі бар екенін де білдіретіні анық.

2023 жылы ресейлік басылымдардың бірінде «Казахстан задний двор Путина» деген тақырыппен мақала шыққанда да ең алдымен үн қатқандардың бірі осы Серік Жұманғарин еді.

– Қазақстан ешкімнің де артқы ауласы емес (Казахстан ни чей не задний двор), Қазақстан тәуелсіз мемлекет, тарихы терең мәңгілік ел. Жақында мен Түркістанға үкіметаралық комиссияны басқарып бардым, сол жиынға ресейлік әріптестерімді де шақырдым. Қонақтарды Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарған кезде гид «Міне, мына сарайда Ақсарай хан Петр І патшаның елшілерін қабылдаған» деп бөлмелерді аралатып көрсетті. Осыдан кейін ресейлік қонақтар біздің тарихымыз туралы ештеңе білмейтіндерін мойындады, – деп осы мәселеге байланысты пікірін ашық білдіруі Жұманғаринның батылдығын байқатқандай.

Жалпы алғанда Серік Жұманғаринның алғаш рет баспасөздің жарық жұлдызына қалай айналғанын жұртшылық жақсы біледі. Жұманғаринды жұлдыз қылған өзінің «Жынымды келтірмеңізші» деген әйгілі сөзі... Тіпті ғаламтордан Жұманғаринның аты-жөнін тере қалсаң оның «Жынымды келтірмеңізші» деген сөзі бірден атып шығады.

Иә, 2019 жылы ол Ұлттық экономика министрінің орынбасары қызметінде жүрген кезде тарифтер жайлы сұрақ қойған журналистерге дәл осылай жауап қатқан. «Жынымды келтірмеңізші. Бұл басқа шара ғой. Не болды? Кеше Парламентте айттым тарифтер туралы. Ондай болса өздеріңіз тұра беріңіздер. Шара шағын және орта бизнес жайлы. Ал сіздер тариф жайлы сұрайсыздар. Маған келіңіз, мен сізге тариф туралы айтып беремін. Жынымды келтірмеңізші»,– деп салған болатын Серік Жұманғарин брифингте. 

Айтпақшы, осының алдында ғана Серік Мақашұлы дәл осы тарифтер бойынша Қауіпсіздік кеңесінің жиынында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан сөгіс алған еді. Президент энергетикалық компаниялардың тұтынушылар есебінен заңсыз пайда тауып жатқандарын және қарапайым халықтың мүддесі қорғалмағанын айтқан-ды. Сөйтіп осы салаға жауапты «жыны келетін» шенеунік сөгіс алған. Бәлкім содан да болар тариф жайлы сұраққа оның жыны келгені...

Алайда шенеуніктің тілшіге дөрекі жауап беруі желі қолданушыларының наразылығын тудырып, қызу талқыға түсті. Артынша Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин тілшінің тарифке қатысты қойған сауалына дөрекі жауап бергені үшін кешірім сұрады. «Мен журналистерге қарата қатты айтқан сөзіме өкініш білдіремін. Иә, менің сөзім өрескелдеу болды. Сол себепті, журналистерден ресми түрде кешірім сұраймын. Сұхбат беру мәселесіне келсек, ол жайлы ескерткенімдей, журналистерді қызықтырған сауалдарға жауап беруге дайынмын», – деді вице-министр.

Осыдан кейін Жұманғарин әр сөзі, әр жауабы жиі талқыланатын тұлғаға айналып шыға келді десе де болғандай. 2022 жылы қант бағасы аяқ астынан қымбаттап, дүкен сөрелерінен жым-жылас жоқ болып кеткен кезде де Жұманғаринның «Мен шайға қант салмаймын, тек шайға тоспа (варенье) қосамын, әскерде жүргенде бізге қант берген жоқ, сондықтан шайды осылай ішуге дағдыланғанмын» деп жауап беруі әлеуметтік желілердің біраз көрігін қыздырды.

Айтпақшы, қантсыз шай ішетін Серік Жұманғарин сол жолы қант дауына байланысты қызметінен кеткен Бақыт Сұлтановтың орнына Сауда және интеграция министрі болып тағайындалған болатын.

Еліміздің көптеген аймақтарында шегірткелер «шеруі» басталып, зиянкестер ауылшаруашылығы саласын алқымнан алған кезде осы жағдайға байланысты сұхбат берген Жұманғаринның аузынан абайсызда «шегіртке – халал» деген сөз шығып кетіп, мәселеге май құйғандай болды.  Әрине, Серік Жұманғарин кейінірек мұны әзіл үшін айтқанын мойындап, «Мен шегірткені жеу керек деп айтқаным жоқ. Мен тек шегіртке халал екенін айттым. Менің білуімше солай... Кейбір ақпарат құралдары менің айтқанымды бұрмалап беріп жатыр. Осымен тоқтайық», деп ақталды.

Қазақстандық көптеген ірі шенеуніктер сияқты Серік Жұманғаринның да жеке дүние-мүлкі туралы даудан құтылмай, байлығы баспасөзде жазылып, соңы біраз әңгімеге ұласты. Ақпарат құралдарында оның отбасының меншігінде құны 1 млн долларды құрайтын 10 пәтері бар екені, бұл пәтерлер Ақтөбе қаласында орналасқаны және 10 пәтердің де сыйға тартылғаны жазылды. Әрине, осы жәйтті баспасөз бетіне шығарушылардың көкейінде бұл пәтерлер мемлекеттік қызметшіге қалай, не үшін сыйға берілді деген сұрақтың тұрғаны анық. Тіпті осы пәтерлер оған пара үшін берілді деп айыптағандар да болды.

Премьер-министрдің сол кездегі орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин отбасы меншігінде 10 пәтердің бар екенін жоққа шығармады. «Мұның бәрі жала. Мен мемлекеттік қызметке 35 жасымда келдім. 90-шы жылдардан 2000 жылдардың ортасына дейін бизнес жасадым. Бұл үйлерді менің отбасымның меншігіндегі құрылыс компаниясы салған. Алайда ипотекалық дағдарысқа байланысты компаниям құрылыс салуды тоқтатты. Және салығы тым көбейіп кеткендіктен үлкен пәтерлерді отбасымның атына жазуға мәжбүр болдық», – деп ақталды бұл жолы Серік Мақашұлы.

Жалпы алғанда Серік Жұманғаринның араласпайтын саласы жоқ. АЭС-ке қарсы болушылар туралы да, уақыт белдеуін өзгертуге қол жинау туралы да, басқа да мәселелер туралы қашан көрсең Жұманғарин пікір білдіріп жатады. Иә, аузынан «авария» боп қала берсе де Жұманғарин журналистерден қашып құтыла алмайтынын өзі де мойындаған сияқты.

Алайда ақпарат құралдарында жиі пікір білдіріп, көгілдір экраннан жиі бой көрсетіп жүрсе де Жұманғарин көпшілік үшін әлі де жұмбақ жан. Жүзін шырамытқанымен Жұманғаринның шын мәнінде қандай жан екенін жұрт әлі жақсы білмейді.

Оралхан ДӘУІТ

Асқар Қаныбеков – облыс әкімінің орынбасары
Президенттің ұсынысын олигархтар қабыл алады ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу