Жұмбақ Жұманғарин
12-02-2025
Мемлекет басшысының ұлттық бизнес элитасының өкілдерімен кездесулерді өткізу дәстүрі бұрыннан бар. Назарбаевтың тұсында басталған бұл үрдіс Тоқаев президенттікке келгелі тіпті жиілей түсті десек қателеспейміз.
Мемлекет басшысы бұған дейін «Форбс» тізіміне кіретін олигархтар және топ-менеджерлермен бірнеше рет кездескен болатын. Әлбетте, мұндай басқосулардың отандық экономика мен бизнес үшін маңызы зор. Билік пен үлкен бизнестің арасында алыс-берісі көп, екі тараптың мақсат-мүдделері көбіне біте қайнасып жатады. Бизнес элитаны алып жобаларға бюджеттен қаржы бөлдіру, салықтық жеңілдіктерге қол жеткізу, мемлекеттің түрлі преференцияларына ие болу қызықтырса, шенеуніктер кәсіпкерлер арқылы елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді, инфрақұрылым проблемаларын шешуге тырысады.
Мұндай жиындарда кез келген детальға мән беру керек. Басқосуға кімнің қатысып, кімнің келмей қалғаны, қатысушылардың қандай реттілікпен отырғаны көп жайды аңғартады. Кездесулердің форматы да өзгеріп жатады. Айталық, 2023 жылғы кездесуде Тоқаевтың жанында тек сол кездегі Премьер-министр Әлихан Смайылов отырды. Одан кейінгі кездесу дөңгелек үстел форматында өтіп, Президенттің оң жағында шетелдік компанияның өкілі, сол жағында Президенттік экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Әсет Ерғалиев жайғасқан еді.
Билік пен бизнестің арасындағы конфронтация
Жуырда өткен кездесуге қатысушылардың жайғасу тәртібі басқаша болды. Тағы да сол дөңгелек үстел форматы, бірақ Тоқаевтың екі жағында да кілең өзінің командасы отырды. Нақтырағы, оң жағында Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің жетекшісі Айбек Дәдебай, оның бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды, «Самұрық-Қазына» Қорының басшысы Нұрлан Жақыпов пен Президенттің кеңесшісі Ерұлан Жамаубаев отырды. Мемлекет басшысының оң жағына Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов жайғасты. Президенттің төңірегінде бүкіл командасының табылғаны биліктің осы басқосуға айрықша назар аударғанын, бизнес өкілдеріне сөзінің өтімді болуын қалағанын аңғартса керек.
Олигархтардың қатарында «Форбс» тізімінің кілең ығай мен сығайларын байқадық. Еліміздің басты миллиардері Вячеслав Ким, қоғамдағы белсенділігі жоғары Нұрлан Смағұлов, Айдын Рахымбаев пен Турлов, тіпті әдетте көпшілікке көріне бермейтін Тимур Құлыбаев, Болат Өтемұратов, Кеңес Рақышевтай «бизнес акулалар» да келген екен. Биліктің осындай құрамды жинауы көпшілікке жіберілген сигнал болса керек. Соңғы кездері базбір сарапшылар билік пен бизнестің арасында текетірес орнап, түрлі келіспеушіліктердің өршіп жатқанына назар аударған болатын. Бұл күдіктер, әсіресе, қосымша құн салығын 20 пайызға көтеру ұсынысын талқылау кезінде күшейді. Мемлекеттің бизнесті жүргізу шарттарын өзгертіп, салық саясатын күшейтуді, бизнеске қысым жасауға көшуі, әлбетте, кәсіпкерлерге ұнамайды. Мұндай текетірестің шарықтау шегі – ірі бизнес өкілдеріне қарсы қылмыстық істердің қозғалуы болса керек.
Дегенмен, осы кездесу билік пен бизнестің арасында конфронтацияның жойылып жатқанын көрсеткендей болды. Мәселен, әлемдік әйгілі Bloomberg агенттігі Құлыбаевтың бизнес-империясына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны, нәтижесінде оның Қазақстанға құны 1 миллиард доллар қайтаруға дайындалып жатқанын хабарлады. «Ол соманың бір бөлігі ақша түрінде қайтарылады, енді бір бөлігі елдегі инвестициялық жобаларға жұмсалады. Осылайша Құлыбаев мемлекетпен келісімге келіп, бұдан кейінгі қудалаудан, қандай-да айыптаулардан басын аман алып қалатын сияқты» деген пікірлер айтылуда.
Мемлекет пен бизнестің арасында түсіністіктің орнап жатуының тағы бір көрінісі – банктер кезінде мемлекеттен алған қаржылай көмекті қайтара бастапты. Айталық, Halyk Bank мемлекетке 250 миллиард теңгені мерзімінен бұрын қайтарып тастағанын мәлімдеді. Бұл орасан қаржы сонау 2015 жылы «Казкоммерцбанктің» мемлекет тарапынан алған депозитінің қайтарымы екен. «Банк ЦентрКредит» те мемлекетке 20 миллиард теңгесін аударып тастапты.
«Байбалам салатындай себеп жоқ»
Президент Тоқаевтың бизнес қауымдастыққа жолдаған басты идеясы – мемлекет пен бизнес бірігіп жұмыс істеуі керек. Отандық экономика ірі инфрақұрылымдық және өндірістік жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллекттің күшімен, сонымен қатар көлік пен логистика саласын жақсарту арқылы дамуы тиіс. Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық міндет – экономиканы нығайту арқылы Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтау және күшейту болса, бұл мақсатқа бизнес өкілдерінсіз жету мүмкін емес. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманның басты мәселелерін шешу жолында Қазақстан жаңа көзқарастар мен тәсілдер дәуіріне қадам басқанын, ал ескірген стереотиптер өткеннің еншісінде қалғанын атап өтті.
Бизнес өкілдері бұл ұсынысты қабыл алғандай сыңай танытып, бас изесті. Дегенмен, іс жүзіндегі жағдайдың қандай сипат алатынын дөп басып айту қиындау. Әрине, олигархтарда патриоттық сезімнің барын жоққа шығармаймыз. Дегенмен, әрқайсысы Отанға, ұлтқа әрқилы деңгейде қызмет етіп жүр. Бірі елге өз еркімен қаржылай көмектессе, енді біреулерін мемлекет қажет кезде «бағыттап» отыратыны жасырын емес. Билік пен бизнес бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істей алса – қарапайым халық ұтады. Қазақ елінің миллиардерлері мен мультимиллионерлері ақшасын әдетінше сыртқа тасиды ма, жоқ әлде шын мәнінде жинап-тергенін ұлттық экономикаға молынан құяды ма, ол жағын уақыт көрсете жатар. Осы тұрғыда Президент өз сөзінде бизнесті негізсіз қыспаққа алудан және салалық органдардың заңсыз тексеруінен қорғау үшін жүйелі жұмыс қолға алынғанын, экономикалық құқық бұзушылықтың 29 түрі бойынша тұтқындауға тыйым салынғанына назар аударғаны бекер емес. Бұл мәлімдеме Қазақстан бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғауға қарай бағыт алғанының нышаны ретінде қабылданды.
Осы басқосуда Тоқаев қоғамда айтылып жатқан бірқатар сыни пікірлерге де жауап бергендей болды. Мәселен, «Ұлттық қордың қаржысы оңды-солды жұмсалып жатыр» деген көзқарастардың жиі айтылатынына тоқтала кеткен Мемлеке басшысы: «Мен Үкімет отырысында Ұлттық қор ел экономикасының бір бөлшегі екенін айттым. Кейбір шолушылар, қоғам қайраткерлері Үкіметтің Ұлттық қордан жиі әрі көп қаржы алатынын айтады. Бұл – қалыптасқан ахуалға байланысты қабылданған шешім. Осыған бола «дағдарысқа тап болдық» деп байбалам салатындай себеп көріп тұрған жоқпын. Қорды не үшін құрдық? Қор қаржысы мемлекеттік маңызы бар міндеттерден өзге мақсатқа жұмсалып жатса бір жөн»,– деп мәлімдеді.
Сонымен қатар Президент ұлттық экономика дағдарысқа ұшырағалы тұр деген күдіктерге де жауап берді: «Кейбір «сарапшылар» айтып жүргендей, ел экономикасының жағдайы соншалықты мүшкіл деген пікірмен келіспеймін. Салымыз суға кететіндей күйде емеспіз. Бірақ босаңсуға да болмайды. Иә, экономикада 4,8 пайыздық өсім бар. Үкімет отырысында мұның Қазақстан үшін жеткіліксіз екенін айттым».
ҚҚС – 16 пайыз
Президент бұдан да өзге өзекті бірқатар тақырыптарға тоқталып өтті. Мәселен – туризм. Шетелдіктер Қазақстанның табиғатына, ұлттық салт-дәстүрлер мен тарихи жәдігерлерге қызығушылық танытуда. Әйткенмен, туризмнің дамып тұрған тұсы шамалы. Қыруар қаржы жұмсалып отырғанымен, туристік сервистің кемшіліктері шаш етектен. Осы тұрғыда Үкімет туризмді дамытуға мейлінше көбірек инвестиция тарту үшін қосымша шараларды ұсынатын болады.
Тоқаев елде тұтынушылық несие көлемінің бір жылда 33 пайызға ұлғайғанын тілге тиек етті. Проблемалық борышкерлердің саны 1,5 миллион адамнан асты. Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керектігін білдірген Президент «бұл – аса өзекті саяси мәселе» екенін айтты.
Осы кездесу барысында Тоқаев отандық кәсіпкерлік саласын толғандырған ҚҚС ставкасы тақырыбында компромисті тапқан секілді. Президент Үкімет ұсынған 20 пайыздың тым жоғары екенін жеткізді. Бұған Бектеновтің командасы дайын отырғандай көрінді бізге. Әйтеуір, вице-премьер Жұманғаринның риторикасы бірден 16 пайыз төңірегіне түсе қалды. Қосымша құн салығына байланысты билік пен қоғам арасындағы саудаға осылайша нүкте қойылатын түрі бар. Өгіз де өлмеді, арба да сынбады. Дегенмен, мойындайық, Үкімет алдағы жылдарда (бюджет дефициті тағы да қинай бастағанда) ҚҚС-ты 20 пайызға жеткізетіндей «запас» қалдырып отырғандай әсердеміз.
Б.ҚАЛДЫБЕК