Айнабеков ай қарап жүр ме?
Бүгін, 19-ақпанда ақшам мезгілде өтетін сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының он бесінші сессиясында есебі тыңдалатын Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабековке айтылар сын көп болып тұр. Өйткені бұған дейін облыстық мәслихат депутаттары тұрақты комиссия мәжілісінде есеп берген басқарма басшысы Марат Айнабековке «бұл салада өте өзекті мәселелер ушыққанына дабыл қақпай ай қарап, шошқа тағалап жүрсіз бе?» деген ауыр сауалды қабырғасынан қойды. Өте өзекті мәселе талданар, талқыланар тұста бұл басқарманың жұмысын үйлестіруге жауапты облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаевтың тұрақты комиссия жиынына қатыспауы еркелік пе, еркінсігендік пе?
Жыл қорытындысы бойынша қаржыны дұрыс игере алмай бір сөгіс естіп, өткен қаңтар айының соңында ғана облыс әкімдігіндегі жиында осы басқарманың негізгі жұмысы – интернет сапасына сын көптігіне байланысты облыс әкімі Нұралхан Көшеровтен екінші рет қатаң ескерту алғаны аздай үшінші рет міне, депутаттар дау туындатып жатса Айнабековтің ендігі тағдырын не күтіп тұрғанын ептеп болжауға да болады. Кім білсін, «көтере алмас шоқпарды беліне байлаған», осы басқарма басшылығына тағайындалғанына екі күннен кейін тоғыз ай толатын Марат Фаритұлы тоғыз ай сайын жұмысынан босап кететін әдеттегі дәстүрінен жаңылмай берген есебі депутаттармен қатар облыс әкімі Көшеровтің де көңілінен шықпай абыройсыз жағдайда атынан ауып түсуі әбден мүмкін.
Тоғыз ай сайын дегенімізді түсіндіріп айтсақ, Марат Айнабековтің Түркістандағы еңбек жолы 2022 жылы 23 қарашада облыс әкіміне кеңесші болудан басталып, келер жылы 13 шілдеде, яғни тоғыз айға да толмай жұмыс ауыстырған. Одан кейін Жетісай ауданы әкімінің орынбасары болып он айға толар-толмас ол жақтан да ізін суытқан. Тақырыпқа қайта оралсақ, басқарма басшысы Айнабековті депутаттардың сынға алуына дәлел-дәйек жетерлік. Тарқатып айтайық.
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішевтің өкімімен сессияда есебі тыңдалатын басқармалардың жұмысына зерделеу жүргізу үшін алдын ала уақытша депутаттық комиссия құрып, сол салаға қарасты мекемелердің жай-күйімен танысу дәстүрге айналған. Өкінішке қарай, архив мекемелерінің адам шошырлық апатты жағдайда екеніне депутаттарға дейін жауапты шенеуніктердің дабыл қақпай, мәселе көтермей келгені түсініксіз. Айғаққа жүгінсек.
Төле би аудандық мемлекеттік архиві ғимаратының бүгінгі халі тым мүшкіл, тіпті қирап құлаудың аз-ақ алдында тұр. Өткен ғасырдың 40-шы жылдары салынған шағын ғимараттың іргетасы жоқ. Қам кірпішпен қаланған ғимарат біраздан бері жарамсыз күйде. Жауын-шашынды күндері төбеден су өтіп, сылақтары құлауда. Мұндай жағдайда көздің қарашығындай сақталуы тиіс тарихи құжаттар тоз-тозы шығып бүлінбегенде қайтсін? Едендері быт-шыт жарамсыз, қабырғалары жарылған. Ең сорақысы, 9 жылдан бері бұл мекеме құжаттарды архивке қабылдау ісін мүлдем тоқтатқан екен. Себебі апатты жағдайдағы ғимараттың архив қоймалары әлдеқашан толып, аудан аумағындағы мекемелердің 75 жыл сақталуы тиіс құжаттарды қабылдауға орын жоқ. Қызметкерлердің өзі отыратын жер таппай, ғимараттың жанынан жапсарлас салынған кабинеттерге жайғасыпты. Демек, мекемелердің өздерінде сақталып тұрған құжаттардың ерте ме, кеш пе жойылып кету қаупі бар. Мемлекеттік маңызы бар құжаттар жоғалып жатса, оның сұрауы кімнен болмақ?
Халыққа қызмет көрсететін мекеме болғандықтан мұнда түрлі мәселелермен аудан тұрғындары жиі келеді. Орталық көшелерден жырақ, көлік жүрмейтін тұйыққа орналасқан ғимаратты жұрт таба алмай сандалатыны бар. Жаңа ғимарат салатын жер телімі жоқ. Сондықтан аудан орталығындағы бір ыңғайлы ғимаратты 60 миллион теңгеге сатып алу жолы қарастырылып, келіссөздер жүргізілуде. Осы қаржыны бюджеттен бөлу жақын арада шешілмесе, апатты деген ғимарат күні ертең қирап, құлап түсіп күллі елге масқара болмаудың шұғыл алдын алу қажет.
Қазығұрт аудандық архивінің ғимараты да апатты жағдайда. Төбеден су өтіп сылақтары құлаудан тарихи құжаттар бұл жақта да бүлініп талапқа сай сақтау мүмкін болмауда. Бір артықшылығы Қазығұртта архив ғимаратын жаңадан салуға 2023 жылдың соңында аудан орталығынан жер телімі беріліп, мемлекеттік актісі алынған. Болашақта салынатын ғимараттың жобалық сметалық құжатын әзірлеуге қаржы сұралған өтініш өткен жылдан бері шешімін таппай келеді.
Айнабеков жетекшілік ететін басқармаға жүктелген үлкен міндеттің бірі – интернет сапасына қатысты. Мәселен, Төле би ауданына KCell/Aktіv операторының 15 елді мекенде, Altel/Tele2 операторы – 27 ауылда, ал Beelіne желісінің 9 ауылдағы интернетінің сапасы 2G байланысымен ғана шектелетінін ынталы топ әр елді мекенді әдейі аралап жүріп анықтаған. Жаңакүш ауылы мен Шахта Тоғыс елді мекенінде интернет байланыс мүлдем жоқ. 2G стандарты деген аты ғана болмаса шын мәнінде интернет байланысының жоқтығын білдіреді. Ал облыстық басқарманың басшысы Айнабеков депутаттарға «аймақтардағы интернеттің сапасы жақсы, 3G мен 4G сигнал ұстап тұр» деген мәлімет берген. Тексерілмеген, шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат, тек қағаз жүзіндегі керемет кімге керек?
27 қаңтарда облыстағы интернет сапасы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында қаралған болатын. Мобильді интернет сапасына халықтың тарапынан сынның көптігін алға тартқан облыс басшысы осы мәселені шешу үшін нақты ұсыныстар беруді, ғаламтор сапасы нашар елді мекендердегі мәселені шешуді тапсырған еді. Ал Айнабеков болса әкімнің әлгі ескертуінен кейін ес жиып депутаттармен өзекті мәселелерді өзара бірлесіп шешудің, шындықты айтудың орнына «жауырды жаба тоқуға» жанталасқаны Әділетті Қазақстанға жарасатын тірлік пе?
Жалпы, цифрландыру Мемлекет басшысының өзі ерекше бақылауға алған сала. Күрмеуі қиын саладағы түйткілді мәселені білікті кадрлардың шешетіні айтпаса да түсінікті ғой. Алайда Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының басшылығына Марат Айнабеков кездейсоқ келіп қалғаны анық. Себебі басқарма басшысының еңбек жолы Астанадағы «Тіл академиясы» деген мекемеде басталған. Цифрландыру, архив Айнабековтің тісі батпаған, тәжірибе жинамаған саласы десек қателеспейміз. Тәртіпке қатал облыс әкімі тарапынан басқарма басшысының тоғыз айдағы есебі қалай бағаланады? Әліптің артын бағалық.
«Рейтинг» газеті, 19 ақпан, 2025 жыл.