Бахадыр Нарымбетов төрағалықты тапсырды
Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезектен тыс конференциясы өтті. Жиын барысында Шымкент қалалық партия филиалының төрағасы болып Жолдыхожаев Мұрат Жаңабайұлы тағайындалды.
Партия филиалының төрағалығын осы уақытқа дейін ұстаған Бахадыр Нарымбетов әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды:
-- “AMANAT” партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағалығын абыроймен табыстадым. Өздеріңіз білетіндей соңғы жылдары Мәслихат төрағалымен қатар, партия филиалының төрағалығын қатар жүргізіп келдім. Партияның “Қарыссыз қоғам”,”Жер аманаты”, “Ауыл аманаты”,”әкімдер мектебі” “құқықтық көмек” т.б. көптеген маңызды жобалары тиімділігін көрсетіп, Мемлекет басшысы тарапынан да, қарапайым қазақстандықтар тарапынан да жоғары бағалануда. Алдағы уақытта бұл жобалардың ауқымы кеңейіп, жаңа екпінмен жүзеге асыру жоспарланған. Ал бұл жұмыстарды күнделікті бақылап, сапалы орындау көптеген уақытты талап ететіні анық.
Сонымен қатар, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Астанада өткен депутаттар форумында Мәслихаттар жұмысын жандандырып, тұрғындармен кері байланысты күшейту және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында жаңа форматтар қолдануды, әкімдіктермен бірге тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, өңірдің экономикасын дамытуға аянбай еңбек етуді міндеттеген. Маңызды және ауқымды жұмыс. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды Мәслихат төрағасы ретінде әріптестермен, депутаттармен бірге “ Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып “ демекші жоғары деңгейде орындайтынымызға сенімдімін.
Сондықтан да, партия басшылығының бұл шешімін өте дұрыс деп санаймын. Партия төрағасы Қошанов Ерлан Жақанұлына күрделі кезеңде маған білдірген сенімдеріне және атқарған еңбегімді елеп жолдаған алғыс сөздері мен игі тілектері үшін ризашылығымды білдіремін! Мұрат Жаңабайұлын Еліміздің басты партиясының қалалық филиалы төрағасы болып сайлануымен құттықтаймын.
Үлкен сенім. Жауапты қызметті абыроймен атқаруына тілектеспін.