Мерлан Керімжанов: Мақсатымыз – ғимараттарды бұзу емес, талапқа сәйкестендіру
«Рейтинг» қойған сауал:
Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Мерлан Керімжанов 2024 жылы атқарылған жұмыстары жайлы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Былтыр қарашада дәл осы басқарма қаладағы «сатып алуға кеңес берілмейтін» сапасыз үйлердің «қара тізімін» жариялаған болатын. Осы орайда «Рейтинг» тілшісі басқарма басшысына: «Бұл тізімде қазір қандай да бір өзгерістер бар ма? Тұрғын үйлерден табылған кемшіліктер ретке келтірілетін кемшіліктер ме, әлде сүрілу керек пе? Бәрібір аталған үйлерде адамдар тұратын болады. Болашақта олардың өміріне қауіп төнбей ме?», – деген сауал қойған еді.
М.Керімжановтың сөзіне сенсек, басқарманың мақсаты «қара тізімдегі» үйлердің бәрін бұзып-талқандау емес, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, негізгі талаптарға сәйкестендіру екен. Тіпті тізімдегі 4 үй қайта пайдалануға беруге әзір тұрған көрінеді.
– Құрылыс жұмыстары дұрыс жүргізілмегендіктен біз аталған «қара тізімді» жарияладық. Салынып жатқан ғимараттарды бұзу жайлы сотқа талап-арыз беріп жатқанда, халықтың біразы сол тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға ниетті екендігін білдірді. Тиісті қаражаттарын құйып қойған екен. Сол себепті, біздің басты мақсатымыз – ол ғимараттарды бұзу емес, талапқа сәйкестендіру. Ол тізімде жаңылмасам 6 нысан болған. Сол 6 нысанның төртеуі қазіргі таңда өз құжаттарын рәсімдеп, Алматыда орналасқан «КазНИИСА» деген зертханалық жұмыстар жүргізетін мекеменің тиісті мамандарын шақырып, техникалық сараптама жүргізілді. Қазіргі таңда сол төрт нысан пайдалануға берілуге сәйкес болып отыр. Қалған екі нысан тарапынан негізгі жұмыстар атқарылып жатыр. Одан бөлек, мониторинг жұмыстарын жүргізу нәтижесінде осы секілді талапқа сай емес тағы 10 тұрғын үй анықталып отыр. Ол жайлы қосымша мәлімет жариялайтын боламыз. Бұл ақпаратты шығарудағы негізгі мақсат –тұрғындардың мемлекеттік кепілдемесі бар үйлерді ғана сатып алуына ықпал ету. Себебі мемлекет тарапынан кепілдік берілмесе, ғимараттың әрі қарай аяқталуына, мердігердің қаржысы бар-жоғы туралы мәлімет те ешқандай кепіл бола алмайды, – деді Мерлан Әбдірахманұлы.