Жолдықараевтың отставкісі... Немесе Олимпиададағы сәтсіздіктен соң спорт саласына батыл өзгеріс кер
Париж Олимпиадасының у-шуы әлі басылмай жатыр. Қазір екі адамның басы қосылса, айтылатын әңгіме Олимпиададағы қазақстандық спортшылардың сәтсіздігіне барып тіреледі. Расында да қорытынды есепте еліміз Эквадор, Эфиопия сияқты елдердің арғы-бергі жағынан орын алды. Дәлірегі 1 алтын, 3 күміс, 3 қоламен 43 орынға табан тіредік. Жағдайымыз төрткөл дүние көз тіккен осы додада ешқандай медаль алмаған Түркіменстан мен Ауғанстаннан жақсырақ, әрине. Ең бастысы, бұл жолғы нәтиже өңшең қолаға қанағат тұтқан Токио Олимпиадасына қарағанда тәуір. Дегенмен спортшыларымыздың өз деңгейінен, ел күткен биіктен көріне алмағанын мойындау керек. Біреулер Париждегі сәтсіздіктерді спортшылардың жігерсіздігіне апарып тіресе, бірі – бапкерлерге, енді бірі спорт саласындағы жемқорлықпен байланыстыруда...
Париж – Түркістан облысының екінші Олимпиадасы. 2021 жылы Токиода да бір қолаға қол жеткізген едік. Бұл жолы Түркістан жүлдесіз қалды. Алға қойған арман-мақсаттар көп болатын. Тіпті спортшыларымыз осы Олимпиадада алтын алып, елдің мерейін көтеріп тастайтындай көрінген еді. Алайда Түркістан облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев бастаған спорт саласында жүрген басшылар көпшіліктің үміт отын су сепкендей басты.
Еске сала кетейік, 2021 жылы өткен Токио Олимпиадасында Қазақстан өз тарихында ең нашар нәтиже көрсетті. Осы жеңілістен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді. Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек» деген болатын.
Алайда содан бергі аралықта Түркістан облысының спорты қателіктерден сабақ алып, халықтың үмітін ақтаудың орнына сыбайлас жемқорлықпен, қазына қаржысын оңды-солды шашумен көзге түсті десек, артық айтқанымыз емес шығар. Сол 2021 жылдың соңында облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының сол кездегі басшысы бастаған қылмыстық топ сот алдында тиісті жазасын алды. Басқарманың басшысымен бірге екі бөлім жетекшісі және аға жаттықтырушы сотталды. Сот үкіміне қарасаңыз, жағаңызды ұстайсыз. Сыбайластар спорт саласына бөлінген миллиондарды талан-таражға салған. Ақшаны спортшы балалардың тамағына бөлінген қаражаттан да жымқырған. Басқарма спортшылардың оқу-жаттығу жиынын өткізу жөнінде бұйрық шығарады. Осы бұйрық негізінде жиынға қатысатын спортшылардың тамағына деп миллиондап қаражат бөлінген. Банк картасына түскен ақшаны сыбайластар өзара бөлісіп, жымқырып отырған. Жемқорлар қаржының игерілгені жөнінде құжаттарды туралап отыруды да ұмытпаған. Дәл осындай 19 факті анықталған. Әр оқу-жаттығу жиынына 1 миллион 80 мың теңгеден бөлінген. Шын мәнінде ешқандай оқу-жаттығу өтпеген. Бас-аяғы 19 факті бойынша бөлім басшысы мен аға жаттықтырушының жеген қаржысының көлемі 20 миллион теңгеден асады. Бұдан бөлек олар аудан, қалалық спорт мектептеріндегі спортшыларды оқу-жаттығу жиындарына алып келген жаттықтырушылардан да ақша алған. Ақша спортшылардың тамағына деп, жаттықтырушылардың есеп-шотына түскен. Бұл ақшаның жартысы (60 пайызына дейін) жемқорлардың жемсауында кетіп отырған. Бұдан бөлек басқармадағы ұйымдасқан қылмыстық топ спартакиадаларды өткізуге бөлінген қаражаттарды да миллиондап жымқырған.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушілері Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысын осы қылмыстық істің басты ұйымдастырушысы деп танығанымен, сотта ол дәлелденбеді. Басқарма басшысы тек салғырттық бабы бойынша кінәлі деп танылды. Сотталушылардың ішінде тек бір қызметкер жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Қалғандары шартты жазамен құтылды. Бұдан кейін Дене шынықтыру және спорт басқармасының тізгінін ұстаған жаңа басшы Қанат Жолдықараевтың тұсында да спорт саласы дау-дамайдан көз ашпай келеді.
Жуырда аталған басқармада сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, оның нәтижелері біраз шындықтың бетін ашты. Осы тексеру Жолдықараев жетекшілік ететін басқарманың кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруды қайта қарау арқылы, қаржыны негізінен балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық спортты дамытуға жұмсау туралы Президент Тоқаевтың тапсырмасына атүсті қарайтынын көрсетіп берді. Соңғы 6 жылда облыста жоғары жетістіктер спортына 80,5 млрд теңге, ал бұқаралық спорт түрлеріне 2,3 миллиард теңге (немесе барлық соманың небәрі 2,8 пайызы) бөлінген. Ақшаның көбі футболдың төңірегінен ұзамаған. Оның өзі де ақылға қонымсыз. Күдікті, күмәнді жәйттар көп. Соңғы 3 жылда футболға бөлінген 9,3 млрд теңгенің 4,6 млрд теңгесі «Тұран» футбол клубына қаралған. Бөлінген қаражаттар тиімсіз игерілген. Мысалы, өткен жылғы маусымда бірінші лигада өнер көрсеткен «Тұран» Түркияда 114 млн теңгеге оқу-жаттығу жиынын өткізген. Ал, премьер-лигада ойнаған «Мақтаарал» футбол клубы сол маусымда 3 есе аз қаржы, яғни 36 млн теңге жұмсаған. 2023 жылы «Тұранның» премьер-лигаға шығуына 1,5 млрд теңге бюджет қаражаты жаратылған. Ал, «Мақтааралға» осындай мақсатқа жету үшін 2021 жылы 6 есе аз қаражат (225 млн) жұмсаған. Бұдан басқа, футбол клубының басшылығы 2021-2023 жылдары аралығында 2,9 млрд теңгеден астам қаржыға негізсіз жоғары жалақы белгілеген. Мысалы, 21 ойыншы ай сайын 2-3,6 млн теңге, 4 қызметкер 1,4-тен 7,6 млн теңгеге дейін, клуб директоры 1,8 млн теңге мөлшерінде жалақы алып отырған.
Ақша көп жерде қитұрқылықтардың да қатар жүретіні белгілі ғой. Спорттың тізгінін ұстаған басшылар ақшаны игерудің мынандай «тың тәсілдерін» ойлап тапқан. Олар командаға өз елінде шеттетіле бастаған шетелдік ойыншылар шақырады да оларға жоғары сомадағы жалақы белгілейді. Көп өтпей ол ойыншының командаға «пайдасы» жоқтығы «анықталып» келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатады. Осыдан кейін оған қомақты мөлшерде өтемақы төлейді. Мысалы, «Тұранға» бас жаттықтырушы Ресейден шақырылады. Оған 5,3 млн теңге жалақы белгілейді. Ал, ол тек 4 ойын дайындап, кейіннен келісімшарты мерзімінен бұрын бұзылған. Осыдан кейін оған келісімшартқа сәйкес өтемақы ретінде 15,9 млн теңге төленген. Әзербайжаннан келген азаматқа 7,6 млн теңге жалақы белгіленіп, ол тек 2 ойынға қатысқан. Кейінірек келісімшарт мерзімінен бұрын бұзылғаны үшін оған 30 млн теңге берілген. Бұл талдау барысында анықталған бір-екі дерек ғана. Сонымен қатар, «COVІD-19» пандемиясы кезеңінде жалпы сомасы 669 млн теңгеге 197 жалған оқу-жаттығу жиындары «өткен».
Облыстың спорт саласындағы өрескел кемшіліктер, кешірілмейтін келеңсіз жәйттар биыл мәслихатта көтеріліп, депутаттар тарапынан қызу талқыланған. Басқарма басшысының жауапкершілік мәселесі майшаммен қаралды. Сол кездері кәдімгідей қыспаққа іліккен Қанат Жолдықараевтың ақталған сөздерін, жасаған іс-әрекеттерін қысқаша түйіндеп айтсақ, облыстың спорт саласындағы келеңсіздіктердің орны мен бәсекелерде кеткен есесі алдағы Олимпиадада толатынына сендіргендей болған еді. Өкінішке қарай, бұл үміт ақталмай адыра қалды.
Өткен Токио Олимпиадасына облыстан 5 спортшы аттанып, оның ішінде боксшымыз Сәкен Бибосынов қола медальмен оралған болатын. Париж Олимпиадасына Түркістан тағы бес спортшыны аттандырды. Атап айтқанда, олар – бокстан ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Сәкен Бибосынов пен Мұхамедсабыр Базарбайұлы, ескек есуден Владислав Яковлев, байдарка және каноэде есуден Бекарыс Раматулла, бадминтоннан Дмитрий Панарин. Өкінішке қарай, бұлардың ешқайсысы да жүлде ала алмады. Айтпақшы, облыс спортының үкілегені үміті, 2022 жылы Түркияда өткен жарыста топ жарып, былтыр Азия чемпионы атанған жүзгіш спортшымыз Аделаида Пчелинцеваның Париж Олимпиадасының жолдамасын иелене алмағаны әлі күнге дейін түсініксіз. Жалпы осы Олимпиадаға Қазақстанның 80 жолдама алғаны белгілі. Соның ішінде 5 жолдама ғана Түркістан облысына тиесілі. Әрине, мүлдем жолдама алмаған облыстар да бар. Бірақ, 2 миллионнан астам халқы бар, спортқа миллиардтап қаражат бөліп отырған Түркістан облысы үшін 5 жолдама аз ба, әлде көп пе? Спортшының тамағынан ақша жымқыратын, бөлінген қаражаттарды оңды-солды шашатын облыстан чемпион шыға ма? Сіз қалай ойлайсыз?
Париж Олимпиадасының қорытындысы біздің Түркістан облысында да алқалы жиында жан-жақты талқыланатын шығар. Қандай шешім қабылданады? Облыс спортын өрге сүйрей алмай соңғы жылдары жиі сыналып жүрген Қанат Жолдықараев өзінің Олимпиададан олжа алып абыройды сақтап қалу үміті ақталмаған соң енді отставкіге өз еркімен арыз бере ме? Тағы мүмкіндік берейік дейтіндей облыстың спорт саласын басқарғанына бір-екі жыл емес, одан әлдеқайда көп болды. Өңірдің спорт саласының жұмысын қадағалайтын облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың су жаңа кадр екенін ескерсек, ол да жұрттың сенімінен шығу үшін жаңалық жасайтын, оң өзгеріс әкелетін батыл қадамға баруы әбден мүмкін. Әліптің артын бағып көрейік.
«Рейтинг» газеті, 14 тамыз 2027 жыл.