«Бухгалтерлер ісі» бойынша тергеу аяқталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Түркістан облысы бойынша департаменті Шардара ауданы Білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру мақсатында ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған қатысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
Тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ 2020-2023 жылдар аралығында Шардара ауданының аумағында заңсыз әрекеттермен айналысты және 12 қатысушыдан тұрды.
Олар жүйелі негізде білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақы аудару арқылы аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды.
Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келтірілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды, күдіктілер іс материалдарымен танысуда.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының ережелеріне сәйкес өзге де ақпарат таратылуға жатпайды.