Әйтеновтің үш өтірігі. "BI Group" салып беретін мектеп пен емхана қайда?
«Ескі Қазақстанның» қитұрқы іс-әрекеті». Шымкентке келген белгілі заңгер, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек осыдан екі-үш жыл бұрын, Шымкент қаласы әкімдігінің қырық жылдық тарихы бар ипподромды талқандап, жерін алпауыт «BI Group» компаниясына элиталық тұрғын үй кешенін салуға беріп жібергеніне осылай баға берді. Депутат ипподромның жерін мемлекетке қайтару жұмыстарына әлі нүкте қойылмағанын, Бас прокуратура арқылы сот шешімін бұздыруға күш салатынын мәлім етті. «Рейтинг» газетінің тілшісіне берген сұхбатында ол осыған қатысты біраз мән-жайды баяндады.
- Мен мұны «Ескі Қазақстанның» қитұрқы іс-әрекеті деп есептеймін. Ескі ипподромның жерін Шымкент қалалық әкімдігі 2019 жылы «Жас НС» деп аталатын серіктестікке инвестициялық-инновациялық жобаларды іске асыру үшін «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы берген. Кәсіпкерлік кодексі бойынша инвестициялық-инновациялық жобаларға өнеркәсіптік жобалар ғана кіреді. Тұрғын үй оған кірмейді. Мен мәселе көтерген соң, Жер ресурстарын басқару комитетінің Шымкенттегі департаменті тексеру жүргізді, заңбұзушылықтарды анықтады. Сотқа талап арыз берілді. Алғашқы сатыдағы сотта талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылды. Сот түсініксіз жағдайда тұрғын үй салуды инвестициялық жоба деп тапты. Мен онымен келіскен жоқпын. Шешім сот кабинетіне апелляциялық шағым беру мерзіміне бір күн қалған кезде жарияланды. Яғни, шағым беруге мүмкіндік берген жоқ. Өкінішке қарай, қазір ескі ипподромның орнына тұрғын салып тастаған. Әрине, сот шешімі ел игілігіне қарсы жасалса да біз оны мойындауымыз керек. Бірақ күрес осымен аяқталды деп есептемеймін. Апелляциялық шағым беру беру мерзімін қалпына келтіру үшін Бас прокуратурамен бірлесіп атқарылатын жұмыстарды жоспарлаймыз. Бірақ өз басым сот төрелігімен келіспеймін. Себебі халық демалатын, серуендейтін жерінен айырылды,-деді депутат.
Депутат «Ескі Қазақстан» деп кімдерді атап отыр? Мұрат Әйтеновты ме әлде «BI Group» компаниясының басшысы Айдын Рахымбаевты ма? Біз Бақытжан Базарбектен халықтың игілігіне қарсы жасалған осы шешімнің артында тұрғандардың нақты атын атауды сұрандық.
- Қаулы Мұрат Әйтеновтың кезінде қабылданған. Жер «BI Group» компаниясына қарасты серіктестікке берілген. Қаулы ресми түрде заңсыз деп танылған жоқ. Мұндай жағдайда шенеуніктерді заңды бұзды деп айта алмаймыз,-деді Б.Базарбек.
Алайда ипподромды талқандап, қитұрқы іс-әркеттермен алпауыт компанияның қанжығасына байлап берген Мұрат Әйтеновтың мұртын балта шапқан жоқ. Оның Шымкент қаласы әкімі қызметінен былтыр қыркүйектегі үлкен ауыс-түйістің кезінде кеткені белгілі. Әйтенов кетті, артында дау-дамайлар, орындалмаған уәделер қалды. Алайда бұл үшін Әйтеновты іздеп жатқан ешкім жоқ. «Ескі Қазақстанның» жарқын өкілі Айдын Рахымбаевтың да қылы да қисайған жоқ. «Жаңа Қазақстанмен» тіл табысып, тірлігін дөңгелетіп жатқаны бесенеден белгілі. Қайбір жылдары «BI Group»-қа Мәжіліс депутаттары шүйлігіп, оның Түркістанда, пандемияның кезінде салған госпитальдарына қатысты тексеру жүргізуді талап етіп еді. Бәрі бос сөз болып қалды.
2021 жылы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ипподромның орнына заманауи тұрғын үй кешенін салу үшін қоғамдың тыңдаудың өткізгені белгілі. Сол кезде шымкенттік шенеуніктердің халыққа берген уәделеріне қатысты ақиқат пен «аңыздың» ара-жігін ажырататын кез келген сияқты. Соныменен...
Бірінші өтірік: --«Ипподромның орнына тұрғын үй салатын «BI Group» Шымкентке 135 миллиард теңге инвестиция салады». Алайда бұл ақпарат қисынға келе ме? Неге десеңіз, осы уақыт аралығында «BI Group» компаниясы Шымкенттен ақша әкетпесе, сырттан қаржы тартқан жоқ. Өңшең ығай мен сығайларға, қалталыларға арналған тұрғын үйлерді халықтың, үлескерлердің қаржысына салды. Оның үстінен өзінің пайдасын алып кетті. Сонда 135 миллиард теңге инвестиция қайда?
Екінші өтірік-- «BI Group» қалаға атшабардан бөлек, заманауи тұрғын үй кешені аумағынан мектеп пен емхана, «Шымситиге» жалғасып кететін променад (аллея немесе бірнеше жерінде фонтондары бар рекреациялық аймақ) және Дендропаркке өтетін жаяу жүргіншілерге арналған велокөпір салып береді» Алайда компания Бозарық елді мекенінен жаңа иппордромнан басқа ештеңе салған жоқ.
Үшінші өтірік--«BI Group» осы жобаларды атқару барысында бюджетке өте көп көлемде салық төлейді». Алайда атшабардың орнына тұрғын үй салуды «BI Group» өзі емес, жоғарыда аты аталған «Жас НС» серіктестігіне берген. Ал, ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, «Жас НС» ЖШС 2021 жылдың наурызында Шымкент қаласында құрылыспен айналысатын шағын кәсіпорын ретінде тіркелген. Қызметкерлердің саны 5-еу деп көрсетілген. 2022 жылы ол бюджетке 12 миллион теңгеден астам салық төлеген екен. Мұндай салықты қазір екі компанияның бірі төлейді емес пе?
Халыққа осындай өтірік айтудың Әйтенов пен оның командасына не үшін қажет болды? Бұл үшін енді кім жауап береді?
"Рейтинг" газеті 24 қаңтар 2024 жыл.