Мырзахметовке Әлтаевты ұстап беру не үшін қажет болды?
Өткен аптада Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы былтыр қарашада «аса ірі көлемде пара алды» деген айып бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылған Нұржан Әлтаевтың берген шағымын қарады. Алқа алғашқы сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Біз апелляциялық алқаның қаулысымен танысып шығып, Әлтаевқа қатысты істің мән-жайын білген едік.
Нұржан Әлтаев уақтысында Оңтүстік Қазақстан облысында басқарма басшысы, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының облыстағы филиалына жетекшілік жасаған. Бұдан кейінгі жылдары Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі лауазымдарын атқарды. Соңғы жылдары «Нұр Отанның» атынан Мәжіліс депуты болып сайланды. Әлтаевтың жұрт күтпеген мінез көрсетуі осы кезден басталды. Ол Үкіметті аяусыз сынағаннан кейін партиядан да, Мәжіліс депутаттығынан да кетті. Бұдан кейін «Ел тірегі» деп аталатын ұйымын партияға айналдырды. Бірақ оны билік тіркемеді. Әлтаев 2022 жылы президент сайлауына қатысуға ниет білдірген, алайда айқай-шулардан кейін Орталық сайлау комиссиясы оның кандидатурасын тіркеуден бас тартты. Ақыр соңында билікпен текетіресіп жүрген Әлтаевтың былтыр маусымда пара алды деген айыппен ұсталғаны белгілі.
Апелляциялық алқаның қаулысына қарағанда, Әлтаевқа 2018-2020 жылдар аралығында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жетекшісі Абылай Мырзахметовтен Әміров деген азамат арқылы 50 миллион 116 мың теңге көлемінде пара алды деген айып тағылған. Бұл кездері Әлтаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорау вице-министрі, Мәжіліс депутаты болған. Бұл істегі ең басты куәгері-- Абылай Мырзахметовтің өзі.
Куәгер А.Мырзахметов Әміров арқылы 2018 жылдың 28 ақпанынан 2019 жылдың 9 қаңтары аралығында және 2019 жылдың 1 наурызынан бастап 2020 жылдың 1 шілдесі аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, Мәжіліс депутаты лауазымдарын атқарған Нұржан Әлтаевқа жалпы көлемі 50 116 020 теңге пара бергенін мәлім еткен.
Сотта куәгер Әміров 2018-2020 жылдар аралығында Абылай Мырзахметовтың өтініші бойынша Әлтаевқа өзінің жүргізушісі арқылы ай сайын 5 мың доллар көлемінде пара бергенін, әр берген сайын ол туралы күнделігіне белгі қалдырып отырғаны айтқан. Ақша конвертке салынып, Әлтаевқа Астана қаласының әр жерінде берілген. Кейін ол күнделікті тергеу органдарына тапсырған. Сотта оның бұл сөздерін жүргізушісі де растаған. Сонымен бірге осы уақыт аралығында Әлтаев пен Әміров екеуінің арасында WhatsApp мессенджері арқылы жазылған хабарламалар да дәлел ретінде қарастырылған. Ал Мырзахметов Әлтаевқа ай сайын 5 мың долларды не үшін беріп отырған?
Тергеу орындарының тұжырымына қарағанда, Әлтаев билікте жүріп, «Атамекеннің» мүддесін қорғап отырған. «Атамекен» 2017 жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен кәсіпкерлікке оқыту үшін жыл сайын 2-3 миллиард теңге көлемінде тапсырыстар алып отырған. Әлтаев вице-министр, одан кейін депутат ретінде осы мәселені реттеп отырған көрінеді. Қисынға келе ме?
Абылай Мырзахметовтың былтыр мамырда кәсіпкерді аса ірі көлемде пара беруге итермеледі деген айып бойынша ұсталғаны белгілі (қазір оның соты басталды). Тергеу кезінде ол осыдан 4-5 жыл бұрын Нұржан Әлтаевқа 50 миллион теңге пара бергенін мәлімдемегенде, бұл іске куәлік етпегенде бәрі «жабулы қазан жабулы» күйінде қалар ма еді?! Мырзахметовке Әлтаевтың ұстап беру не үшін қажет болды? Әлде ол құзырлы органдармен келісім жасады ма? Ол қандай келісім? Қалай десеңіз де Әлтаевтың сотталуының арғы жағында биліктің тапсырысы жатыры ма деген күдіктің құлағы қылтияды.
Айтпақшы апелляциялық сотта Әлтаевтың және оның адвокаттарының шағымында келтірген уәждерінің бәрі негізсіз деп табылды. Үкім күшіне енді. Енді Әлтаевта Жоғарғы сотқа кассациялық шағым беру құқығы ғана қалып тұр.