Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Бір топ Мәжіліс депутаттары премьер Әлихан Смайыловқа спорт саласындағы былықтар туралы тағы да хат жолдады.
- Қазақстан Жоғары жетістіктер спортына жыл сайын бюджеттен 775 миллион доллар бөліп отыр. Мынау не масқара? Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда спортқа жылына 775 миллион доллар бөлу сау адамның ақылына сия ма? Ең сорақысы, қисапсыз ақша бөлгенмен жеткен жетістігіміз де жоқ. Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен Жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп 92 мемлекеттің ішінде 83-ші орын алды. Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыстырып айтайын, Жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланды Токиодағы олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал Жоғары жетістіктер спортына 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біздің түріміз анау, 775 миллион долларды спортқа бөліп 8 қоламен келдік. Жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11 орынмен оралғанымызды және қосыңыз бұған. Бұл бір. Екінші мәселе, Қазақстандағы спортқа жауапты министрлік 180-нен астам спорт түрін ресми тіркеп, оған бюджеттен қыруар ақша бөліп отыр. Соның тек 50-ге жуығы ғана жазғы олимпиада ойындарының тізіміне енген. Қалған 100-ден астам спорт түріне министрлік қай жетіскенінен бюджеттен ақша бөліп отыр? Ұлыбритания Олимпиада бағдарламасына кіретін тек 15 спорт түріне бюджеттен қаржы бөледі, Германия 18 спорт түріне қазынадан ақша береді, ал көршіміз Өзбекстан тек 17 спорт түріне бюджеттің қаржысын жұмсайды. Қазақстан қазынадан ақша бөлетін 180 спорт түрінің ішінде пенчак силат, спорттық балық аулау, биатл, триатл, петанк, текбол, унифайт, черлидинг дегендер жүр. Осылардың атын ел енді естіп отырған шығар. Айтпақшы Қазақстанның бюджетінен қаржы бөлінетін және бір спорт түрі бар, «спорт на пилоне» деген. Іздеп қараңыздар, министрлік бұған қалай қаржы бөліп отыр деп жаға ұстайсыздар сосын. Ал Ұлттық спортымыздың хәлі нешік дегенге келейік. Ұлттық спорт түрлерін қолдауға 2024 жылға бар болғаны 10 миллион 460 мың теңге бөлу жоспарланған. Өте аз. Мұны қалай түсінуге болады? Ол аздай, Қазақ күресін мазақ қылып турнир ұйымдастырып, оны жаһаға жариялағандар және бар. Тағы бір мәселе, Спорт және туризм министрлігінің бюджетін қарағанда құжаттың 311-ші бағдарламасында: «жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде шаруа, фермерлік қожалықтарды субсидиялауға 54 миллиард теңге қарастырылыпты. Министрлік шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтарға не үшін қаражат беріп отыр? Бұл сауалды комитет отырысында қойдық, бірақ жауап ала алмадық,- делінген хатта.
Хатта депутаттар сондай-ақ, кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеуді ұсынып отыр. Мысалы, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы мен «Астана» велокомандасына жылына «Самрұқ-Қазына»-дан 65 миллион доллар бөлінеді екен.